ҚПЛ-дің қымбат ойыншысы кім?
ҚПЛ-дің қымбат ойыншысы кім?
292
оқылды

Қазақстан Премьер-лигасының ең қымбат ойыншыларының рейтингі түзілді. Ішкі біріншілікте тебетін футболшылардың арасында жылдағыдай «Қайрат» ойыншы­ларының трансферлік бағасы ша­рықтап тұр. Алматылық клубтың Transfermarkt.de-дегі жалпы құны – 22,68 миллион еуро.

Тізімде Қазақстан Премьер-лига­сында доп тебетін ең танымал ойыншы Вагнер Лавтың өзі үздік 10-дыққа кіре алмай қалған. 36 жастағы бразилиялық футболшының трансферлік бағасын Transfermarkt.de порталы 1 миллион еуроға бағалады. Сонымен, тізімге зер салайық. Неміс­тің әйгілі сайтындағы дерек бойынша, ел біріншілігінде өнер көрсететін ең қымбат футболшы – «Қайрат» командасының польшалық легионері Яцек Гуральски. Бұл легионер өткен жылы да көш басында тұрды. Футболшының трансферлік құны (2,5 миллион еуро) өзгермеген. Қымбат ойыншылардың екінші сатысына «Қайраттың» тағы бір футболшысы Раде Дугалич жайғасқан. Сербиялық легионер­дің трансферлік құны – 2,2 миллион еуро. Үшінші және төртінші орында Тигран Барсегян («Астана», Армения) мен Дино Миканович («Қайрат», Хорватия). Олардың трансферлік бағасы – 2 миллион еуро. Ал үздік бестікті (1,7 миллион еуро) қазақстандық футболшы, «Қайраттың» қорғаушысы Нұралы Әліп түйіндеп тұр. Адеринсола Эсеола («Қайрат», Украина) – 1,7 миллион еуро, Темірлан Ерланов (Тобыл) – 1,5 миллион еуро, Игорь Сергеев (Ақтөбе)  – 1,5 миллион еуро, Стас Покатилов («Қайрат») – 1,5 миллион еуро, Небойша Косович («Қай­рат», Черногория)  – 1,3 миллион еуро, Гафуржан Сүйімбаев пен Айбол Әбікен (екеуі де «Қайрат») – 1,3 миллион еуро, Дорин Ротариу («Астана», Румыния) – 1,3 миллион еуро. Ал «Қайратқа» осы маусымда ауысып келген мақтаулы Шт­ре­ли Мамбаның трансферлік бағасы («Қайрат», Германия/ДР Конго) – 1,2 мил­лион еуро. Жаңа маусымда ҚПЛ-да өнер көр­сетуге 355 ойыншы тіркелген. Олардың орташа жасы – 27,2. Легионердің саны (132) былтырғыға қарағанда сәл артқан. Оның өз себебі де бар. Биыл чемпионатта 14 команда бақ сынайды. Ішкі бірін­шіліктің футболшыларының жалпы жиын­тық құны  120,13 миллион еуроны құрайды. ойыншы Отандық клубтардың жалпы құны төмендегідей. «Қайрат» – 22,73 млн еуро, «Астана» – 16,40 млн еуро, «Тобыл» –12,58 млн еуро, «Ордабасы» –10,60 млн еуро, «Шахтер» –7,08 млн еуро, «Қайсар» – 6,98 млн еуро, «Ақтөбе» – 6,63 млн еуро, «Каспий» – 6,03 млн еуро, «Қызыл­жар» – 5,78 млн еуро, «Атырау» – 5,53 млн еуро, «Тараз» – 5,25 млн еуро, «Ақжайық» – 5,18 млн еуро, «Тұран» – 4,95 млн еуро, «Жетісу» – 4,45 млн еуро. Ел футболындағы жаңалықтарды тұрақ­ты бақылап отыратын спорт жур­налисі Фараби Әбдіхалық қымбат легионерлер мен миллионерлердің басым бөлігі алматылық ұжымда екенін айтты. – Биыл біздің біріншілікке қымбат легионерлер келе қойған жоқ. Ол клуб­тар­дың жылдық бюджетін қысқартуына тікелей қатысты. Бұрындары жыл сайын шет елден қымбат легионерлер ағылып келетін. Олардың ішінде бағаларына сай өнер көрсететіндері аз болып шығатын. Жаңа маусымнан бастап әр клуб басшы­лығы легионер таңдауда қателеспеуді мақсат тұтты. Тек «Қайрат» қана бұрынғы құрамын сақтап қала алды. Бірақ «Қай­рат» басшылығы су жаңа ойыншысы Штрели Мамбаны көп қаржыға бекер са­тып алған сыңайлы. Шабуылшы жары­тып өнер көрсетіп жүрген де жоқ. Алаңға шығып жүгіргеннен басқа пайдасы болмай тұр. Ал «Ақтөбеге» келген Игорь Сергеев әзірге тәп-тәуір ойнап жүр. «Ордабасы» қақпасына алыстан әдемі гол да соқты. «Астана» басшылығы өткен жылғы қымбат футболшыларын жіберіп, орнына тиімді бағада сапалы ойыншылар алды. «Тобыл» да құрамын күшейтті. «Ор­да­басының» құрамы көп өзгере қоймады. Қалған ұжымдар қаржыны тиімді пай­да­лану үшін командадағы бірқатар ле­гионерлерін босатты. Сондықтан transfermarkt.de сайтындағы қымбат футбол­шы­лар тізімінде аса қатты өзгеріс жоқ. «Қайрат», «Астана», «Тобыл», «Ордабасы» ойыншыларының трансферлік бағасы біріншіліктегі өзге футболшылардан әлдеқайда жоғары, – дейді Фараби Әбдіхалық. Қорыта айтқанда, Қазақстанда доп теуіп жүрген қымбат футболшылардың тізімі осындай. Ал олардың айлығы бұл бағалаулардан кейін төмен бола қоймай­ды. Жалақының трансферлік құнға байланысты, яғни шеберлігі жоғары фут­бол­шының трансферлік құны қымбат еке­нін ескерсек, онда аталған аяқдопшы­лардың жалақысы да жоғары болатыны анық.

 Абылайхан ЖҰМАШ