Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ел халқының саны 18 млн 917 мың болғанын мәлімдеді.
«2021 жылғы 1 наурызда еліміздегі халық саны 18 917,2 мың адам болды. Оның ішінде қала халқы – 11 187,2 мың (59,1%), ауыл халқы – 7 730,0 мың адам (40,9%). 2020 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда халық саны 245,3 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсті», – делінген бюро ұсынған ақпаратта. Мәлімет бойынша, 2021 жылғы қаңтар-ақпанда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда (42,0 мың адам) 0,2 пайызға артып, 42,1 мың адамға жеткен. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда – 13,71 адам. АХАТ органдары ұсынған мәліметте 2021 жылы қаңтар-ақпанда 65,7 мың сәби дүниеге келген. Бұл 2020 жылғы қаңтар-ақпанға (64,7 мың адам) қарағанда 1,6 пайызға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға 21,41 туғанға тең. Аталған кезеңде қайтыс болғандар саны – 23,7 мың адам. Бұл 2020 жылғы қаңтар-ақпанға (22,7 мың адам) қарағанда 4,2 пайызға көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 7,70-тен келеді. 2021 жылы қаңтар-ақпанда республикада 1 жасқа толмаған 517 нәресте шетінеген. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда сәби өлімі (583 шетінеген) 11,3 пайызға азайды.А. ЖОЛДАС