Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы вакцина салғызған азаматтар саны жарты миллион межесіне жетті. «2021 жылғы 15 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 505 451 адам вакцина салдырды» деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. Дегенмен олардың барлығы дерлік «Спутник V» вакцинасын салғызуда. Елімізде жасалған вакцина сынақ кезеңдерін аяқтауға таяу.
Бiлiм және ғылым министрлігі QazVac (QazCovid-in) вакцинасы коронавирустан сенімді қорғай алатынын мәлімдеді. «Қазақстандық QazVac вакцинасы клиникалық зерттеулердің соңғы – үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оған 3 мың ерікті қатысып, вакцинаны 21 күндік аралықпен 2 рет алды. Вакцина салдырған еріктілердің қанында қажетті қорғаныс антиденелері пайда болды. Бүгінде еріктілердің жағдайлары жақсы. Зерттеулер QazVac-тың коронавирус инфекциясына қарсы жоғары иммуностимуляторлық белсенділігін көрсетті. Вакцина сенімді қорғанысты қамтамасыз етіп, гуморальды және жасушалық иммунитет қалыптастырады. Қазақстандық вакцина салдырған еріктілерде антиденелер титрінің өсуі байқалады. Атап айтсақ, І вакцинациядан кейін 16-дан 128-ге дейін (СГТ=32.0), ал ІІ вакцинациядан кейін 128-ден 2048-ге дейін (СГТ=618.5) өсім тіркелді», – деді БҒМ. Сондай-ақ отандық вакцинаны салдырған адамның ағзасында вирусты бейтараптандыратын антиденелердің пайда болуы қазақстандық инактивті вакцинаның тиімділігін көрсетіп отыр. Алғашқы вакциналаудан кейін адам ағзасында 2-ден 16-ға дейінгі титрде вирусты бейтараптандыратын антиденелер пайда болды (СГТ=5.1). Қайта вакциналаудан кейін бұл көрсеткіш тұрақты өсіп, 28 тәулікте 8-ден 128-ге дейін (СГТ=19.3), ал 42 тәулікте 32-ден 256-ға дейін (СГТ=99.5) жетті. Салыстыру үшін айтсақ, мысалы плацебо егілген еріктілердің қан сарысуы үлгілерінде вирусты бейтараптандыратын антиденелер табылмаған.Е.СЕНБАЙ