Армияның тірегі – отандық өндіріс
Армияның тірегі – отандық өндіріс

Елімізде тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде өз­­ге­ше сипатта дамыған салалар бар. Солардың қатарына қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені кіреді. Тәуелсіз Қазақстанның қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені 90-жылдардағы күрделі эко­­номикалық дағдарыстан өтіп, заманауи сұраныстарға бейімделген, жаңа технологияға негізделген салаға ай­налды. Әрі бұл сала елді индустрияландырудың бір бөлігі еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кез келген армия бюджетке сүйенеді, алайда әскери-өнеркәсіп кешені – елді индустрияландырудың бір саласы. Онда адамдар жұмыс істеп, өнім өндіреді, жалпы ішкі өнімге үлес қосады, аза­маттар табыс табады, олардың білігі артады» деген бо­латын. Яғни, қорғаныс-өнеркәсіп – тұтас ел дамуына үлес қосатын кешенді сала.

Ескінің бәрін жаңғыртқан жоқпыз

Рас, бізде КСРО кезінде әске­рилерге арналған тауар өндіретін кәсіпорындар мол болған. Одақ тұсында Қазақстанда қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің құрамына кіретін 50-ге жуық кәсіпорын жұ­мыс істеді. Қазақстанда әскери кәсіпорындармен қатар, сынақ полигондары, әскери ғы­­лыми-зерттеу нысандары болды. Атап айтқанда, Семей полигонында ядролық сынақ жасау жүйелерімен бірге зерттеу орталықтары, ядро­лық емес қаруды тек­серетін ке­шендер жұмыс істеді. Бай­қоңырда зымыранды сынақтан өткізетін орындар, Арал теңізіндегі «Воз­рождение» аралында биологиялық қаруды сынайтын орталық болды. Қысқасы, қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне ел аума­ғының 7 пайы­зын иеленіп жатқан 8 ірі сынақ по­лигоны кірді. Тіпті, әлемдік мұ­хиттардан мыңдаған шақырым алыста жатқан Қа­зақстанда Кеңес әскери-теңіз флоты үшін газдық қозғалтқыш қондырғысы бар тор­педа жасайтын жалғыз зауыт ор­на­ласқан еді. Сол кезде қорға­ныс-өнеркәсіп кешені қазіргі өл­шеммен алғанда құны 1-1,5 млрд долларға тең болатын тауар өндірді. Алайда өткен ғасырдың 90-жыл­дары Одақ ке­зіндегі байланыстар үзілгенде қорғаныс-өнеркәсіп кешені де әл­сіреді. Көптеген зауыт жұ­мысын тоқтатты. Әрі әскери тауар­лар шы­ғаруда Одақта көш бастаған Ресей, Украина сияқты елдер өз армия­сына қажет өнім­дерді жасату үшін өз кә­сіпорындарына тапсырыс бере бастады. Қазақстандық кә­сіпорындар өніміне сұ­раныс азай­ды. Тіпті, мүлдем тапсырыс түс­пейтін болды. Сондықтан Қазақ­стан бұрынғы әскери кәсіпорынның бар­лығын емес, өз мүддеміз бен ұстанған саяса­ты­мызға сай келетіндерін дамытуға кірісті. Қал­ғанын конверсия жасап, аза­маттық мақсаттағы өнімдер шығаратын етіп қайта құрылымдауға ұмтыл­дық. 90-жылдардың соңында Қа­зақстанда әскери өнім шы­ғарған жалғыз зауыт жұмыс істеп тұрды. Ол – Оралдағы «Металлист» зауы­ты. Онда НСВ-12,7 «Утес» ірі ка­либрлі пулемет жасалатын. Өзге кәсіпорындар техника жөндеумен, қосалқы бөлшектер жасаумен, азаматтық саланың өнімдерін шы­ғарумен айналысты. Дегенмен Қа­зақстан қару сатып баюды көз­демейтінін аңғартты. Бәлкім, содан да шығар тәуел­сіздік алған­нан кейінгі алғашқы жыл­дарда Қазақ­стан қорғаныс өнеркәсібіне шетел инвес­ти­циясын тартуға асыққан жоқ. Тек арада жылдар салып бұл саланы алдымен өз қар­жымызға, кейін бірлескен кәсіп­орын­дар ар­қылы дамытуға кірістік.

