Jas Otan жастар қанатының жанынан Жас депутаттар корпусы ашылды
Jas Otan жастар қанатының жанынан Жас депутаттар корпусы ашылды

«Nur Otan» партиясының кезекті жиынында Жас депутаттар корпусы құрылып, жетекшісі болып Елнұр Бейсенбаев сайланды.

Жиында Жас депутаттар корпусының жетекшісі лауазымына жастар саясатында тәжірибесі мол, жастардың мәселелерін биік мінберлерде, алқалы жиындарда көтеріп жүрген соңғы сайлаудың нәтижесі бойынша, Парламент Мәжілісінің жас депутаты болған Елнұр Бейсенбаевтың кандидатурасы ұсынылды. Партия мүшелері оның кандидатуарасын бір ауыздан қолдады. Елнұр Бейсенбаев Жас депутаттар корпусының алдына қойған негізгі мақсатын айтты. "Қазақстандағы 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 3,7 миллион. 35 жасқа дейінгі жастардың саны 6 миллионнан асады. Әр саяси фракцияның жанында жұмыс істеп жүрген жастар біледі, әр партияның жұмысы сайлау аяқталғанан кейін ертесіне келесі сайлауға дайындықпен басталады. Ол менің сөзім емес, атақты саясаткерлердің сөзі. 18 бен 35 жас аралығындағы дауыс беру құқына ие жастардың саны 5,2 миллион. Дауыс берушілердің 42 пайызы жастар. Әр дауыс беруші азамат жастардың өкілі. Біздің партия - істің партиясы. Бас партия болу - жауапкершілікті мойнымызға арта білу, халықтың мәселесін дұрыс, оңтайлы шешу. Сол себепті жас партиялықтардың ортақ мақсаты мен міндеттері аясында әр жас депутаттың жеке жауапкершілігі мен тиімділігін арттыру мақсатында құрылып отырған корпус менің ойымша оңтайлы, дөп уақытында шешілген шешім деп есептеймін. Жиында «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей партиядағы жастардың үлесін айтты. "Мәжілісте – 76, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында 2701 мандатқа ие болдық. Оның 23%-ы – 35-ке толмаған жас депутаттар. 2019 жылы мәслихат депутаттарының арасындағы жастардың үлесі 7% болатын.  Осылайша, «Nur Otan» партиясы еліміздің болашағы – жастарға ерекше көңіл бөлетінін тағы бір рет дәлелдеп отыр. Партия басшылығы қойған талапқа сәйкес, «әлеуметтік саты» қағидасының арқасында 427 жас депутат (69%) былтыр өткен праймеризде іріктеуден өтіп, депутат атанды. Бұл – «Nur Otan» партиясының қайта жаңғыру бағдарламасының сәтті жүзеге асқанының көрінісі. Праймериз елдің түкпір-түкпіріндегі талапты, белсенді жастарға жол ашты. Бұған қоса, барлық жас депутаттардың 67%-ы – аудандық мәслихаттардың мүшесі екені қуантады. Жас депуттарымыздың 30%-ы – кәсіпкерлер, 21%-ы – білім беру саласының, 12%-ы – денсаулық сақтау саласының өкілдері. Жас корпустың 32%-ы – әйел азаматтар. Парламент Мәжілісіндегі алты депутатты қосқанда, 600-ден аса депутат елдегі 6 миллионға жуық жастардың сенімді өкілі. Сондықтан біз Сіздерді тәуелсіз мемлекетіміздің және қайта жаңарған «Nur Otan»-ның көшбасшы жастары, ертеңге деген сенімін арқалаған жаңа буын өкілдері деп санаймыз", - деді Әлібек Әлденей. «Nur Otan» партиясының хатшысы Жас депутаттар корпусының алдында тұрған бірқатар міндеттерді атады. "Бірінші. «Nur Otan» Партиясының сайлауалды уәделерінің уақытылы әрі толықтай орындалуын қадағалау барлық деңгейдегі депутаттарға жүктеліп отыр. Бұл жұмысты үйлестіру үшін республикалық, өңірлік және аудандық қоғамдық кеңестер құрылғанын білесіздер. Республикалық және 216 өңірлік бағдарламаның орындалу барысын бақылау үшін осы қоғамдық кеңестердің жұмысына белсене араласу қажет. Бұл – Сіздер үшін аға буын депутаттармен тәжірибе алмасудың үлкен мектебі болады. Партия жанындағы Кеңестер – қоғамдағы өзекті, өткір мәселелерді талқылайтын ашық алаңқайға айналады, бұл –барлық саладағы тәжірибелі мамандарды, зиялы қауым өкілдерін, қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал ететін беделді тұлғалардың басын қосатын