Тәуелсіз кітап индустриясы
Тәуелсіз кітап индустриясы
461
оқылды

Халықаралық баспагерлер қауымдастығының мәліметі бойынша, дүниежүзінде кітап шығару ең табысты бизнестің бірі саналады. Мәселен, кітап нарығының көлемі 151 млрд доллар болса, кино индустриясы – 133 млрд долларға тең. Соған қарағанда, шетелде кітап бизнесі кинодан қа­лыс­­­пайды деген сөз. Ал тәуелсіз 30 жылда қазақстандық кі­­тап нарығы қалай қалыптасты?

Тәуелсіз қазақ кітаптары

Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста бас­па­л­ар­дың дені жекеменшікке өтіп кет­ті. Соған қарамастан мемлекет кітап басу ісі­не ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Тен­дер бойын­ша бөлінген қаржыға қол жет­кізген бас­палардың басты міндеті сол ақ­шаны игеру ғана. Ұлттық мемлекеттік кі­тап па­ла­тасының дерегіне қарағанда, елі­мізде 1 300-ден астам мемлекеттік жә­не же­ке­мен­шік баспа бар. Оның 70 пайыз­­ға жуығы жылына кем дегенде 5 кі­­таптан шығарады. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері Әлібек Асқар: «Тәуелсіздік ал­­ған алғашқы тұста кітап ісі, полиграфия са­ласы бос қалғандай күй кешкен. Ел­ба­сы 1992 жылы тамыз айында «Қазақтілді кі­­таптарды шығаруды қолдау» туралы Жар­лық шығарды. Осы Жарлыққа бай­ланысты 1992 жылдан бастап күні бүгінге дейін қо­ғамдық маңызы бар әдебиеттерге қара­жат бөлініп келеді. ТМД-ның өзге мем­ле­кет­терінде баспа, полиграфия ісі дағдарысқа ұшырап жатқан кезде, біздің елімізде бас­паларды сақтап қалу маңызды болды. 1995 жылдың жаңа жылдық құт­тықтауында Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баев: «Бізде по­лиг­рафия саласы өркендеп, оң нә­ти­же көр­се­тіп келеді» дегені де күні бү­гін­ге дейін есі­мізде. Соңғы кездері «Кеңестік дәуірде бас­палар мемлекетке алақан жаймай-ақ өзін-өзі асырап келді» деген пікірді жиі естиміз. Ол жылдары кітап тарататын екі бірдей жүйе: «Қазақкітап» пен «Қазтұтынуодағы» де­ген болды. Осы екі сала арқылы рес­пуб­ликаның түкпір-түкпіріндегі ауылдарға дейін кітап жеткізу ісі жақсы дамыды. На­рық заманы келген кезде «Қаз­тұты­нуо­дағы» тарап, кітап тарату ісі құлдырады. Ауыл­дарға кітап жетпей қалды. Артынша біраз жылдан кейін «Қазақкітап» деген ұйым да тарады. Екі бірдей тарату жүйесі тоқ­тағаннан кейін баспа саласы қиын­дық­қа тап болды. Кітап таратылмағаннан кейін кітаптың таралымы да азайды» дей­ді. Кеңестік дәуірде бір кітаптың таралы­мы 10 мыңға дейін жетті. Ал таралымы үл­кен болса, қаламақысы да көтеріледі. Қа­зір таралым азайған соң, қаламақы мөл­шері де кеміген. Соған қарамастан, Үкімет кітап индустриясын құрдымға жібермеудің амалын істеп, мемлекеттен қаржыландыра бас­тады.

«Мәдени мұраның» мәдени өнімдері

Жалпы, тәуелсіздік жылдарынан бері қарайғы кезеңде «Мәдени мұра» бағдар­ла­ма­сы аясында 2003 жылдан бастап біраз іс-шаралар атқарылды. Шетелдегі архив­тер­ден материалдар алып келдік. Реставра­циял­ық, археологиялық жұмыс­тар істелді. Кі­тап нарығы дамыды. Мәселен, 2009 жы­лы бағдарлама аясында 56 аталым бойын­ша 168 мың таралыммен жалпы көлемі 1 605 баспа табақ басылған. Ал 9 ата­лым бойынша 450 баспа табақ өңделіп, қазақ тіліне аударылған. Аталмыш бағдарлама бойынша тарих, философия, педагогика, саясаттану, сәулет, экономика, құқық, археология және Қазақстанның этнографиясы мен мәдениетіне арналған кітаптар, энциклопедиялық сөздіктер, әлем әдебиеті классиктерінің қазақ тіліне аударылған көркем шығармалары бар. Солардың ішінде «Бабалар сөзі», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының фи­лософиялық мұрасы», сонымен қатар Еуро­па, Америка, Австралия, Африка, Азия және т.б. елдердің алдыңғы қатарлы әде­би шығармашылығын қамтитын «Әлем­­дік мәдениеттанулық ойлар», «Эко­номикалық классика», «Әлемдік фи­лософиялық мұра», «Әлемдік әдебиет кі­тап­ханасы» да тәуелсіздіктің жемісі.

