Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бір апта бұрын Қарағанды облысы Нұра өзені аймағында жоғалып кеткен шаруа қожалығының иесін іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды zakon.kz.
"Бұл азаматты іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі күні жағалаудан 10 метр қашықтықта оның көлігі табылды. Оны біздің бөлімшедегілер шығарды. Бірақ өзі болған жоқ. Іздеу жұмыстарына туыстары мен еріктілер, арнайы мамандар жұмылдырылды. Олар ағыстан төмен қарай іздестіріп жатыр. Өзеннен оның үстіндегі киімі табылған. Сүңгуірлер жұмыс істеп жатыр", - деді Ильин.
Министр азаматты тірі күйінде табу қиын екенін, бірақ іздеу-құтқару тобының жұмысы жалғасатынын айтты.
"Өкінішке қарай, азаматты тірі табу екіталай, бірақ біздің қызметкерлер жұмысты жалғастырып жатыр. Негізінде 10-14 күннің ішінде біз міндетті түрде жағдайға байланысты іздеу жұмыстарын жүргіземіз, кейін жұмысты тоқтатуымыз да мүмкін. Туыстарының өтінішімен жұмысты жалғастырудамыз", - деді ведомство өкілі.
Бұған дейін Нұра ауданындағы шаруа қожалық басшысы Нұрлан Сүлейменов 8 сәуір күні түнде Кәрім Мыңбаев ауылынан Тассуат ауылына шығып кеткен, бірақ белгіленген орынға жетпегені хабарланған еді. Ал ауданда бірнеше сағаттан кейін су деңгейі көтеріліп, жолды су басқан.
Нұра ауданының тұрғындары су тасқыны көлікті суға алып кетіп, азамат батып кетті деп есептейді. Бірақ құтқарушылар бұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, 8 сәуірде азамат жоғалған күні оларға су деңгейінің көтерілгені жөнінде хабар келіп түспеген. Су деңгейі кейін көтерілген.