Мәңгілік ел – мемлекеттілік ұстыны

Мәңгілік ел – мемлекеттілік ұстыны

Осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын, 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын ұсынды. Жаһан жұрты 2008 жылғы қаржы-экономикалық дағдарыстан енді шығып, бар-жоғын түгендей бастаған тұста айтылған бұл идея ел тәуелсіздігін баянды етіп, ұлт мұратын мәңгілік азат болуы аңсарымен тоғыстырған ой еді. Өйткені Қазақстан бір күн, бір жыл, тіпті бір ғасырды ғана емес, мыңжылдықтар бойы тәуелсіз мемлекет болуды мұрат тұтқан халықтың мекені. Елбасы халықтың осынау аңсарын ресми түрде «Мәңгілік ел» идеясымен бекемдеді. Бұл – мемлекеттік идеология.

Көк түріктің құнды өсиеті

Күн сөнгенше тұратын мем­лекеттілік идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Ғалымдардың бай­ламынша, алғаш рет «Мәңгі ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күл­­­тегінге арнап қойылған бітік таста жария етілген. Ашина руынан шық­­­­қан Күлтегін 684-731 жылдары ғұмыр кешкен. Осы VII ғасырда Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгі ел» деп өсиет қал­дырыпты. Яғни, азаттығымыз бен мемлекеттігіміздің түп-төркіні сияқты біздің қазіргі заманғы жал­пыұлттық идеямыз да көне та­рих­тан бастау алады. Профессор Қaржaубaй Сaртқо­жaұлы: «Мәңгілік ел – түрік жұр­тының дaнaгөйі, үш бірдей қaғaн­ның кеңесшісі болғaн aтaқты То­ныкөк (Тұй-ұқық) негізін қaлa­ғaн идея», – дейді. Тарихшы, түркітанушы, зерт­теуші Нұртас Смағұловтың ай­туынша, Орхон өзені бойындағы Күлтегін бітік тасындағы көне жазуда ата-бабаларымыздың күшті мемлекет орнатудағы халыққа арнаған үндеу-манифесі жа­рия­ланған. «Онда түріктер өздерінің қа­һармандық істерін, мемлекет құ­рудағы зор жетістіктерін мәңгі тасқа арнайы ойып жазып қал­дырған. Күлтегін ескерткіші екінші Түрік қағанаты кезіндегі маңызды кезеңдерді қамтыған тарихи шы­ғарма және мәңгілік мұра. Күлтегін жазбасындағы ежелгі түркілердің үндеу-манифест мазмұны – елді біріктіріп, болашаққа нық сенім­мен қадам басу ниетінен туындаған мемлекеттік маңызы бар құжат-акт болды. Негізінде, Күлтегін жазба ескерткішінің өзі Мәңгі ел орнату жолындағы жан берген түрік та­рихының шежіресі еді. Бұл – бір­ліктің, ынтымақтастықтың сим­волы болған киелі орын, мәңгілік ел орнатамыз деген елдің тұтас­тығының белгісі. Күлтегін жы­­рында түрік елінің ең басты идеясы Түрік қағанатының мемлекеттік тәуелсіздік актісі – «Мәңгілік ел» идеясы саяси манифест түрінде салтанатты түрде халыққа жария етілді», – дейді ғалым. Елді басқарған қағандар үшін түркі халқын оятып, біріктіріп, Түрік қағанатын орнату жолында ұлы жорықтар жасап, ортақ мақ­сатқа елді жұмылдыруға осын­дай үн­деу-манифест аса қажет болды. Манифесте халықты азат болу үшін күреске шақырып, өзге елге кіріп­тар, бағынышты болмауға, көрші қуатты мемлекеттің шы­ғарған тұр­мыстық заттарына қы­зығып, олар­дың арбауына түсіп қалмауға ша­қырады. Түркінің еш елден кем емес, қайта артық еке­нін мәлімдеп, оларға өз құ­қығын қорғауға үн­дейді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін түркі халқының рухын оятып, «көк түрік» болып бірігу міндеті тұрды. Өзге елге бодан бол­май, өз алдына тәуелсіз еркін Түрік империясын орнату қолға алынды. Кейін моңғол басқыншылығы заманында бұл идея ұмытылды. Ресей патшасы және бертінде Кеңес өкіметі бұл идеяны ұлттық жадтан жоюға бар күшін салды. Барлық тарих кітаптары мен оқу­лықтарында ғана емес, тіпті көркем әдебиетте де дәл осы сөз тіркесінің қолданылмауына баса мән берілді. Тіпті, «Көк Түрік бабам» деп айт­қызбады, олай рухтана сөйле­ген­дерге жала жауып, қуғын-сүр­­­гінге салды. Осылайша, «Мәңгі ел» тұ­жы­­­рымдамасының болғанын халық, жас ұрпақ білмейтін дә­режеге жетті. Тек тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін ғана зерттеушілердің еңбек­терінде қасиеті сол осы ұғым қайта жаңғырды.

Қайтсек, Мәңгілік ел боламыз?

