Еуропаның 12 жетекші командасы бірлесіп, жаңа турнир – Еуропалық Суперлига құру туралы келісімге келді. Әйгілі «Милан», «Арсенал», «Атлетико», «Челси», «Барселона», «Интер», «Ювентус», «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед», «Реал» және «Тоттенхэм» командалары Суперлиганың негізін қалаушы клубтар ретінде тізімге қосылды. Алда бұл тізімге тағы да үш команда қосылуға ниетті.
Негізін қалаушы клубтар жаңа турнирдің де, жалпы футболдың да келешегін қамтамасыз ету үшін УЕФА және ФИФА-мен бірлескен ынтымақтастықты талқылау өткізуді жоспарлап отырған көрінеді. Егер бәрі ойдағыдай болса, көптің талқысына түскен таңдаулы турнир тамыз айында басталады. Әзірге жағдай шиеленісіп тұр. Бұл мәселеге қатысты УЕФА арнайы мәлімдеме жасады. – Егер ол құрылса, біз жоғарыда аталған ұйымдар, сондай-ақ ФИФА және біздің барлық қауымдастығымыз қоғамда ынтымақтастықты қажет ететін уақытта бірнеше клубтың жеке мүддесіне негізделген осы қитұрқы жобаны тоқтату үшін күш-жігерімізді біріктіретінімізді қайталағымыз келеді. Біз Суперлига құрылмауы үшін барлық деңгейдегі шараларды қарастырамыз – сотта да, спортта да. Әділ бәсекелестік пен спорттық құндылықтар футболдың негізін құрайды. Басқаша болуы мүмкін емес. Бұрын УЕФА мен алты федерация мәлімдегендей, Суперлигаға қатысуға келіскен клубтардың ұлттық, еуропалық немесе жаһандық деңгейдегі басқа жарысқа қатысуына тыйым салынады, ал олардың ойыншыларына ірі халықаралық жарыстарда өз құрамасының атынан шығуға мүмкіндік берілмейді. Жобаға қатысудан бас тартқан басқа елдердің, оның ішінде француз бен неміс клубтарына алғыс айтамыз. Барша футбол жанкүйерін, саясаткерлерді бұл жобаға қарсы тұруға шақырамыз, – делінген хабарламада. Расымен, УЕФА ресми түрде Суперлига ойыншыларына өз құрамаларында ойнауға тыйым салынатынын хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралдары да тосын жаңалықтан кейін Суперлигаға енген клубтар осы маусымда еуропалық жарыстан шеттетілуі мүмкін екенін жазып жатыр. Ал Суперлига президенті болып сайланған Флорентино Перес: «Егер Суперлига ойыншыларына 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатында ойнауға тыйым салынса, біз өзіміздің әлем чемпионатымызды құрамыз. Бұл қиын емес» деп жалпақ жұртқа жар салды. Суперлига тақырыбы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Еуропалық Суперлига құрылғаны расталғаннан кейін алдағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ойындары кейінге қалдырылуы немесе мүлдем өтпеуі мүмкін деген ақпарат тарады. Дегенмен журналист Фабрицио Романо қазір УЕФА алдағы Еуропа кубогы ойындарына қатысты ешқандай мәлімдеме жасамағанын атап өтті. Журналист Роб Харрис те турнирлердің тоқтатылмағанын айтты. Бүгінде аталған мәселеге қатысты жер-жерде қызу пікірталас жүріп жатыр. Клуб басшылары мен жанкүйерлер осы оқиғаға қатысты үн қатып, ойларын ортаға салды. «Ливерпуль» жанкүйерлері стадион маңында Суперлигаға қарсы баннерлерді ілуді бастап кетті. Ондағы RIP Liverpool 1892-2021 деген жазбаны оңай байқауға болады. Бір қызығы, жаңа турнирге қатысудан «Бавария» мен «Боруссия» бас тартып отыр. Немістер бұл турнир футболға жасалған қастандық деген шешімге келді. «Аталанта», «Верона» және «Кальяри» футбол клубтарының басшылығы да «Ювентус», «Милан», «Интер» футбол клубтарын А Сериясынан шеттету жайлы өтініштерін жеткізді. Біз осы ретте аталған турнир жайында спорт мамандарының пікірін білген едік. Спорт