Кәсіпкерлердің наразылығынан кейін санитарлық қаулы өзгертілді. Бұл туралы КТК хабарлады.
Балмұздақ, дөнер сияқты тағамды сыртта сатумен айналысатын 70-тен астам кәсіпкер бас санитар дәрігердің қаулысына наразылық танытып, әкімдіктің алдына жиналған. Себебі, карантин шектеулері бір-біріне керағар дейді жиналғандар. «Шенеуніктер ойына келгенін істеп кетті» деген олар әкіммен кездесуді талап етіп, тіпті шаһардың бас санитары жұмыстан кетсін деген талап қойды. Шымкент «қызыл» аймаққа кірген соң, күні кеше карантин талаптары күшейтілген қаулы шықты. Бірақ құжат шағын кәсіп иелеріне ұнаған жоқ. Балмұздақ, дөнер мен фастфуд сататын 70-тен астам кәсіпкер таң ата қала әкімдігіне жиналды. Қолына плакат ұстаған олар қала әкімі шықсын деп ұрандатты. Карантиннен қажығандар соңғы шыққан қаулыға наразы. Құжатта сыртқа тамақ шығарып сататындар мен базарға, моншаларға бірдей шектеу қойылған. Кешкі сағат 10-нан кейін қызмет көрсетуге тыйым салынған. Осындай ереже ойлап тапқан қаланың бас санитары Әбдіманап Төлебаев екеніне сенімді кәсіпкерлер шенеуніктің келуін талап етті. Қаумалаған көпшілік әкімдік қызметкерлері мен полициядан да ықпаймыз дейді.Кәсіпкерлерді шенеуніктер әкімдікке емес, жанындағы көрме орталығына шақырды. «Не нәрсеге болса да дайынбыз» дегендерінен қорықты ма, әлде уақыты болмады ма, не әкім, не бас санитар келген жоқ. Тілшілерді кабинетінде қабылдауға келіскен Әбдіманап Төлебаев жұмысынан кеткісі келмейтінін ашық айтты.Кәсіпкер Арман Таңсықбаев: «Сіздер қазір қамауға дайын келіп тұрсыз ба?.. Біз өлуге де дайынбыз. Отырып алып анау болады, мынау болмайды дейді. Ақ-қарасын ажыратпай, өзінше шешім қабылдап отырған жігіттердің бірі – Төлебаев қазір кәсіпкердің, тек алдымызды орап жатқан жалғыз адам деуге болады. Мен және кәсіпкерлер баршамыз бірге Төлебаев жұмыстан кетсін дейміз», – деді.
Дегенмен кәсіпкерлерге өкпелеген бас санитар қаулыны бір өзі ғана емес, қаланың бүкіл шенді-шекпендісімен ақылдасып шығарған екен. Қалай болғанда да шымкенттік шенеуніктер қаулыны өзгертуге мәжбүр болды. Енді тамақты сыртта сататындарға түнгі сағат 10-ға дейін емес, тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік берілді. Ал дауға қалған қаулыны өзгертуге бар-жоғы жарты сағат уақыт кетті.Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев: «Мен отставкаға кететіндей саяси қызметкер емеспін – біріншіден. Екіншіден, мен әкімшілік, мемлекеттік қызметкерімін. Қазір өзімнің күш-жігерімді, білімімді және де өз бағытымда жұмыстан кететін жағдайда деп санамаймын. Ол кісілер не айтпайды, не қоймайды», – деді.
Бұған дейін Президентке Бас прокурор 22 мыңдай кәсіпкердің құқығы қорғалғанын айтқанын жазған болатынбыз.