Күлтегін жазуындағы тасқа қашалған актіден кейін «Мәңгілік ел» идеясы алғаш рет тәуелсіз Қа­зақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың қағазға басылған актісінде көрініс тапты: көк түріктерден келе жатқан ұран 2012 жылғы 14 желтоқсанда Тұң­ғыш Президент Н.Назарбаев жа­риялаған «Қазақстан-2050» ст­ра­тегиясына өзек болды. Оның алдында, 2011 жылы ас­танамызда Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығында ашылған «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы – осы бет­­бұ­рыстың символына айналды. Бұл монумент сонымен бірге тәуелсіз­дігіміздің рәмізі саналады. «Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Ота­нымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» стра­те­гиясы осынау мәңгілік жолдағы буын­дар бірлігінің, ұрпақтар са­бақтастығының көрінісі. Тәуел­сіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұр­пақтың лайықты жалғас­тыра­­тынына кәміл сенемін. Ба­­­ба­лардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік ел» боламыз» делін­ген «Қазақстан-2050» страте­гия­сында. 2014 жылғы 12 қарашада Ел­басы «Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауында да қазақ елінің осы бағдарын нық­тады. – Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын «Нұрлы жолға» айналдырдық. Mәң­­гілік ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол – «Қазақстан-2050» стра­тегиясының ғана емес, XXI ғасыр­дағы Қазақстан мемлекетінің мыз­­­ғымас идеялық тұғыры! Жаңа қа­зақстандық пат­риотизм дегені­міз­дің өзі – Мәңгілік ел! Ол – барша Қазақстан қоға­мының осын­дай ұлы құнды­лығы, – деп атап көр­сетті. Ізінше, 2014 жылғы 15 жел­­­тоқсанда Қазақстанның Тәуел­­­сіз­дік күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяның мән-маңы­зын аша түсті: «Халықтың өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сон­дықтан халықтың мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арт­тыратын идея, бұл – кері қайт­пай­тын және берік тұрақ­тылықтың символы», – деді ол. 2016 жылғы 27 сәуірде Елбасы тапсырмасымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Ке­лісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабыл­данды. Әрине, мәңгі тұрар мемлекет болу – Тәуелсіздіктің 30 жылды­­ғында түпкілікті орындала салатын қысқамерзімді жоба емес. Оған тіп­ті жарты ғасыр да жетпеуі мүм­кін. Ең бастысы, азаттықтың артта қалған онжылдықтарында Қа­зақ­стан осындай ел болуға лайық еке­нін паш етті. Мемлекеттілікті жа­риялап қана қоймай, оны бүкіл әлем жұртшылығына мойындатты. Бес елмен арадағы шекарасын ше­гендеп, ұлт тарихында тұңғыш рет оны халықаралық құжаттармен бекітті. 30 жылдықта қайтара со­­ғып, қуатты соққы жасаған небір дағдарысқа төтеп бере алатын эко­номика құрды. «Біздің тaрихтaн дa, Құрaннaн дa білетініміз – мәңгілік тек Аллaғa тән. Аллaдaн бaсқa жер бетінде, aспaн aстындa мәңгі ештеңе бол­­­мaйды. Бірaқ бізге aдaспaй жүретін идеология керек. Қaзaқтың ұлттық идеологиясы – осы Мәң­­гілік ел деп ойлaймын. 2050 жылы біз Мәңгі ел болa сaлaмыз деп ешкім кесім жa­сaй aлмaйды. Елбaсы да оны aйтқан жоқ. Қaзaқтың түпкі aрмaнын мең­зеп отыр», – дейді филология ғылымдарының докторы, aкaдемик Мырзатай Жолдaсбеков. Мемлекет мәңгілік болуы үшін бірнеше шарт орындалуы қажет. Нақтылай кетсек, оның халқының саны – көп, эко­­номикасы – өр­­­­­кендеген, әскері  кемелденген болуы тиіс. Бұған қоса, халқының рухы биік, мә­дениеті жоғары, өркениеті озық болуы міндет. Рухы өр, діні мен ділі берік, өрісі өркенді, пат­риоттық сезімі тасып-төгілген халықты ешқандай сыртқы күш теңселте алмайтыны шындық. Он­­дай елге жаудың тісі батпайды, жеріне баса-көктей кіруге жаттың жүрегі дауаламайды. Зерттеуші ғалымдар тағы бір алғышартқа назар аудартады: Мәңгілік елдің тілі де мәңгілік болуы тиіс. Мағжан Жұмабаев: «Тілі жоқ ел, тілсіз ел – болашағы жоқ ел, оның болашағы бұлыңғыр, ол ел бола алмайды» дегені есте. Ол «түптің түбінде түркітілдес елдердің тілі біріксе, оның көш басында қазақ тілі тұруы мүмкін» деген ғаламат ой айтады. Осы орайда Елбасының сая­­сатын жалғастырған Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қазақ тілін халықаралық қа­рым-қатынас тіліне айналдыру туралы бастамасы «Мәңгілік ел» концепциясына толық сәйкес келеді. Өйткені тәуелсіздікті мәңгі аман сақтау үшін ана тілімізді де мәңгілік аялап, ұрпақтан-ұрпаққа табыстау парыз. Қорыта айтқанда, осы тұжы­рымдарды басшылыққа алатын Мәңгілік ел құру стратегиясын табанды, таймай жүзеге асырса, қазақ елінің бағдары айқын, бо­лашағы жарқын болмақ. Тарихи емес, заманауи әлемдік саяси кар­тада Қазақ мемлекеті мәңгілік тұрмақ.

Айхан ШӘРІП