Осыдан біраз бұрын «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалында облыс әкімі, партияның облыстық филиалы төрағасы А. Баталовтың төрағалығымен облыстық саяси кеңес бюросының отырысы өтіп, онда басқа мәселелермен бірге облыстық сайлауалды бағдарламаның бағыттары бойынша аймақтық қоғамдық кеңестердің төрағалары, құрамдары және ережелері бекітілген болатын. Әр кеңестің атқарған жұмысы сараланып, алдағы мақсаттары айқындалған еді. Сол өңірімізде құрылған 12 қоғамдық кеңестің бірі – мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі Miras қоғамдық кеңесінің төрағасы Нүсіпбай Абдрахимовпен жолығып, бірер сауалды көлденең тарттық.
– Нүсіпбай Додабайұлы, осы қоғамдық кеңесті басқарып келе жатқаныңызға біраз жыл болды. Партияға қатысты жұрттың сенімін арттыруға ықпал ететіндей шаралар атқара алдық деп айта аласыз ба? – Сайлауалды бағдарламаның орындалуы – ел сенімін нығайтады. Осыған орай айтарым, ендігі жерде алдағы мақсаттарымыз негізінен биыл өткен сайлау кезінде партиямыздың жұрт алдында берген уәделерінің, ұсынған бағдарламасының орындалуын қамтамасыз етуге бағытталады. Бұған дейін де қарап отырдық дей алмаймын. Мүмкіндігімізше, өңіріміздегі өнер мен мәдениеттің өркен жаюына ықпал етуге тырысып бақтық. Елімізді індет есеңгіреткен өткен жылдың өзінде карантин талаптарын сақтай отырып, бірнеше отырыс өткізіп, күрделі 6 мәселе қарастырдық. Атап айтсам, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру, Алматы облысындағы мәдениет ошақтарының жай-күйі мен мәдени саясатты жүзеге асыру және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы міндеттердің Алматы облысында орындалу барысы мен тағы басқа да мәселелерді талқылап, тиісті ұсыныстар жасадық. Шығармашылық одақтардың облыстық бөлімшелерінің жұмысын жандандыру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту сияқты өзекті мәселелерге де назар аудардық. Қоғамдық кеңестің отырыстары қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн түрде өткізіліп келеді. Мәдениеттің, өнердің және патриотизмнің өзекті мәселелері бойынша кеңес мүшелерінің мақалалары мен сұхбаттары дайындалып, Кеңестің қызметі мен отырыстары жайлы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланып жүр. – Облыста өнер мен мәдениет саласында мәселелер жоқ деп айтуға келмейді... – Әр отырыс кезінде Алматы облысындағы мәдениет ошақтарының жай-күйі және мәдени саясатты жүзеге асыру мәселелері туралы мекемелер басшылары мен жауапты мамандардың баяндамалары тыңдалады. Сөз басында айтып өткенімдей, сол баяндамаларда айтылғандарға және БАҚ арқылы белгілі болған тағы да басқа жағдайларға қатысты ұсыныстар қаралып, шешімін тауып келеді. Тек атқарылған жақсы істерді тізбелеумен ғана шектеліп қалмаймыз. Өзекті мәселелер мен орын алып отырған кемшіліктерді түзету жөніндегі ұсыныстардың орындалуын да қадағалаймыз. – Алдағы кезде атқарар жұмыстарыңызға қатысты өзгерістер бар шығар? – Жақында «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы Miras қоғамдық кеңесі жайлы жаңа Ереже бекітіліп, оның мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалды. Онда «Miras қоғамдық кеңесі – Қазақстан Республикасының мәдениет, өнер, бірлік және келісім, сондай-ақ Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамыту саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі партия жанындағы консультативтік кеңесші орган болып табылады және 2025 жылға дейінгі партияның Алматы облысы «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының (бұдан әрі – партияның сайлауалды бағдарламасы) «Мәдени және зияткерлік қоғам» және «Біртұтас және біртұтас ұлт» бағыттарын тиімді іске асыру мақсатында құрылады» делінген. Яғни, партия жанындағы консультативтік кеңесші орган негізінен партияның аталған сайлауалды бағдарламасының бағыттарын жүзеге асыру мәселелерін қадағалауды мақсат етеді. Қоғамдық кеңес отырыстары жылдық жоспар бойынша әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Жұмыс реті бойынша көшпелі, онлайн отырыстар өткізу де тәжірибеге енгізілген. Осы жолы Miras аймақтық қоғамдық кеңесі жаңа құраммен, қоғамдық өмірде белсенді, көпшілік арасында беделді азаматтармен толықты. Олармен алдағы уақытта «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жемісті жұмыстар атқарамыз деп ойлаймын.Әңгімелескен Болат Абаған, Алматы облысы.