журналисі Есей Жеңісұлы Суперлиганың құрылуына қарсы екенін айтты. – Cуперлига – қазіргі заманның тікелей көрінісі. Яғни, дәулеттілердің дәулеті арта түседі, кедейлер одан әрі кедейлене береді. Аражік одан әрі алшақтайды. Футбол миллиондардың ойыны десек, ол кейінгі жылдары таңдаулы, санаулы топтардың ермегіне айналып барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ПСЖ мен «Манчестер Ситиді» шейхтар сатып алған кезде ешкім аса бір қорқа қоймап еді. Бірақ бір футболшының трансферіне 200-300 миллион доллар еуро жұмсай алатын топ пайда болған кезде футбол нарығының астан-кестеңі шықты. Сөйтіп, аса үздік командалар шыға бастады. ПСЖ соңғы 7-8 жылда Франция чемпиондығын ешкімге бермеді. Екі рет ЧЛ жартылай финалына шығып отыр. Сити де «Манчестер Юнайтеттің» босағасындағы команда саналған еді. Қазір МЮ-ді айдалаға қалдырып, АПЛ-дағы чемпиондық атағын ешкімге бермей жүр. Арасында «Челси» мен «Ливерпуль» бас сұғып қалады. Биыл Сити ЧЛ жартылай финалына шығып отыр. Демек, ақша салтанат құрып бара жатыр. «Арсенал», «Интер», «Барселона», «Милан», «Тоттенхэм», «Реал», «Атлетико Мадрид» секілді азуын айға білеген командалардың өзінше турнир құрып, футболдан түсетін қаржыны бөлісіп отырғысы келетіні бұрыннан белгілі болатын. Сол идея жүзеге асқалы отыр. Қарапайым футбол жанкүйері ретінде мен бұл бастамаға қарсымын, – дейді Есей Жеңісұлы. Оның айтуынша, бұдан кейін футболда еш мән қалмайды. Айталық үздік ойыншы шартты түрде «Миланда» ойнады делік, онда ол өзге турнирлерді шетке ысырып қойып, Суперлига чемпионы болуға бар күшін салатынын айтады журналист. – Өйткені ЧЛ алатын ақшаны шартты түрде 70 миллион доллар десек, олар бір маусымның өзінде Суперлигадан 3,5-4 миллиард долларға дейін пайда табады. Сонда сол қызық па, әлде ЧЛ-ның түкке татымайтын ақшасы қызық па? Өзіңіз ойлай беріңіз. Сөйтіп, футболдың мәні кете бастайды. Футболшылар тек Суперлигаға көңіл бөле бастайды. Ұлттық құрамадағы ойындар да жайына қалады. Еуропа футбол қауымдастығы әлемдегі ең мықты және ең табысы мол турнир етіп ЧЛ-ны 1992 жылдан бастап шығарды. Соңғы реформа бойынша қазіргі 32 команданың орнына тағы 4 команда қосып, жолы болмаған 4 супер клубқа қосымша квота ашып отыр. Соған бір күн қалғанда футболға тағы бір революция жасап отыр ғой. Демек, олар футболды, адамның құндылығын сатты. Еуропа футбол клубтарының қауымдастығында болған Ювентустың президенті Андрье Аньели қазіргі қызметін тастап, Суперлигаға кетіп жатыр. МЮ-дің спорттық директоры Эд Вудвард та ақша үшін УЕФА-дағы қызметінен кетті. Олар үшін ақша бірінші орынға шықты. Егер Суперлига үлкен футболға енетін болса, біз сүйіп көретін футбол ешқашан бұрынғыдай болмайды, – дейді Есей Жеңісұлы. Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен де үздік клубтардың ақша үшін бұлай бөлініп кетуі дұрыс емес екенін айтады. – Суперлиганы құруды ойлаған адамдар қаржыны, ақшаны, жарнаманы УЕФА-мен бөлісе алмағандықтан, осындай қадамға барып отыр. Яғни, бөлек табыс тауып, бөлек коммерциялық жоба жасағысы келеді. Бұл ЧЛ мен ЕЛ сияқты жарыстарға кедергісін келтіреді. Сондықтан мен бұл бастаманы құптамаймын, – дейді Ермұхамед Мәулен. Жақында Суперлигаға байланысты УЕФА ФИФА-мен бірлесіп, А Сериясы, Ағылшын Премьер лигасы, Ла лига басшыларымен бірге отырыс өтіп, бұл мәселе жан-жақты талқыланады. Содан соң нақты шешім қабылданады. Қайткен күнде де футболды үлкен өзгеріс күтіп тұр.Абылайхан ЖҰМАШ