Ел еңсесі тіктелген соң дамыды

Негізі, қорғаныс өнеркәсібінің дамуы ел еңсесін тіктеумен қатар жүрді. 2003 жылы Үкіметтің қаулы­сымен «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ құрылды. Холдинг ретінде құрылған бұл компания машина жасау сала­сындағы бірқатар кәсіпорынды қорғанысқа қажет өнім шығару бағытында біріктірді. Бүгінде бұл холдингтің құрамына 24 өндірістік кәсіпорын кіреді. Соның ішінде 18 еншілес және тәуелді компания бар. Ал 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қарулы Күш­тердің қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ ҚР қорғаныс өнеркәсібі кешенін 2015 жылға дейін дамытудың мемле­кеттік бағдарламасын» бекітті. Бұл бағдарлама арқылы Қазақстан ар­миясының қолындағы қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу және жетілдіру, оның ішінде бұл тапсырманы Қазақ­­станның кәсіп­орындарында орындау мақ­саты көзделген еді. Одан бөлек бағдар­лама әскери әуе техни­касының жаңа түрлерін сатып алу, қорғаныс-өнеркәсіп кәсіп­орындарын да­мытуды да мақсат еткен-ді. «Қа­­зақстан инжиниринг»ҰК» АҚ осы бағдарламаны орындауда шешуші рөл атқаруы тиіс еді. Солай болды да. Бүгінде холдинг құрамына кі­ретін кәсіпорындар оптикалық құралдар, түнде көру жабдық­тарын, радиостансалар, катерлер мен ша­ғын кемелер, бронды көліктер, пилотсыз ұшатын аппараттарды жасап жатыр. Бұдан басқа қор­ғаныс-өнеркәсіп кәсіп­­орын­дарының арасында тікұшақ құрас­тырып, танктерді модерни­зация­лайтындары бар. Осылайша, сала­ның әр зауыты армияны қарулан­дырып, бюджетке салық арқылы табыс түсіріп, азаматтарға жұмыс тауып беріп отыр. Әрі ғылымның дамуына да қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің қосар үлесі зор екенін атап өту керек. Өйткені әскери тех­никаларды жобалау, оларды құ­растыру, қару-жарақтың немесе оптикалық құрал­дардың жаңа тү­рін ойлап табу ғылымды қажет етеді. Сонымен бірге конструк­торлық бюролар да әдетте қорғаныс мақ­­сатындағы ғылыми орталықтар жа­нынан құрылатыны бар. Тарих­та­ғы көп­теген техника солай пайда болған. Су, МиГ, Ту ұшақта­рының сызбалары әскери кон­структорлық бю­роларда жасалды. Атақ­ты Porsche­ автокөлігінің конструкторы Фер­динанд Порше өз кезінде Tiger P танкісін, Ferdinand артилле­рия­лық қон­дырғысын жасауға атса­лысқаны бар. Мұның өзі қор­ғаныс өнеркәсібінің ғалымдар ынта­лан­дырып, ғылыми орталықтарды дамытуға орасан зор ықпалы бар екенін көрсетеді. Бүгінде Қазақ­станда жұмыс істеп тұрған шағын конструкторлық бюролардың бар­лығы дерлік қорғаныс-өнер­кәсіп зауы­тының жанынан ашылған.

