Қазақстанда сырткиім бағасы бір жылда 4,9 пайызға өсті
Қазақстанда сырткиім бағасы бір жылда 4,9 пайызға өсті
222
оқылды

Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, Қазақстанда киім қымбаттаған. Әсіресе, ерлер киімінің бағасы көтерілді.

"Наурыздың қорытындысы бойынша, бір жылда сырткиім бағасы  4,9 пайызға және бір айда 0,3 пайызға өсті. Оның ішінде ерлер киімі бес пайызға, әйелдер киімі 4,9 пайызға, балалар киімі 4,5 пайызға қымбаттаған", - дейді сарапшылар.

2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында еліміздегі компаниялар жеті миллиард теңгеге киім-кешек өндірген. Өткен жылмен салыстырғанда 24,1 пайызға көбейген. Қазір өңірлер бойынша киім өндірісінен Алматы облысы жетекші орында тұр. Ал көшбасшылар үштігіне Алматы мен Қарағанды облысы кіріпті. 

Халықтың басым бөлігі киімді  «ТФ Ажар» ЖШС, Glasman ЖШС, «Texti Market» ЖШС, «Демеу-Арна» ЖШС, «Казлегпром-Алматы» ЖШС секілді фирмалардан алатын болған.
Бірақ, мамандардың пікірінше, жергілікті компаниялар жұртты киіммен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан шет елден тасылмалданады.

"Қазақстандықтар жергілікті киімге үміт арта алмайды. Мысалы, биыл қаңтарда трикотаж сырт киім өндірісі өскеніне қарамастан, жергілікті компаниялар сұранысты 0,6 пайызға ғана қамтамасыз ете алды. Импорт үлесі тиісінше 99,4 пайыз. Елге 934,8 мың өнім әкелінді - бұл 11,8 пайызға көп. Свитер мен жемпір (сұраныстың 1,3 пайызы) және шұлық (3,9 пайыз) былтырғыға қарағанда, сұранысты көбірек өтеп отыр", - дейді олар.