Қытайда тұратын қазақ жігіті Сайран Нұрданбек 22 мамырда UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Қандасымыз UFC Fight Night 188 турнирінде австралиялық Джошуа Кулибаомен (8-1-1) күш сынасады.
Қазақ спортшысы жарысқа қытай елінің атынан қатысады. Лас-Вегастағы айтулы сайыс кешінде Коди Гарбрандт (12-3) пен Роб Фонт та (18-4) өнер көрсетеді. Олардың айқасы сол күнгі кездесудің негізгі жекпе-жегі саналады. Сондай-ақ бұл күні қазақстандық Жалғас Жұмағұловтың (13-5) бұрынғы қарсыласы бразилиялық Раулиан Пайва (20-3) кезекті айқасына шығады. Сайранның дебютті жекпе-жегіне бір айға жуық уақыт бар. Спортшы осы аралықта кездесуге дайындығын пысықтап, қарсыласын жан-жақты зерттейді. Қандасымыздың қарым-қабілетін, қытай еліндегі жекпе-жек өнерінің қаншалықты дамығанын, UFC басшылығының Азиядағы спортшыларға неліктен қызығушылық танытып отырғаны жөнінде Қуаныш Қаппас айтып берді. – Сайранды жергілікті халық «Ша Илан» деп атайды. Ол сондай-ақ Қытайда «қасқыр» деген лақап атпен де танымал. Нұрданбек Қытайдағы Луньюнь ММА спорт залында жаттықтырушы Лонг Юн Чжанның командасында жаттығады. Нұрданбек өткізген 25 жекпе-жектің 24-і Қытайда, ал біреуі Моңғолияда өтті. Лас-Вегастағы UFC Apex-ке жоспарланған UFC дебюті спортшы үшін ерекше болмақ, – дейді қаппас. Ол бір сөзінде Қытайда бокстан, ережесіз жекпе-жектен жарыстар көп өтетінін, бірақ мұндай төбелес түрлеріне халық қатты қызыға бермейтінін айтып қалды. Соған қарамастан аталған спорт түрлеріне көп қаржы бөлінеді екен. Спортшылары әлемдік жарыстарда керемет нәтиже көрсетіп, жетістікке жетіп жүрмесе де, өз елдерінде жекпе-жек кештері көп өтетінін айтады. – UFC-ге кез келген спортшы бара бермейді. Деңгейі жоғары файтерлер қабылданады. Екінші жағынан Қытайда халық көп. Сондықтан ол елдегі спортшыларды бұл ұйымға тарту жарысты ұйымдастырушылардың өздеріне де тиімді. Өйткені көрермені артады. Сондықтан UFC басшылығы Қытайдың, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның спортшыларын алғанды құп көреді. Азия елдеріндегі халқы көп мемлекет болғаннан кейін де бұл елдің спортшылары аталған ұйымда өнер көрсетіп жүр. Атап айтқанда, кейінгі бір айдың ішінде Қытайдың 4 спортшысы UFC-мен келісімшарт жасасқан. Қазақстанда да бір-екі жылдықта бірнеше спортшылар осы ұйымға қабылданды, – дейді Қуаныш Қаппас. Сайран Іле-Қазақ автономиялық облысы Күнес ауданында дүниеге келген. ММА-дегі 25 жекпе-жегінде 19 мәрте жеңіске жетіп, 6 рет жеңілген. ММА-да кәсіби дебютін 2016 жылы өткізді. Бір жыл ішінде ол 4 рет рингке шығып, барлығында да жеңіске жетті. Бірақ кейіннен екі рет жеңіліске ұшырады. Алайда осыдан кейін ол тағы бір жеңіс сериясын бастады. Кейінгі жекпе-жегін желтоқсан айында өткізген. Бірінші раундта қытайлық Танжао Вангты жеңді. Жалпы, 2020 жыл Сайран үшін өте сәтті жыл болды. Ол коронавирус белең алғанынан қарамастан Қытайда алты бірдей жекпе-жек өткізді. Енді Сайранның қарсыласы туралы аз-кем әңгімелейік. Джошуа Кулибао UFC-дегі алғашқы жекпе-жегінде америкалық Джалин Тернерден нокаутпен жеңілді. Одан кейін сегізбұрышқа қазан айында шықты. Канадалық Чарльз Джурдинмен (11-3-1) өткен жекпе-жегі тең аяқталды. 26 жастағы аустралиялық файтер үшін бұл UFC-дегі үшінші жекпе-жегі көп нәрсені шешкелі тұр. Өйткені сол сәтсіз екі жекпе-жектен кейін ол үшінші ұмтылысында жеңіске жетуге бар күшін салады. Әйтпесе, спортшының аталған ұйымда қалуға мүмкіндігі азаяды. Ал Сайран үшін дебютті кездесуін сәтті бастау маңызды. Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2014 жылы Қытайдан келген тағы бір этникалық қазақ Жұмабек Тұрсын (20-9-1) UFC-де өнер көрсеткен болатын. Өкінішке қарай, қандасымыз барлық үш жекпе-жегінде де жеңіліс тапқаннан кейін ұйымға мүше спортшылардың қатарынан шығып қалды. Бұған дейін UFC-де Қазақстанның атынан Мария Агапова, Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов өнер көрсетті. Арман Оспанов пен Арман Әшімов 2020 жылдың соңында Ultimate Fighting Championship лигасымен келісімшартқа отырды. Алдағы екі-үш жылдықта спорт сахнасында, әсіресе жекпе-жек түрлерінен қазақ спортшылары атой салар күні де жақын. Шетте жүрген тағы бір қазақ оғланының UFC-дегі жолы ашық болғай дейміз.Абылайхан ЖҰМАШ