«Кеңес халқының» қуанышы да ортақ, мерекесі де бір болды. Мәскеу ойлап тапқан, КСРО құжаттарында бекітілген мерекелерді 15 республика бірдей атап өтетін. Кеңес Одағы күйреген соң әр ел мейрам саласында да бір-бірінен іргесін аулақ салды. Сонымен бірге Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстан бұл салада бірталай «сынақ-эксперимент» жүргізді. Нәтижесінде, құлаққа оғаштау естілер мерекелер пайда болды. Мысалы, «22 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні» атап өтіледі. Бірақ «Мемлекеттік тіл күні» сол бойы жоқ.
Азаттық демалыс күндерін көбейтті
Бірден айта кетелік, кеңес заманында халыққа жаппай демалыс берілетін ресми мерекелер сирек, ал ұлттық мерекелер жоққа тән болатын. КСРО, соның ішінде Қазақстанда да 1 қаңтарда – Жаңа жыл (1898 жылдан бері демалыс күн), 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні (1965 жылдан бері демалыс), 1 және 2 мамыр – Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы күні (1918 жылдан бері демалыс), 9 мамыр – Ұлы Отан соғысында кеңес халқының жеңісі күні (1965 жылдан бері демалыс), 7 қазан – КСРО Конституция күні (1978 жылдан бері демалыс), 7 және 8 қараша – Ұлы Қазан социалистік революциясы күні (1918 жылдан бері демалыс) жұрт мәз-майрам болып, думандататын. Шаршағаны дамыл табатын. Осылайша, КСРО бір жыл ішінде ресми мерекелерде тұрғындарға небәрі 8 күн ғана жаппай демалыс сыйлайтын. Салыстыру үшін айтсақ, тәуелсіз Қазақстанда сенбі-жексенбі күндерін қоспағанда, 2021 жылы ресми және ұлттық мерекелер арқасында азаматтарға 17 күн демалуға мүмкіндік берілмек. Бұдан бөлек Кеңес Одағында жұртшылық арасында кең тойланатын, бірақ жұмыс күні болып есептелетін 23 ақпан – Кеңес Армиясының және әскери-теңіз флотының күні, 12 сәуір – Космонавтика күні, 19 мамыр – Пионерлер күні, 29 қазан Комсомолдың туған күні мерекелері болды. Әрине, мұның сыртында бірқатар кәсіби мерекелер мамандық иелері арасында, ұжымдарда атап өтілетін. Ішіндегі ірілері – 5 мамыр – Кеңес баспасөзі күні, 12 тамыз – Құрылысшы күні, 1 қыркүйек Білім күні болды. Қалғандары әлдебір айдың әлдебір жексенбісіне сәйкес келетін, яғни нақты белгіленген датасы болмады. Тәуелсіз Қазақстанда кеңестік ресми мерекелерден басты үшеуі ғана қалды. Бұлар: 1 қаңтар – Жаңа жыл, 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні. Ал 9 мамыр кеңестік идеологиядан айырылып, «Жеңіс күні» ретінде бекіді. Сонымен, азаттықтың 30 жылдығы межесінде Қазақстанымызда қандай мерекелер орнықты? Ресми мәлімет бойынша бүгінде республикамызда келесі ресми және ұлттық мейрамдар атап өтіледі және олардың бәрінде халық демалады: 1–2 қаңтар – Жаңа жыл; 7 қаңтар – православиелік Рождество; 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні; 21–23 наурыз – Наурыз мейрамы; 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні; 7 мамыр – Отан қорғаушы күні; 9 мамыр – Жеңіс күні; 6 шілде – Астана күні; 30 тамыз – Конституция күні; 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні; 16–17 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Мұның сыртында мұсылман күнтізбесі бойынша Құрбан айттың бірінші күні демалыс күні саналады. Салыстырар болсақ, Ресейде жалпы саны 314 мереке ресми тіркелген. Бірақ соның ішінде, шектеулі саны ғана мемлекеттік мейрам және демалыс саналады. Бұлардың қатарында солтүстік көршіде 1 қаңтарда – Жаңа жыл, 7 қаңтарда – Рождество Христово, 23 ақпанда – Ресейдегі Отан қорғаушы күні, 8 наурызда – Әйелдердің халықаралық күні, 1 мамырда – Көктем және еңбек мерекесі, 9 мамырда – Ұлы Отан соғысында кеңес халқының жеңісі күні, 12 маусымда – Ресей күні (бұрынғы тәуелсіздік күні), ал 4 қарашада – Ресей халықтарының бірлігі күні атап өтіледі. Яғни, КСРО мұрагері саналатын Ресейдің өзі осы жылдары кеңестік идеологияға негізделген мерекелерден негізінен бас тартты.Заманына қарай мерекесі
