Тәуелсіздік алған 30 жылда ЮНЕСКО ұйымының қолдауымен әлемдік деңгейде бірнеше мерейлі мерекені атап өттік. Олардың бастауында Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы, Түркістанның 1500 жылдығы, Тараздың 2000 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығы тұр.
1995 жыл Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай, «Абай» жылы болып жарияланған. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасаған. Әрі ол ұсыныс жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Абайды жаңа қырынан тануға, оның шығармаларын толық әрі жан-жақты танытуға мүмкіндік туды. Ұлы хакім тойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл жолғы салтанаттың Алматы мен Семейден, Қарауыл мен Жидебайдан басталмай, Батыс пен Шығыстың іргелі елдерінен, Еуропа мен Азияның ең беделді мемлекеттерінен, Мәскеу мен Стамбұл, Париж бен Пекин сияқты әлемдік астаналардан басталғаны да соның айғағы. Бұл – бүкіл планетамыздың мәдени-рухани тынысын жүйелеп отырған аса беделді халықаралық ұйым – ЮНЕСКО-ның біздің жеке өтінішімізді ыстық ықыласпен қабылдап, мұндай шаруаның қалыптасқан жылтізбелік үрдісін алғаш рет бұзып, оны дүниежүзілік деңгейде өткізуді өзінің биік құзырына алуға шешім қабылдағанының арқасы. Біз мұны енді ғана тәуелсіздік алып, адамзат қауымдастығының тең құқықты мүшесі ретінде енді ғана санатқа кіре бастаған ежелгі халқымыз бен жас мемлекетімізге көрсетіліп отырған үлкен ықылас, биік саяси-рухани қолдау деп бағалаймыз» деген еді. Заман талабына сай еңбек етіп, кәсіпті де, сауданы да меңгеру керек екенін бірінші айтқан да – Абай. Яғни, қазақ қауымына әлеуметтік реформаны да, экономикалық реформаны да ұсынған хакім екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Абай тойы – барша қазақ баласының тойына айналған. Елбасының «Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп» дегеніндей, ұлттың рухани діңгегіне айналған хакім ойлары 175 жыл өтсе де, әлі күнге өзекті. Тәуелсіздік алған алғашқы елең-алаң сәтте Абай тойының атап өтілуі – зор мәртебе. Одан бері де 25 жыл өтіпті. Былтыр барша қазақ жұрты ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын тойлаған еді.Түркістан – ер түріктің бесігі
1996 жылғы 10 маусымда республика Үкіметі Түркістанның 1500 жылдығын атап өту туралы маңызды құжатты қабылдады. Бұл кезде Түркістан той өткізуге дайын емес еді. Бірақ түркі жұртының рухани төрі саналатын Түркістан 1500 жылдық тойын тойламауға, ата-бабаларымыздың рухын құрметтемеуге болмайтын еді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадам жасап, халықаралық беделді ұйымға бағытталған нақты ұсыныстарының нәтижесінде ЮНЕСКО Түркістанның 1500 жылдық тойын әлемдік деңгейде тойлауға шешім қабылдады. 2000 жылғы 22 сәуірде Елбасы мерейтойға дайындық барысымен танысқан. Бұл шараға Тұңғыш Президент айрықша көңіл бөліп еді, өйткені рухани астана мерейтойының жоғары деңгейде атап өтілуі маңызды еді. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, қала әп-сәтте қызу құрылыс алаңына айналып кетті. Жергілікті тұрғындар да бұған хал-қадірінше көмек қолын созды. Қаладағы өнеркәсіп, құрылыс орындары, кәсіпкерлер өз күштерімен қаланы көркейтуге кірісті. Қаладағы Әзірет Сұлтан кесенесі мен оның төңірегінде көп іс атқарылып, Түркістан шаһары танымастай өзгеріп, сән-салтанат құшағына бөленді. Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романов мерейтой төңірегінде: «Қаланың қысқа уақытта жөнделіп, кесененің қалпына келтірілгеніне, ең бастысы Қожа Ахмет Ясауи рухын қастерлеу атмосферасы сақталғанына қайран қалдым. Түркістан даярлығы – Елбасы Н.Назарбаевтың өз елінің халқы мен тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне деген ыстық ықыласының жарқын бейнесі» деген-ді. Бүгінде Түркістан облыс орталығына айналып, түрленіп, көркейіп келеді. Жыл сайын рухани астананың мәртебесі биіктеп, Түркістанға келетін туристер саны да артқан. Елбасының «Екі-үш жылдың ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуанышымызға өсіп-өркендейтін болады» деген сөзі шындыққа айналғандай. Қалада құрылыс қарқын алып, ел мақтанышына айналатын іргелі нысандар бой көтеріп жатыр. «Көне Түркістанның жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналатын» күні алыс емес.Бірлік пен тұтастықтың тарихы
