Бауыржан Байбек Алматыдағы жер мәселесіне қатысты Мамайдың пікіріне жауап берді
Бауыржан Байбек Алматыдағы жер мәселесіне қатысты Мамайдың пікіріне жауап берді
143
оқылды

Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде Алматыдағы жерлерге қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Осы мәселеге «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек блогер Тәңірберген Бердіоңғаровқа берген сұхбатында жауап берді.

«Мәселелердің үлкен бөлігі Алматы әкімі болған кездегі менің қызметіме қатысты болып келеді. Жерлер тартып алынған деп айыптап жазуда. Бірақ жердің киесі де, иесі де бар ғой, ол – халық. «Қазақфильм» жеріне келсек, бұл 100% мемлекеттік кәсіпорын. Ол кеңес кезінде құрылған және 17 гектар жерге ие. Ол жер әрдайым қаланың меншігінде болған. Жер телімінің бір бөлігінде «Қазақфильм» ғимараттары орналасқан, екінші бөлігінде жасыл аймақ. Онда сондай-ақ фильмдер түсіріледі, декорациялар орналастырылады. Содан «Қазақфильм» басшылығынан өтініш түсті: олар қаладан сол жерде жақсы этноауыл тұрғызуға инвестиция салуды сұрады. Идея солардікі болатын», – деді Б.Байбек. Яғни, сол маңда ұлттық кино түсіруге де жарайтын қазақы ауыл көрінісі орнауға тиіс болды. Қала бұл жобаны қолға алды. Жер бірнеше бөлікке бөлінді. «Соның ішінде 5,5 гектар қала жерін «Қазақфильмнен» бөліп алу туралы шешім қабылданды. Осы 5,5 гектар жер телімінде бой көтеретін, қала қаржыландыратын жобаның техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленді. Барлығы мәдениет басқармасының балансына берілді. Онда этно-ленд орнауы тиіс-тін. Елестетіңізші, сіз мыңдаған жылдық тарихы бар қалаға келесіз, сақ мәдениетімен танысасыз. Туристерді, қонақтарды апаруға болатын көрнекті жер пайда болады. Әйтпесе, Боралдайдағы сақ қорғандары алыста. Ал мына жерде байырғы қазақ тұрмысына қатыстының бәрін көруге болады. Садақтан оқ атып, өз қолыңмен қазы-қарта қайнатуға, сақ киімдерін киіп, суретке түсуге болады. Өте нақты, түсінікті жоба. Ол «Қазақфильмге» де, қалаға да, туризмге де қызмет етер еді», – дейді Бауыржан Байбек. Оның мәліметінше, әкім болған 4 жыл ішінде жыл сайын Алматыға келген туристер саны 10%-ға артып отырыпты. Тек 2018 жылы ғана шетелдік саяхатшылар саны 35%-ға өсіп, миллионнан асқан. «Көкжайлау» шатқалында заңсыз құрылыс жүргеніне қатысты да сын болды. «Көкжайлауды туризмге тарту жоспарланды. Бұл жоба 2013 жылы басталыпты. Мен 2015 жылы әкім болып бардым. Жоба кең талқыланыпты, конвенцияға сай қоғамдық тыңдаулар өткен. Жобаға қатысты көзқарас әрұдай болды. Әкім болып тағайындалғаннан кейін екі апта өткенде девальвация жүрді. «Алматы Арена», «Халық Арена», 1400 пәтерден тұратын «Атлетикалық ауыл» құрылыстарын аяқтау керек еді. Құрылыс болса, мерзімінен 2-2,5 айға қалып қойған. Екі ортаға девальвация килікті. Ақыры жағдайдан лайықты шығып, Универсиаданы өткіздік. Әлемде миллиардтан астам адам Алматы туралы білді. Бұл экономикалық тұрғыдан табысты универсиадалардың бірі болатын. Оны өткізген соң, «Көкжайлау» ірі жобасына кірістік», – деді Б.Байбек. Жобамен Францияның халықаралық компаниясы айналысты. Ол орасан зор көлемде құрылыс, қаптаған қонақүй салмақ болған. Бірақ іргеде Алматы тұрғанда, ол жақта қонақүйлік кешен салу орынсыз екені аңғарылды. «Ол жерлерді жеке тұрғын үй салу үшін тартып алды деп айыптайды. Бұл жалған сөз. Біз керісінше, ағаш кесу көлемін 17 есе қысқарттық. Жоба бойынша 22 мың ағаш орнына 1280 ағашты кесуге рұқсат етілді. Құрылыс ауқымын да бірнеше есе азайттық. Жоба құны да 4 есе арзандады. Бұл – тау-шаңғы курорты емес, жыл бойғы отбасылық курорт жобасына айналды. Осы қысқартулар арқасында қаладан Іле-Алатау паркіне 102 гектар жер қайтарылды. Біз 2017-2018 жылдары сол жерлерге ревизия жүргіздік. Сонда анықталғандай, бұл жерлер бұрын Алматы облысына тиесілі болыпты және 5 гектары жекеменшікке беріліп қойылған. Біз осы 5 гектарды қала меншігіне қайтардық», – деп түйді Бауыржан Байбек. https://youtu.be/sW0hsZRV6dU