Байқоңырдың болашағы не болмақ?

Байқоңырдың болашағы не болмақ?

Осы аптада әлем халқы адамзат баласының ғарышқа ұш­қанының 60 жылдығын атап өтті. Біздің шенеуніктер Бай­қоңырдағы салтанатты шараға қатысып, Ресей атқамі­нер­лерімен бірге Ю.Гагариннің ерлігін еске алғаны бар. Тек Байқоңырдың болашағы мен ХХІ ғасырдағы ғарышты игеру ісінің ерекшеліктерін ойлаған пенде байқалмады.

Әрине, әлемдегі алғашқы ға­рыш айлағының басынан әзірге бақ тая қойған жоқ. Тек жыл өткен сайын оған бәсекелес болатын құрылымдар саны артып келеді. Әсіресе, былтырдан бері Бай­қоңырдың монополиясын азай­татын оқиғалар бірнеше рет тір­келіп үлгерді.

3 есе өсетін нарық

Бүгінде ғарышты игеру өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағыдай супердержавалар арасындағы бәсеке мен жастар арасындағы романтика емес. Қазір ғарышты зерттеудің ғылыми астарынан экономикалық тиімділігі артып бара жатқанға ұқсайды. Алдағы 2030 жылға қарай ғарыш ин­дустриясындағы қаржы айналымы 1,4 трлн долларға жетуі мүмкін деген болжам бар. Ал қазірдің өзінде саланың құнын Morgan Stanley 350 млрд, Bank of America 424 млрд доллар деп бағалап отыр. Әрі екі институт та ғарыш қыз­метіндегі өсім жаһандық эко­номиканың алға жылжуынан әл­деқайда жылдам жүретінін алға тартады. Сөйтіп, бұл нарықтың өсімі жалпы алғанда 3 есе, соның ішінде ғарыш туризмі 9 есе өсуі тиіс. Демек, ғарышты игеру Марс пен Айға ұшуды армандай­тын­дардың романтикасы емес, қып-қызыл ақша деген сөз. Әрі ғарыш дегеніңіз – жасанды жер ­серіктері мен түрлі аппарат шең­берінен де шығып барады. Нано, микро және стандартты жер­ серіктері, ғарыш туризмі, ғарыш телескоптары, Айға база орнату, одан әрі өзге ғаламшарларға сапар дейсіз бе, сансыз сала бар мұнда. Әрқайсысы мол табыс әкеледі. Яғни, қазіргі ғарыш Жерді қашықтан зондтау, аэроғарыш түсірілімдерін жасау, байланыс және телекоммуникация тәрізді Қазақстан пайдаланып келе жатқан жүйелермен өлшенбейді. Олай болса, ғарыш айлағы бар мемлекет ретінде Қазақстан да бұл бәсекеге амалсыз кіруге мәжбүр. Тек әзірге бәсекеге қабілетті бола аламыз ба, жоқ па, ол жағына жауап беру қиын. Өйткені Қа­зақстандағы ғарышты зерттеу және игеруге бағытталған құжаттар мен жобалардан азуды айға бі­лейтіндей кесек дүние бай­қа­мадық. Атап айтқанда, Жерді қа­шықтан зондтаудың KazEOSat-3, KazEOSat-4 жасанды жер се­ріктерін жасау, «Бәйтерек» зы­мыран кешені тәрізді жобалар ғана көзге түседі. Тіпті, KazSat-2R жасаны жерсерігін жасаудан да бас тарттық. Ал ол алмастыруы тиіс KazSat-2 жер серігін пайдалану мерізімі 2023 жылы аяқталады. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жер серігінің орнынан инно­вациялық тәсілдер пайдала­н­а­тынын алға тартқан. Бірақ қандай екені беймәлім. Ал өзге жұрт болса, ғарышты зерттеу мен игеруге барын сала бастады. БАӘ Марсқа аппарат қондырса, Түркия Айға жетуді мақсат етіп қойды. АҚШ, Еуропа одағы, Жапония тәрізді ғарыш саласындағы көш­басшыларды айтпағанда, Қы­тай,Үндістан, Бразилия қатарлы елдер де саланы тым қарқынды дамытып келеді. Ал ғарыш айлағы бар Қазақстанның миллиардтаған долларлық нарықтан қанша үлес алуға бекінгені белгісіз.