орта. Сіздердің араларыңызда бұрын депутат болмаған 480-нен аса жас бар екен (78%), жас корпустың бестен бірі (126 адам) – депутаттыққа қайта сайланған жастар. Сондықтан бір-біріңізден үйреніп, білім мен тәжірибе алмасып, ортақ мақсатқа жұмылып, жемісті еңбек ету үшін Жас депутаттар корпусы зор мүмкіндіктер береді. Екінші. Былтыр 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы қабылданып, оны тиімді жүзеге асыру үшін республикалық және 216 аймақтық жол картасы әзірленді. Еліміздің жастарын мазалайтын өзекті мәселелер осы Кеңестің жұмысы аясында қарастырылып, оң шешімін табуы қажет. Сондықтан Республикалық жол картасындағы 46 және өңірлердегі 3590 индикатордың сапалы орындалуына бақылау жасау үшін өз араларыңыздан жауапты депутаттарды бекітіп, жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажет. Үшінші. Елдегі 14 пен 29 аралығындағы жас тұрғындардың 43%-ы (1,6 миллион) ауылдық жерде тұрады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен биыл 800-ге жуық елдімекенде әкімдердің тікелей сайлауы өтеді. Бұған дейінгі эксперименттік сайлауларды есепке алмағанда, бұл – ел аумағында бұрын-соңды болмаған науқан. Сіздердің араларыңызда 415 аудандық мәслихат депутаты бар, сіздер өздеріңіз депутаттыққа түскен ауданның мұң-мұқтажын, елдің көңіл ауанын жақсы білесіздер. Сондықтан алдағы сайлау науқанында партиялық үміткерлерге барынша қолдау білдіріп, қажет жерде ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеу қажет. Осы орайда «Jas Otan» ауыл әкімі болуға лайық үміткерлерді іріктеуге байланысты өз тарапынан ұсыныс дайындауы қажет. Сіздер де осы жұмысқа атсалысыңыздар. Төртінші. Осы аптадан бастап еліміздің барлық аймақтарында Саяси кеңестердің құрамы қайтадан жасақталып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, партия басшылығы бекіткен квотаға сәйкес, Саяси кеңестердің бестен бірі (20%) 35-ке дейінгі жастардан сайлануы тиіс. Бұл да белсенді, талапшыл жастарға берілген жақсы мүмкіндік. Бұған қоса ел аумағындағы 4,5 мың бастауыш партия ұйымдарының басшылық құрамы жаңарады. Бастауыш партия ұйымдары – Партияның алтын діңгегі. Сондықтан бұл жұмысқа да белсенді түрде араласып, алдағы уақытта партияның мақсат-мүддесіне жұмыс істейтін, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың сайлануына күш салу керек. Бесінші. Корпус жұмысы аясында тұрғын халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, әртүрлі санаттағы жастармен байланыс орнату маңызды. Оның ішінде әлеуметтік желі арқылы жұмыс істеуге, барынша ашық әрі халыққа жақын болуға ден қою қажет. Сіздердің әрқайсыңыз – Партияның сенім мандатына ие болған жас саясаткерсіздер. Партияның халыққа жақын болу, тұрғындармен «кері байланыс» орнату, қоғамдағы әр түрлі топтардың үніне құлақ асып, елмен тығыз, қоян-қолтық жұмыс істеу қағидаларын басшылыққа алу керек. Бұл орайда сіздер үшін Орталық аппараттың Саяси менеджмент мектебінде қажетті семинарлар ұйымдастырамыз. Жас депутаттар корпусы заманауи ақпараттық тетіктердің мүмкіндіктерін пайдаланып, алдағы бес жылда талмай еңбек етіп, кәсіби, азаматтық, тұлғалық тұрғыда өсулеріңізге жағдай жасайтын құрылым болмақ. Сондықтан бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы үшін, партияның бұдан әрі өркендеуіне жұмыс істеу қажет. Осы аталған тапсырмаларды сапалы және нәтижелі іске асыру үшін Жас депутаттар корпусына партия тарапынан барынша қолдау көрсетілетін болады" , - деді «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей . Жиын соңында Партия хатшысы Жас депутаттар корпусының құрылуымен құттықтады. "Елдегі алты миллион жас қазақстандық өздеріңізден өнеге алады, сондықтан елдегі ең ықпалды партияның депутаты деген атты абыроймен алып жүру керек", - деді ол.