Қазақстанда мерекелер саласы тынымсыз, үздіксіз реформаланады. Жыл сайын жаңа бір мереке пайда болады. Мысалы, биылғы 6 ақпанда мерекелік даталар тізімі жаңа мейраммен толықты: Үкімет қаулысымен «Архивші күні» бекітілді. Ол 22 желтоқсанда атап өтілмек. Нәтижесінде, Қазақстанда кәсіби мерекелер саны 58-ден асты. Бұл ретте кәсіби мерекелер демалыс күндері болып саналмайды, бірақ азаматтарға әріптестерін, таныстары мен жақын адамдарын құттықтауға жақсы себеп. Осы 58-дің арасында қызықтыларына және әлдебір мамандық иелеріне қатысы жоқтарына тоқтала кеткен жөн. Кейбірінің мақсаты бұлыңғырлау, қалай атап өту керегі белгіленбеген: қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні, 16 қазан – Нан күні, 11 қараша – Энергия үнемдеу күні. Бұған қоса, ұлттық идеологияны ілгерілету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қадірлеу мақсатында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, 4 маусым – Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күні, шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні, 10 тамыз – Абай күні, 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні, қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні, 15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күні болып бекітілді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ұсынысымен және 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен елімізде «1 наурыз – Алғыс айту күні» енгізілді. 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаны мәлім. Сондықтан Елбасы ҚХА сессиясында: «Ассамблея құрылған күнді – 1 наурызды жыл сайын барлық этностар мейірбандық танытып, өздерін туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алады», – деді. Яғни, АҚШ-тың Thanksgiving Day ұлттық мейрамынан ерекшелігі сол, қазақстандық «Алғыс айту» күні – қазақ жерін мекен еткен этностар өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлық жасаған қазақ халқына ризашылығын білдіруін меңзейді.Тәуелсіздікке тең емес...
Қазақстан 1990 жылғы 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданған күнді ұзақ жылдар бойы (17 рет) атап өтіп келді. Бұл дата «Республика күні» деген атпен белгілі еді. Бертінде одан бас тартуға шешім қабылданды. 2009 жылы ел Парламенті «Қазақстандағы мерекелер туралы» заңына өзгеріс енгізіп, оған Елбасы қол қойып, мемлекет бұл мерекені алып тастады. Себебі тәуелсіз республикамыздың әлем картасында, жаһандық саяси аренада пайда болған күні 16 желтоқсан болатын. Осы тұрғыдан алғанда «Республика күні» идеологиясы мен мазмұны тұрғысынан «Тәуелсіздік күнімен» бәсекелесіп келді: 25 қазанда мектептерде азаттықтың мән-маңызын түсіндіруге көңіл бөлінетін. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Егемендік туралы декларациясын дайындауға қатысқан, 12-ші шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған сарапшы Александр Перегрин ел басшылығының бұл шешімі дұрыс болғанына назар аудартты. «Расында, бұл Декларация азат Қазақстанның қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Бірақ оның рөлі шешуші емес. Мысалы, Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға соның алдында, 1990 жылғы сәуірде президент институтының енгізілуі қатты септесті. Ол да тағдыршешті оқиға болатын. Ал Егемендік туралы декларацияда республикамыздың атауының өзі «Қазақ КСР-і» деп берілді. Бұл ымыра құжат еді. Әйтпесе, сол кездің өзінде көптеген депутат құжатты «Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» деп жазуды ұсынды. Оны айтасыз, әріптесім, Жоғарғы кеңес президиумының мүшесі Виталий Воронов республика атауын «Қазақ Республикасы» деп өзгерту бастамасын да көтерді. Бірақ декларацияда бәрібір ҚазКСР болып кетті», – деп еске түсіреді Александр Перегрин. Алатаудың ар жағындағы ағайындар осы жолмен жүріп, Қырғызстан атауын «Қырғыз Республикасы» деп ресми өзгерткені белгілі. Оның үстіне, сарапшының айтуынша, егемендік декларациясында КСРО Конституциясының баптары елімізде де жүретіні көрсетіліпті. Сондай-ақ құжатта барлық қазақстандықтың «КСРО азаматтығы» сақталатыны және сонымен бірге Қазақстан азаматтығы да кепілдендірілетіні қадап айтылған. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған қазіргі заңдар бойынша қазақстандықта Қазақстан азаматтығы ғана болуы тиіс. Демек, ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда, «өтпелі құжат» саналған егемендік декларациясының қабылданған күнін мемлекеттік деңгейде тойлау оның осы оғаш баптарын ұлықтауға бара-бар болар еді. Қалай болғанда да, тәуелсіз Қазақстандағы жаңа мерекелер де ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүддеге толық сәйкес келуі шарт. Ендеше, 1998 жылдан бері жыл сайын атап өтілетін «Қазақстан халқының тілдері күні» орнына «Мемлекеттік тіл күнін» енгізсе, құба-құп болар ма еді?! Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін халықаралық қарым-қатынас тіліне айналдыруға қатысты қойған міндетіне толық сәйкес келеді.Айхан ШӘРІП