Байқоңырдың басты бәсекелесі SpaceX

Ресейге 2050 жылға дейін жалға берілген Байқоңырға ең басты бәсекелес ретінде көбіне Қиыр Шығыста салынған «Восточный» ғарыш айлағы айтылып келген болатын. Алайда 2020 жылы қазақ даласындағы ғарыш айлағының негізгі бәсекелесі ресейлік нысан емес, америкалық жеке компания екені белгілі болды. Яғни, қазірдің өзінде Space X Байқоңырдың мүмкіндіктерін шектеп жатыр. Компания 2020 жылы мамырда Crew Dragon кемесі арқылы халықаралық ғарыш стансасына астронавтар жеткізді де, АҚШ-ты 2011 жылы Space Shuttle бағдар­ламасы жабылғаннан бері Ресейге кіріптар етіп келген жағдайдан құтқарды. Яғни, америкалық ға­рышкерлерге Илон Маск қо­сымша мүмкіндік берді. Ал 2011-2020 жылдары АҚШ астронавтары тек қана ресейлік «Союз» зымы­рандарымен ұшып жүрген бола­тын. Әрі әр ғарышкерге 80-90 млн доллар төлегені жайлы да дерек бар. Ал «Союздар» тек Бай­қоңыр­дан ұшатын. Сөйтіп, Байқоңырға орыстардың өздері салып жатқан «Восточный» емес, Space X бә­секелес болып шыға келді. Біз­дің пайымдауымызша, Илон Масктің зымырандары дамыған сайын Байқоңырдың ғарышты игеру мен зерттеудегі ықпалы әлсірей береді. Оның үстіне, АҚШ-та ХҒС-ға адам жеткізуді көздеп жүрген тек И.Маск қана емес. Қазірдің өзінде бірнеше жеке компания ғарышқа адам ұшыруды көздеп жүр. Олардың қатарында миллиардер Джефф Безостың Blue Origin, Ричард Брэнсонның Virgin Galactic тәрізді компаниялары бар. Олардың барлығы Орбитаға адам ұшыруды жоспарлауда. Ал АҚШ-тың Rocket Lab, Orbital ATK, Жапонияның Interstellar Technologies, Қытайдың OneSpace Technology тәрізді жекеменшік ком­паниялары жасанды жер серік­терінің барлық түрін ұшыруға қабілетті. Демек, ғарыш аппа­раттарын ұшыру ісінде Бай­қоңырдың мүмкіндігі күн санап азайып келеді. Оның «көзірі» ғарышқа адам ұшыру еді, аме­рикалықтар оны да көп көрген сыңайлы. Ал «Восточный» әзірге Байқоңырдың «нанын тартып» алмайды. Өйткені кемі 2024 жылға дейін «Восточныйдың» ғарышқа адам ұшыруға мүмкіндігі жоқ.

Байқоңыр Ресейге керек пе?

Кейде Ресейдің Байқоңыр ғарыш айлағынан мүлде бас тар­туы мүмкін екені жайлы айтылып қалады. Өйткені Мәскеу Қиыр Шығыста заманауи айлақ cалып жатыр. Тіпті, оның кейбір ұшыру алаңдары жұмысын бастап та кеткен. Оның үстіне, Байқоңыр үшін Қазақстанға жыл сайын 115 млн доллар төлеп тұру керек. Сырт көз үшін шынында да Ресей көп кешікпей Байқоңырдан кететіндей көрінетіні рас. Алайда біздің пайымдауымызша, әзірге Ресей Байқоңырды тастап кетпейді. Оған бірнеше себеп бар. Ең алдымен оны жалдау құны арзан. 115 млн доллар ғана. Оны орыстар тауармен береді. Екіншіден, айлақта КСРО-дан қалған көптеген ұшыру алаңы бар. Әрине, олардың көбі қазір қолданылмағанымен, қажет ке­зінде жетілдіруге болады. Үшін­шіден, Байқоңырдың азаматтық қана емес, әскери бағыттағы маңыздылығы тағы бар. Кезінде құрлықаралық баллистикалық зымырандарда ұшырылған. Төр­тіншіден, Байқоңырды жалға алу Ресей үшін Қазақстан мен Орталық Азиядағы ықпал ету аймағын сақтап отыру үшін керек. Мәскеу Байқоңырды бүгін тастап кете қалса, оны жалға алғысы немесе оған инвестиция салғысы келетін елдер мен компаниялар табылуы мүмкін. Сондықтан Ресей кемі 2040 жылға дейін Байқоңырдан кетуді ойламайды деп топшы­лаймыз. Оған жыл сайын ғарыш айлағынан ұшыратын зымы­рандарының саны дәлел болады. Мәселен, 2021 жылы Ресей ға­рышқа 25 зымыран ұшыруды жоспарласа, олардың 13-ін – Байқоңырдан, 7-уін – «Восточ­ныйдан», 4 еуін – Плесецкіден. Біреуін француздың Кура ғарыш айлағынан ұшырады. Сондықтан Байқоңырды тізімнен сызып тастау әзірге ерте. Бұл пікірді инженер Кемел Наушек те қол­дайды. Алайда ол Бай­қоңырдағы технологиялардың жаңартылғаны дұрыс деген пікірде. «Негізі, ұшыру алаңдары тозғанымен, оларды қалпына келтіруге болады. Ал зымыран қозғалтқыштарына келсек, концептуалды жаңа қоз­ғалтқыш жоқ. Сондықтан Бай­қоңырда ғарыш үшін қолданылып жүрген заманауи зымырандардың кез келгенін ұшыруға қолайлы алаң жасауға болады. Әрине, оны жасауға Қазақстанның мүмкіндігі жетпейді. Ал инвесторлар келсе, мүмкіндік туады», – дейді ол. Ал біздің пайымдауымызша, отандық ғарыш саласы Ресейге, ішінара француздарға иек артатын сияқты. Байқоңырда «Бәйтерек» зымыран кешені үшін «Назарбаев ұшыру алаңын» біз салуымыз керек те, «Союз-5» зымыран тасығышының базасындағы зымыранды ресей­ліктер жасайды. Жер серігін жа­сауды көздесек, француздармен тізе қосуға әзірміз. Бірақ, жалпы алғанда ғарыш саласының тех­нологиялары түбегейлі жаңара қойған жоқ, демек Байқоңыр да мүлдем ескірді деуге келмейді. Бірақ кешендегі мүліктің қан­шалықты аман екені – басқа мәселе. Шетел блогерлері «Буран» тұрған ангарға ұрлана кіріп, тағы бір пысықайлар ескі ұшыру алаң­дарындағы барлық сымды ұрлап кеткенін ескерсек, техно­логияның жарамдылығы емес, оның қалған-қалмағаны дейтін мәселе туын­дайтын шығар.  

Ардақ СҰЛТАН