Ежелгі Тараз шаһары негізінің қалануына 2000 жыл толуына байланысты мерекелік шаралар 2002 жылғы 25-26 қыркүйек күндері аталып өткен еді. 2000 жылдық мерейтой аудандардағы көркемөнерпаздар фестивалін өткізуден басталған. Барлық аудандардың ең таңдаулы көркемөнерпаздары Таразда бас қосып, өз өнерлерін көрсетті. Одан кейін облыстық драма театрда өткен халықаралық ақындар айтысы Тараз тарихын жырмен көмкерген. Одан бөлек, жазба ақындардың мүшәйрасы да өтті. Бас бәйге ешкімге берілген жоқ. Тең ұпай жинаған алматылық ақындар Рафаэль Ниязбек пен Маралтай Райымбекұлы 1-орынды жеңіп алды. Мерейтой қарсаңында Тектұрмас әулиенің кесенесі ашылды. Той алдында облыстық қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылса, әрі қарай М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Тараз: мыңжылдықтар және өркениет сұхбаты» тақырыбында ғылыми-теориялық конференцияға жалғасқан. Кеш 12 600 көрермен жайғасқан Орталық стадионда Тараз қаласының 2000 жылдық тарихын бейнелейтін театрландырылған қойылымға ұласты. Тараз төрінде 2000 жылдық мерейтой ғана емес, 2015 жылы Елбасының шешімімен Қазақ хандығының 550 жылдығы да атап өтілді. Ұлттық сана жаңғырған тұста осындай айтулы тарихы шараны өткізудің маңызы жоғары еді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің тарихымыз – ол бірлік пен тұтастықтың тарихы» дейді. Сондықтан жас ұрпақ ұлт тарихына мақтаныш сезімімен, әрі айрықша құрметпен қарайтыны сөзсіз. Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты ең маңызды деректі беретін Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» шығармасы ХIV-XVI ғасырдың басында Қазақстан аумағы мен көрші аумақтарда өмір сүрген ірі мемлекеттердің бірі Моғолстан тарихына арналған. Бұл еңбек – Қазақ хандығының тарихын зерттеу үшін де аса маңызды бастапқы деректеме. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту де осы әйгілі шығарма негізінде алынғаны тарихи ақиқат. Елбасы өз сөзінде: «1465 жылы сұлтандар Керей мен Жәнібек алғаш рет хандық құрып, біздің тарихымыз қазақ мемлекеттілігін осы кезден бастайды. Мүмкін, бұл термин біздің қазіргі түсінігіміздегі, бүгінгі шекарамыздағы бүкіл әлемге танымал және беделді болғанымыздай мемлекет бола алмаған да шығар. Ең маңыздысы, сол кезде мемлекетіміздің негізі қаланғаны, ал біздердің ата-бабалар ұлы істерін жалғастырғанымыз» деген еді. Қазақ хандығының 550 жылдығы – біздің ұлтымыз үшін ерекше дата. «Қазақ хандығы дегеніміз – ұлттық мемлекеттік деген сөз. Бұған дейінгі мемлекеттер біздің ұлан-ғайыр даламызда пайда болған, өскен, өркендеген. Әрине, олар біздің мемлекеттілігіміздің негізімен үндес. Біздің хандарымыз осыдан 550 жыл бұрын пайда болған мемлекетке ұлтымыздың атын берді, халық ретінде өзінің орнын анықтады. Әлемдік кеңістікте өз келбетін қалыптастырды. Осы тұста айта кетерлігі, мұндай шаралар Қазақ хандығымен шектеліп қалмауы керек. Өйткені Қазақ хандығының тәуелсіздігі, мемлекеттігіміздің бүтіндігі үшін күрес біздің далада еш тоқтаған емес. Арғыны айтпағанда, бергі Исатай Тайманұлы, Кенесары хан, одан бергі Алаш арыстарының қозғалысы – мұның бәрі мемлекеттілік, елдік үшін күрестің көрінісі. Қазақ хандығы деген – қазақ мемлекеттілігі деген сөз. Хандық үшін күрес – мемлекеттілік үшін күрес», – дейді тарихшы Мәмбет Қойгелді. Қаншама қиын-қыстауларды басынан өткерген, қандай қиындық болса да жарқын болашаққа сеніммен қараған, «мың өліп, мың тірілген» қазақ елі бүгінде мәңгілік салтанат құратын ұлы ел құрудың жолына түсті. Тарих өткен оқиғалардан сабақ алып, олардың кемшіліктері мен қателіктерін қайталамауға, түзетуге үйрететіні айқын. Сол себепті барша қазақ елінің, жерінің, тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің қалай қалыптасқанын білгені жөн. Мұндай мерейтойлар ұлттың рухани құндылықтарын жадында сақтауына мүмкіндік береді.Айым БЕКТҰР