«100 жаңа оқулық» – қазақ ғылымының жаңа белесі

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан сәтті жобалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ ті­лін­дегі 100 жаңа оқулық». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жоба жөнінде: «Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсе­кеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энцикло­пе­диясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңыз­ды. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы бес жылға арналған жал­пыұлт­тық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді» деген еді. Расында, бұл жоба қазақ тіліндегі кітап индустриясына, ғы­лыми-көпшілік аударма ісіне жаңа сер­пін әкелді. «100 жаңа оқулықтан» бас­тал­ғ­ан қадам түрлі ғылыми, ғылыми-көп­ші­лік, әдеби және мотивациялық кітап­тарды шығаратын жаңа ұйымдардың құрылуы­на мүмкіндік жасады. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қо­рының атқарушы директоры Рауан Кен­жеханұлы жоба басталған тұста: «ХХ ға­сырдың басында Алаш қайраткерлері аудар­мамен көптеп айналысты. Бірақ ол кезде қазіргідей мүмкіндік болған жоқ. Қазір мүлде басқа уақыт, басқа мүмкіндік. Біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Мемлекет тарапынан барлық жағ­дай жасалып жатыр. Сондықтан бұған ат­салыса алатын орта жұмылуы қажет. Біз ау­дарма ісін білетін мамандарға аса зәруміз. Бұл жоба – рухани жаңғыру деген ауқымды бағдарламаның құрамдас  бөлігі. Кеңестер заманында гуманитарлық ғы­лым­дар саясаттың қызметінде, идеология­ның құралы болғаны белгілі. Зиялы орта­ның көзқарастары мен құндылық­тары­на ық­палы зор осы білім салалары бізде әлі күн­ге дейін ескі сарыннан арылмаған. Жо­ғары оқу орындарындағы студенттердің 70 пайызы әлі күнге дейін ескі сарыннан арылмаған. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде оқи­ды деп марқаямыз, ал олардың не оқып жүргендеріне енді ғана ден қоя бас­тадық. Мұның сыртында, бұл оқулықтар қазақ тіліндегі гуманитарлық біліммен бір­ге қазақ тілінің өзін де өрге тартатын бас­тама деп білемін. Тіліміз халықаралық ғы­лыми лексикамен толығады» деген-ді. Оқулықтар гуманитарлық білімнің барлық бағытын қамтыды. Атап айтқанда, философия, әлеуметтану, психология, дип­ломатия, дінтану, лингвистика, се­миотика, педагогика, ғаламтор психо­ло­гия­сы, мәдениеттану, антропология, жур­на­листика, экономика, менеджмент, мар­кетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуалдық құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көш­бас­шылық, медиа, этнография салалары бойын­ша 100 оқулық еліміздегі 130 ЖОО кі­тап­ханасына тегін таратылды.

Балалар әдебиеті қалай дамыды?

«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түр­лерін сатып алу, басып шығару және тара­ту» кіші бағдарламасы аясында балалар әдебиетін басып шығарып, республика, об­лыстық кітапханаларға таратуда. Мәсе­лен, 2017-2019 жылдарда 165 млн теңгеге 83 000 дана таралыммен балалар әдебиеті жа­рық көрді. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ақ­паратына сүйенсек, 2017-2020 жылдары отандық баспалардан 364 балалар әдебиеті жарық көрген. Олардың әрқайсысының таралымы – 1 000, 1 500 дана. Тәуелсіздік жыл­дарында балалар кітаптарының 70%-ы мемлекеттік тілде басылып шыққан. Бұдан бөлек, балалар руханияты мәсе­лесі де назардан тыс қалған емес. Елімізде балалар әдебиетін тұрақты түрде басып шы­ғарумен «Фолиант», «Аруна», «Алма­ты­кі­тап», «Мектеп», «Балалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» бас­па­лары және «Атамұра» корпорациясы ай­налысады.

Айым БЕКТҰР