Сеніп тапсырған малды аманат ретінде емес, өз қарындарын тойдыруды «мақсат» еткен бақташылар полиция қолына түсті. Қарағанды облысы Шет ауданының екі тұрғыны 174 миллион теңгеге алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Олар өздеріне сеніп тапсырылған жылқыларды сатып жіберген. Аталмыш іс бойынша барлығы 50-ден астам жәбірленуші тыңдалып жатыр.
Бақташылар 2007 жылдан 2020 жылға дейін жылқы баққан. Осы уақыт ішінде олар 507 бас малды сатып, айырбастап жіберген. Жылқы иелері мал санының жетіспейтінін 2020 жылғы қараша айында білген. – Күдіктілердің екеуі де Шет ауданының тұрғындары. Олар жылқы баққан. Жылқы иелері жазбаша емес, ауызша келісіммен бақташыларға сеніп, өз малдарын бақтырған. 13-14 жыл ішінде олар 507 жылқыны сатып және айырбастап үлгерген. Кейбір жылқыларды тірідей, ал кейбірін сойып сатқан. Ол жайлы мал иелері білмеген. Бірнеше адам бір жылқыға ие болған жағдайлар да болды, себебі оны бақташылар бірнеше рет алмастырып отырған. Сондай-ақ нақты қанша рет төлдеп, қанша құлын барын жасырып келген. Мысалы, бие осы жылдар ішінде 13 рет құлындаса, бақташылар бар болғаны 5 құлын жайлы айтқан, – дейді Қарағанды облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Қанат Сайлауұлы.13 жыл саналмаған мал
2007 жылы жылқышыларға сеніп тапсырған малды 13 жыл өткенде ғана жылқы иелері талан-таражға түскенін білген. Оның өзі қысқы соғымға дайындық кезінде әшкереленген. Бұл нені білдіреді? Әрине, мал иелерінің жылқышыларға сенгенімен қатар, ауылдағы ағайынның жазғы уақытта бие ұстап, қымыз сапырмауы да осындай жағдайға апарып отыр. 2020 жылғы қараша айында бірнеше ауыл тұрғыны малын әкелуді сұраған. Ал малды алып келе алмаған соң жылқы иелері бұл жерде шикілік барына күдіктеніп, мәселені анықтай бастаған. Шындықты білген бетте жәбірленушілер бірінен соң бірі жергілікті полиция бөліміне өтініш жаза бастайды. – Егер жылқы иелері ай сайын жануарлардың бар-жоғын тексеріп, оларға таңба салып отырса, алаяқтықты ертерек анықтауға болар еді. Адамдар жылқысын алып келуді сұрағанда, олар үйір алыста жайылып жүргенін айтып сылтауратқан. Кейбіреулер тіпті жылқыларын танымаған. Оларға бақташылар басқа жылқыны көрсете салған, – дейді Қанат Сайлауұлы. Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі «Ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер олардың кінәсі толығымен дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. – Күдіктілер кінәні ішінара мойындады. Осы айдың соңына дейін іс бойынша тергеу жүргізу аяқталады және ол сотқа беріледі, – дейді аға тергеуші.Өткен жылы қалай болды?
2020 жылғы ақпан айында Қарағанды облысы аумағында «Мал ұрлығы» жедел іздестіру іс-шарасы жүргізілді. Осы іс-шара аясында өңірде 35 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды. Екі ай ішінде Қарағанды облысының аумағында мал ұрлығының 28 фактісі тіркелді, оның үшеуі ашылды. Қарағанды облысының аумағында қараша айында жүргізілген «Мал ұрлығы» рейдінде бұрын жасалған 16 мал ұрлығы ашылған екен. Сол уақытта полиция мал ұрлығына қатысы бар тұлғаларды анықтау, оларды құрықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша іс-қимылдарын күшейтті. – Іс-шараның үш күнінде екі мал ұрлығы тіркелді, екеуі де ашылды. Бұрын жасалған 16 мал ұрлығы ашылды. Мал ұрлығын жасаған төрт тұлға ұсталды. Мал және ет өнімін тасымалдаған 570 автомашина, ет сататын 200 орын, 270-тен астам шаруа қожалығы тексерілді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 406-бабымен көзделген ветеринария саласындағы заңнаманы бұзудың 13 фактісі анықталды, – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин. ТүйінИә, біреудің малын ұрлап, арам жолмен ақша тапқандар арасында ұйымдастырушы, қасапшы, тасымалдаушы, жалған құжат жасайтындар, базардағы алыпсатарлар бар. Заң жобасында жай құрам үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру ескерілген. Егер топ болып алдын ала сөз байласып, ірі мөлшерде ұрлық жасаса 7 жылға дейін сотталады. Бірнеше рет мал қораға, қоймаға бұзып кіргені үшін – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса 12 жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Осыны біле тұра, бұрынғының «барымтасына» салып, бүгінгінің заңына бағынбайтындар қарапайым халықтың адал тапқан малына құрық салуын қояр емес...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