Өз кемеміз бен бронды көлігіміз бар

Егер Қазақстанның қорғаныс-өнер­кәсіп кешені өнімдерін сана­малайтын болсақ, олардың сан түрлі екенін байқауға болады. Кемелерден бастап бронды көлік­терге дейін жасап жатырмыз. Мә­селен, 2012 жылы Оралдағы «Зе­нит» зауыты ал­ғаш рет отандық артиллериялық-зымыран катерін жасады. «Қазақстан» деп аталатын катер 250 «Барс-МО» жобасы аясында дүниеге келді. 2013 жылы тура осы жо­бамен «Орал» катері суға түсірілді. Бүгінде мұндай ка­тердің бірнеше данасы Әскери-теңіз күштерінде қызмет етіп жүр. Одан бөлек «Лашын» атты дивер­санттарға қар­сы катер елімізде жасалды. Сөйтіп, 90-жылдары Түркия сыйға тартқан бірне­­ше ка­тер ар­қылы жасақталған Әскери-теңіз күштері қазір отандық ке­мелердің игілігін көріп жүр. Ал құр­лық әскерлері Оңтүстік Аф­рика Республикасының Marauder брон­ды автомобилі базасында құрас­тырылған «Арлан» көліктерін пай­­даланады. Оған алдағы уақытта 8х8 доң­ғалақ формуласына негіз­делген «Ба­рыс» көліктері қо­сы­лады. Қазақ­станның қор­ғаныс-өнеркәсіп кешені бүгінде «Тарлан» зымыран қондырғысын, 53-65КЭ торпедасын, Н125, Н130 және EC145 тікұшақтарын, А360 түнде көретін нысан көздеуішті, А100 монокулярлы және А230 биноку­­лярлы құралын, теп­ловизор, радар, радиолокациялық стан­са, соның ішінде француздармен бірлесе құрастырған GM-403 «Нұр» РЛС, Skylark I-LEX пилотсыз ұшатын аппараттарды жасап жатыр. Оған жуырда әскерилер сынақтан өт­кізген отандық «Шағала» пи­лотсыз ұшатын аппаратты, Ұлттық қор­ғаныс университеті мен өзге де құ­­рылым­дарда жобаланып, сынақ­тан өткізіліп жатқан өзге де тех­никаларды қосуға бо­лады. Отандық кәсіпорындар Т-72 танк­тері, БМП, БТР техникаларын мо­дер­­ни­за­циядан өткізіп, Әскери әуе күш­тері қол­данып жүрген барлық ұшақ пен тік­ұшаққа орта деңгейлі жөн­деу жүргізуге қауқарлы. Әрі отан­дық компа­ниялар шетелдердің көпте­ген кәсіпорындарымен тізе қоса жұмыс іс­теуде. Қазақстан қорға­ныс-өнер­кәсіп саласында ең басты әріп­тес ретінде Ресейді таң­дағанымен, Ук­раина, Беларусь, Түркия, Израиль, Франция, ОАР, Қытай тәрізді мемле­кеттермен ты­ғыз әріптестік орнатқан. Қор­ғаныс кәсіп­орындары еуропалық Airbus Group, түркиялық Aselsan, оңтүс­тікафрикалық Marauder, фран­циялық Thales, израильдік Elbit Systems тәрізді компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Бұл компаниялардың көбі Қа­зақ­станда бірлескен кәсіпорын аш­қан. Де­мек, олар Қазақстанға сенім біл­дірді деген сөз. Әрі бір­лескен кә­сіпорын ашу қазақ ба­ласын қалай болғанда да тех­ника мен ғылымға үйір қылары анық. Өйткені әскери техниканы құрас­тырып жүрген жігіттер мен қыздар алдымен бі­лімдерін же­тілдіреді, одан соң тә­жірибе жинау ар­қылы саланың білікті маманына ай­налады. Оның үстіне әскери тех­ника­ларды құ­растыру ісінде отан­дық өнім­дердің үлесін арттыру деген мақсат бар. Мә­селен, «Ша­ғала» пилотсыз ұша­тын ап­парат компо­ненттерінің 76 пайызы отандық өнім. Демек, елі­мізде техно­ло­гияны дамытуға қор­ғаныс-өнеркәсіп ке­шендері қос­қан һәм қосатын үлесі зор.  

Ардақ СҰЛТАН