Бүгінде Үкімет ауыл шаруашылығы саласына «береген қолым – алаған» ұстанымын танытып отырғанға ұқсайды. Себебі шаруаларға субсидия бергенімен, оған салынатын салық бар және шетелден әкелетін техникаға утилизациялық алым енгізіп қойған. Ол аз болғандай, енді экспортқа квота енгізу бастамасы көтерілді. Біз Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының депутаты Сырым Ертаевты осы мәселелер төңірегінде әңгімеге тартып көрдік.
– Сырым Махамбетұлы, қазір өзекті болып тұрған аграрлық сектордағы фермерлердің мәселелері жөнінде не айтасыз? Мысалы, экспортқа тірі малды шығаруға тыйым және субсидияға салық салу дегеніміз ақылға қонымды шешім бе? – Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін үлкен қолдау шаралары жүріп жатыр. Мысалы, 2010-2020 жылдар аралығында мал шаруашылығын дамытуға 700 миллиард теңге субсидия бөлінді. Бір жағынан қолдаймыз, екіншіден, өзіңіз айтқан салық салу мәселесі тұр. Шаруалардың бәрі субсидия алғаннан кейін сол алған субсидиясы табыс ретінде қаралып, оларға салық салынады. Сайлауалды бағдарламаны таныстырып жүрген кезде шаруалардың өзі бізге «Үкімет субсидияны бір қолымен беріп, екінші қолымен табыс салығы ретінде қайтарып алмасыншы» деген өтініш айтқан еді. Тек ауыл шаруашылығына ғана емес, еліміздегі кәсіпкерлердің барлығына несие алғанда, 7-10 пайыздық мөлшерлемесін мемлекет төлеп береді. Содан кейін олардан заң бойынша қайтадан табыс ретінде салық алынады. Қазір кәсіпкерлерге, шаруаларға берілген қаржы әлгіндей табыс салығына ілінбесе деген мәселені көтеріп, жұмыс істеп отырмыз. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көптеген шаруаның экспортқа тірі малды жөнелтіп жатқаны назарға алынды. Оны неге өңдеп жібермейміз деп. Дұрыс, шикізатты өңдеу жағы да қарастырылып жатыр. Бірақ біздегі ет комбинаттарына мамандардың жетіспеушілігі салдарынан ішкі өніміміз мол сұранысқа ие бола алмай тұр. Сол себепті көрші елдер тірі малға сұранысты арттырғанымен, Қазақстаннан аналық түліктердің шығуына шектеу қойылды. Енді олардың өз елімізде өңделетін жемшөпке семірген төлдері ғана шығарылса, ол жақсы, әрине. Әзірге ол шектеу алынып тасталды. Қазір қайта қаралып жатыр. – Шаруаларды салық шаршатып отырғанда енді квота енгізу бастамасы көтерілді емес пе? – Иә, бұдан былай квота мәселесі енгізіледі деп отыр. Оған көп адам қарсы. Мен де құптамаймын. Мысалы, біраз кәсіпкер малын Қазақстанның ішінде ғана сатқанды жақсы көреді. Шетелге шығаруға тәжірибесі жетпейді. Ал кей кәсіпкерлер семіз малды тірілей, үлкен ауқымда сыртқа шығаруға үйренген. Ол әрекет ауыл шаруашылығы, ветеринария саласындағы қадағалауы қатаң халықаралық талаптарға сай келеді. Енді квота бойынша малдың 50 пайызын Қазақстанда, 50 пайызын шетелге сатасың десек, ол жағы шаруаларға тиімсіз болғалы тұр. Шаруа өзінің жұмысын дөңгелетіп әкетіп жатқан кезде оған кедергі жасамай, қолдауымыз керек. Мысалы, ет, сүт, бидай қымбаттап кетті деп бәріне шектеу қоя бермейміз ғой. Сол сияқты кәсіпкердің дамуы үшін оған нарық қажет. Олар өзге елдерге шыға алғанда ғана еліміздің аграрлық секторы экономиканың үлкен драйверіне айналуы мүмкін. Бұл ретте неге қажылық сапар басталғанда құрбандық үшін біздің қойларды шығармасқа? Қаншама турист баратын, өзінің де 80-85 миллион халқы бар Түркия еліне неге жібермеске? Ол елдерге малды тірілей ғана кіргізуге рұқсат. Еттей кіргізуге шектеу қойылған. Сондықтан да бізде қой шаруашылығымен айналысатын өңірлерге жылына 20-30 мың бастан шығаруға шарт қойылса, дұрыс болар еді. Мысалы, Өзбекстанда кейде тірі малдан гөрі шекарасына еттей кірген өнімнің салығын арттырып қояды. Әлемде осындай экономикалық тартыстар болып жатқанда біздің малды экспортқа тірілей де, сойып та шығаруымыз керек-ақ. – Сіз өндірістік бағдарлама бойынша 10 жыл бойы өзгеріссіз келе жатқан 1,8 миллиард теңге несиені 5 миллиардқа дейін көбейтіп, шаруаларға 12 айға емес, 60 айға дейін берсін деген мәселе көтердіңіз. Бұл ұсыныс қолдау табады деп ойлайсыз ба? – Оны 5 миллиардқа көбейту керек деген себебіміз өндірістік бағдарлама бойынша «Даму» қорынан 1 миллиард 850 миллион теңге өндіріске беріледі. Егер сіз ет, сүт, тері және басқа да тауар өңдеп шығаратын болсаңыз, оған бөлінетін несие шектеулі. Айталық, «Nur Otan» партиясының бағдарламасында тауар экспорттарын шикізаттық емес, өңделген күйінде 2 есеге арттыру жоспары бар. Ол үшін арнайы Жол картасы әзірленді. Соны қадағалап, қарап отырмыз. Ал өндіріс саласының лимитін аз етіп қойсақ, ол мақсатқа қалай жетеміз? Қазір тауар өндіретін сапалы құрал-жабдық, техникаларға Еуропаға тапсырыс берсеңіз, еуромен, доллармен сатып аласыз. Ал біздің елде еуро мен доллар қымбат. Сонда біз бүкіл нәрсеге көмектесіп келеміз де, «Даму» қорының несиесін 1 миллиард 850 миллион теңгемен қалдыра саламыз. Енді соны 5 миллиард теңгеге дейін көтерсек, ауқымды-ауқымды өндіріс ошақтары ашылып, олардың өндірген тауарларын экспортқа көптеп шығарып, партиямыз бекіткен 5 жылдық бағдарламаны іске асырар едік. Сосын біз екінші деңгейлі банктерге кәсіпкердің «басын игізіп» қоймау мәселесін көтеріп отырмыз. Өйткені олар кәсіпкер несиесін жабатын кезде одан қыруар комиссия ұстайды. Ол дегеніңіз – қып-қызыл шығын! Әсіресе, қазіргі пандемия кезінде айналымдағы тауарлар уақытында жүрмей қалады. Осы жағын да ескеру керек. – Алайда Үкімет «ҚазАгро» холдингінен берілген қаншама миллиардтаған қаржыны дұрыс жұмсай алмаған кәсіпкерлердің жерін, өндірісін кепілге алып, оны не өздері игермей, не өзгеге бермей, ұстап отыр ғой. Ол жөнінде не айтасыз? – Үкімет ол ауыл шаруашылығы жерлері мен өндірістерін пайдаланушылар үшін сатылымға қойып отыр. Көбі уақытында қымбат бағаланып, өтпей қалған. Алдағы уақытта осы мәселені Үкіметке депутаттық сауал ретінде жолдаймыз. Енді оларды қазіргі нарықтық бағамен белгілеп, сосын тәжірибелі кәсіпкерлерге 10 жылға жалға беру жағын қарастырып отырмыз. – Шындап келгенде, біз қазір ет, сүт, жүн, тері өндірісі кенжелеп қалған елміз ғой. Неге төрт түлік өнімін қалдықсыз пайдалану ісі бір жүйеге түспей тұр? – Өйткені осыдан 20 жыл бұрын ауыл шаруашылығы тауары өнімдеріне жоғары сұраныс болмады. Елдің әл-ауқаты өте төмен еді. 90 жылдары да, 2000 жылдары да еттен терінің қымбат болған кездерін көрдік. Себебі теріні шикізат күйінде шетелдерге сатып отырдық. Одан кейін сүт өндірісінен бастап ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге мемлекеттік қолдаулар 2010 жылдан былай қарай өріс ала бастады. Министрлер ауысқан сайын бағдарламалар да өзгеріп жатты. Ал бағдарлама өзгерген сайын фермерлер де қай жолмен жүру керегінен шатасып, кейде Үкіметке сенімсіздік білдіріп жатады. Біз өндіріс орындарын аралап, өзіміздің сайлаушыларымызбен кездескен кезде қазіргі сұранысқа ие нәрселер ғана дамып жатқанын көрдік. Мысалы, терілерді сыртқа шығаруға шектеу қойып, өз ішімізде өндіреміз дегенде оның құны бірден арзандап кетті. Өйткені теріні өңдеп, одан киім тігетін жергілікті кәсіпкерлер жоғары сапада нәтиже көрсете алмады. Тері көп болғанымен, олардан киім, аяқкиім тігу орталықтары аз болды деп есептеймін. Ал даму мәселесі сұранысқа байланысты. Тұрақты түрде дамып, бәсекелестікке ие болу үшін ет, сүт, жүн, тері өндірістеріне де шектеу қойыла бермеуі керек. Сұраныс болса, ұсыныс көбейеді. Айталық, соңғы 2 жылда бидай, арпа, жүгері сияқты өнімдерді шаруалар өте қымбат бағаға сата алды. Содан кейін жұрт жерді игеру ісіне білек түре кірісіп, ауқымды түрде жұмыс істей бастады. Жер іздеп, техникаларын жаңарта түсті. Техника демекші, оларды шетелден алып келуге де утилизациялық алым қойғанымыз дұрыс емес. Комбайн, тракторлардың өз құнынан 15-20 пайыз қымбатқа шығып кететіні шаруаларға өте ауыр тиіп отыр. Яғни, мемлекет техника үшін бір жағынан 20-25 пайыз субсидия береді, екінші жағынан утилизациялық алым алады. Үкімет осы жағына да назар аударса деп ойлаймын. Демек, ауыл шаруашылығына көмек қарастырылды ма, соны дұрыстап беруіміз керек. Бір қолмен беріп, екінші қолмен тартып алатын болсақ, ол – бір-бірімізді алдау. Соның салдарынан өзіміздің аграрлық сектор дамымай қалуы мүмкін. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН