Бюджетке түзетулер енгізілмек
Бюджетке түзетулер енгізілмек
122
оқылды

Мәжіліс депутаттары 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізу жұмыстарына кірісті. Жұмыс тобының құрамында Палата жанынан құрылған Партияаралық кеңестің мүшелері де бар.

Мәжіліске «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы үкіметтік жоба таныстырылды. Заң жобасының таныстырылымы Палатаның Қаржы және бюджет комитетінде өтті. Іс-шараға депутаттармен қа­тар бейнеконференция байланысы арқылы мемлекеттік органдардың, Ұлттық банктің, «Ата­мекен» ҰКП, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Мәжіліс жа­нындағы Партияаралық кеңес­тің мүшелері-Парламентке ұсынылмаған Adal, «Ауыл» және ЖСДП партияларының өкілдері қатысты. Отырыста республикалық бюджет параметрлерін нақтылау туралы Қаржы министрi Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Ам­рин баяндады. Заң жобасын әзірлеушілердің түсіндірмелеріне сәйкес, бюджетті нақтылау шеңберінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасында белгіленген бірқатар міндетті шешу және Мемлекет басшысының Қазақ­стан халқына Жолдауларында айтылған басым бағыттарды іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ қосымша қаражат коронавирус инфекциясымен күресуге бағытталады. Елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштерді нақтылау кезінде номиналды ЖІӨ 2021 жылы 77 869 млрд теңге көлемінде болжанады, бұл мақұлданған болжамнан 1 207 млрд теңгеге жо­ғары. Нақты ЖІӨ 103,1% деңгейінде болжанады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ  9 655 мың АҚШ долларын құрайды. Бюджеттік заң жобасын тал­қылау Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Анатолий Бойчин бастаған жұмыс тобында жалғасады. Оның құрамына Мәжіліс жанындағы Партия­аралық кеңес­тің де мүшелері кірді. Айта кету керек, Партияаралық кеңес бір ай бұрын Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бастамасымен құрылды. Бүгінде кеңес мүшелері-Қазақстанда тіркелген барлық партияның өкілдері Мәжілістің қарауындағы заң жобалары бойынша жұмысқа қатысуда. Қазір Мәжіліс жұмысындағы өзекті заң жобаларының қатарында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Конституция­лық заңы­на өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, өнеркәсіптік саясат туралы заң жобалары, қашықтан жұмыс істеуді құ­қық­тық реттеуді жетілдіру мә­селелері бойын­ша Еңбек кодексіне түзетулер, өсім­діктер әлемі туралы, азаматтардың жекелеген са­нат­тарын әлеуметтік қорғауға қатыс­ты, бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңнамалық жаңалықтар және тағы басқалары бар. Парламенттік емес партиялардың өкілдері жер қатынастары мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді талқылауға белсене қа­тысты. Мәжіліс мұндай жұмыс нысаны заң шығару процесін тиімді, ашық және Мемлекет басшысы бас­тамашылық еткен «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасымен үйлесімді етуге мүм­­кіндік беретініне се­німді.

Ж.АСАН