Әкімінің орынбасары баласына жер телімін бөліп бергені үшін жазаланды
Әкімінің орынбасары баласына жер телімін бөліп бергені үшін жазаланды
135
оқылды

Әдеп жөніндегі кеңесте Байғанин ауданы әкімінің орынбасары, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының бас маманы-заңгерге, Қарауылкелді, Ащы, Көлтабан, Қызылбұлақ, Миялы, Жаңажол, Жарқамыс ауылдық округтерінің әкімдеріне қатысты тәртіптік іс қаралды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті хабарлады.

«Аудан әкімінің орынбасары Б.Боранбай жер телімін бөлу кезінде баласының атындағы «Абдулла» шаруа қожалығына басымдық берді. Ол 15 бас малы бар шаруашылықтың жайылымы үшін 2400 га жер беруге шешім қабылдаған. Сөйтіп, ол комиссия төрағасы бола тұра мүдделер қақтығысына жол берді. Сонымен қатар «Райса», «Төре» және «Нұр» ШҚ-ның жеке қаржысы инвестиция емес деген оймен өтінімдер комиссия мүшелерінің ашық дауысына салынбаған. Жер комиссиясы мүшелері жазбаша пікір білдіру құқығын пайдаланбаған», – деді агенттің өкілі.

Бұл шешімнің шыққанынан кейбір ауыл әкімдері мен комиссия мүшесі бейхабар. «Қаржыны инвестицияға жатпайды деген әңгіме мүлде айтылмады. Комиссия хатшысы мен төрағаның айтуынша, аталған шаруа қожалығының құжаттары толық болмаған. Сөйтіп, кері қайтарылды. Өз басым дауыс беруді ұсындым», – деді Жаңажол ауылдық округінің әкімі. Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Б.Боранбай, Байғанин ауданы әкімі аппаратының бас маманы-заңгер Н.Калменова, Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі Ж.Абитов, Ащы ауылдық округінің әкімі С.Құлбатыр, Көлтабан ауылдық округінің әкімі С.Бітімбай, Қызылбұлақ ауылдық округінің әкімі Ж.Талдыков, Миялы ауылдық округінің әкімі И.Мәнібаев, Жаңажол ауылдық округінің әкімі К.Конкаев, Жарқамыс ауылдық округінің әкімі А.Жұбаналинге ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Ал Байғанин аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Д.Ауелбаевтың ісі бір жыл ішінде екінші рет Әдеп кеңесінде қаралып, оған мемлекеттік лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды.