Бұл туралы облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракция жетекшісі Мұқаш Ескендіровтің төрағалық етуімен өткен фракция отырысында айтылды.
Басқосуда партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасының Жол картасынан туған міндеттерді іске асыру жайы сөз болды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша фракция мүшелеріне әуелі облыс әкімдігінің Білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов есеп берді. Басқарма басшысының орынбасары партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың алғашқы тоқсандағы нәтижелеріне тоқталды.
– Партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында биыл облыста 4 мектепті пайдалануға беру және 1 мектепке қосымша ғимарат салу және 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ 3 ауысымда оқытатын 3 мектептің мәселесі шешіледі. Бұдан бөлек, Тараз қаласында 300 орындық «Оқушылар сарайы» да іске қосылатын болады, – деді Талғат Салқанұлы.
Ал облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов сайлауалды бағдарламада көрсетілген денсаулық сақтау саласын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету, материалдық техникалық базаны жетілдіру, емдеу мекемелерін заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз ету бойынша қолға алынған жұмыстарды тілге тиек етті.
– Шілде айында Тараз қаласындағы 200 төсек-орындық облыстық онкологиялық диспансер пайдалануға берілмек. Сол арқылы біз Жол картасындағы ең маңызды тармақтарын орындауға қол жеткіземіз. Бұдан бөлек, ана мен бала өлімін және жалпы өлім көрсеткішін азайту жоспарланып отыр. Ең бастысы, коронавирустық инфекциямен нәтижелі күреске баса мән беріледі, – деді Хамит Саттарқұлұлы.
Жиында облыс әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ілесбек Амалов, облыс әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, облыстық жастар орталығының директоры Айбек Тәутен те баяндама жасады.
Фракция мүшелері тарапынан арнаулы білім беру ұйымдары түлектерінің жұмысқа орналасуы, балаларды мектепке қабылдаудың электронды жүйесі, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, білім беру мекемелеріндегі медициналық қызметті ұйымдастыру сынды мәселелер көтерілді.
Сондай-ақ фракция отырысында Сұлтан Өсербаев, Гулам Омаров, Зәуреш Қадырбеков, Бейбіт Ыстыбаев сынды облыстық мәслихаттың депутаттары да жыл басынан бері атқарған жұмыстарының есебін берді.