Қазақстан Премьер-лигасының ең қымбат ойыншыларының рейтингі түзілді. Ішкі біріншілікте тебетін футболшылардың арасында жылдағыдай «Қайрат» ойыншыларының трансферлік бағасы шарықтап тұр. Алматылық клубтың Transfermarkt.de-дегі жалпы құны – 22,68 миллион еуро.
Тізімде Қазақстан Премьер-лигасында доп тебетін ең танымал ойыншы Вагнер Лавтың өзі үздік 10-дыққа кіре алмай қалған. 36 жастағы бразилиялық футболшының трансферлік бағасын Transfermarkt.de порталы 1 миллион еуроға бағалады.
Сонымен, тізімге зер салайық. Немістің әйгілі сайтындағы дерек бойынша, ел біріншілігінде өнер көрсететін ең қымбат футболшы – «Қайрат» командасының польшалық легионері Яцек Гуральски. Бұл легионер өткен жылы да көш басында тұрды. Футболшының трансферлік құны (2,5 миллион еуро) өзгермеген. Қымбат ойыншылардың екінші сатысына «Қайраттың» тағы бір футболшысы Раде Дугалич жайғасқан. Сербиялық легионердің трансферлік құны – 2,2 миллион еуро. Үшінші және төртінші орында Тигран Барсегян («Астана», Армения) мен Дино Миканович («Қайрат», Хорватия). Олардың трансферлік бағасы – 2 миллион еуро. Ал үздік бестікті (1,7 миллион еуро) қазақстандық футболшы, «Қайраттың» қорғаушысы Нұралы Әліп түйіндеп тұр.
Адеринсола Эсеола («Қайрат», Украина) – 1,7 миллион еуро, Темірлан Ерланов (Тобыл) – 1,5 миллион еуро, Игорь Сергеев (Ақтөбе) – 1,5 миллион еуро, Стас Покатилов («Қайрат») – 1,5 миллион еуро, Небойша Косович («Қайрат», Черногория) – 1,3 миллион еуро, Гафуржан Сүйімбаев пен Айбол Әбікен (екеуі де «Қайрат») – 1,3 миллион еуро, Дорин Ротариу («Астана», Румыния) – 1,3 миллион еуро. Ал «Қайратқа» осы маусымда ауысып келген мақтаулы Штрели Мамбаның трансферлік бағасы («Қайрат», Германия/ДР Конго) – 1,2 миллион еуро.
Жаңа маусымда ҚПЛ-да өнер көрсетуге 355 ойыншы тіркелген. Олардың орташа жасы – 27,2. Легионердің саны (132) былтырғыға қарағанда сәл артқан. Оның өз себебі де бар. Биыл чемпионатта 14 команда бақ сынайды. Ішкі біріншіліктің футболшыларының жалпы жиынтық құны 120,13 миллион еуроны құрайды.
Отандық клубтардың жалпы құны төмендегідей. «Қайрат» – 22,73 млн еуро, «Астана» – 16,40 млн еуро, «Тобыл» –12,58 млн еуро, «Ордабасы» –10,60 млн еуро, «Шахтер» –7,08 млн еуро, «Қайсар» – 6,98 млн еуро, «Ақтөбе» – 6,63 млн еуро, «Каспий» – 6,03 млн еуро, «Қызылжар» – 5,78 млн еуро, «Атырау» – 5,53 млн еуро, «Тараз» – 5,25 млн еуро, «Ақжайық» – 5,18 млн еуро, «Тұран» – 4,95 млн еуро, «Жетісу» – 4,45 млн еуро.
Ел футболындағы жаңалықтарды тұрақты бақылап отыратын спорт журналисі Фараби Әбдіхалық қымбат легионерлер мен миллионерлердің басым бөлігі алматылық ұжымда екенін айтты.
– Биыл біздің біріншілікке қымбат легионерлер келе қойған жоқ. Ол клубтардың жылдық бюджетін қысқартуына тікелей қатысты. Бұрындары жыл сайын шет елден қымбат легионерлер ағылып келетін. Олардың ішінде бағаларына сай өнер көрсететіндері аз болып шығатын. Жаңа маусымнан бастап әр клуб басшылығы легионер таңдауда қателеспеуді мақсат тұтты. Тек «Қайрат» қана бұрынғы құрамын сақтап қала алды. Бірақ «Қайрат» басшылығы су жаңа ойыншысы Штрели Мамбаны көп қаржыға бекер сатып алған сыңайлы. Шабуылшы жарытып өнер көрсетіп жүрген де жоқ. Алаңға шығып жүгіргеннен басқа пайдасы болмай тұр. Ал «Ақтөбеге» келген Игорь Сергеев әзірге тәп-тәуір ойнап жүр. «Ордабасы» қақпасына алыстан әдемі гол да соқты. «Астана» басшылығы өткен жылғы қымбат футболшыларын жіберіп, орнына тиімді бағада сапалы ойыншылар алды. «Тобыл» да құрамын күшейтті. «Ордабасының» құрамы көп өзгере қоймады. Қалған ұжымдар қаржыны тиімді пайдалану үшін командадағы бірқатар легионерлерін босатты. Сондықтан transfermarkt.de сайтындағы қымбат футболшылар тізімінде аса қатты өзгеріс жоқ. «Қайрат», «Астана», «Тобыл», «Ордабасы» ойыншыларының трансферлік бағасы біріншіліктегі өзге футболшылардан әлдеқайда жоғары, – дейді Фараби Әбдіхалық.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда доп теуіп жүрген қымбат футболшылардың тізімі осындай. Ал олардың айлығы бұл бағалаулардан кейін төмен бола қоймайды. Жалақының трансферлік құнға байланысты, яғни шеберлігі жоғары футболшының трансферлік құны қымбат екенін ескерсек, онда аталған аяқдопшылардың жалақысы да жоғары болатыны анық.
Абылайхан ЖҰМАШ