Қазақстандағы көлемі жөнінен әлемде теңдесі жоқ, аса қымбат утилизациялық алым мен салық төлемдері азаматтарды арзан автокөлікті сырттан іздеуге және оны заңға қайшы жолдармен пайдалануға итермелеуде. Салдарынан елімізде Қырғыз Республикасында, Моңғолияда, Ресейде, Арменияда тіркелген, алым-салығы да сол жақта төленетін, бірақ толығымен қазақстандықтарға қызмет ететін көліктер қаптап кетті. Енді оған абхаздық және оңтүстікосетиялық автомобильдер қосылып жатыр.
Жаттың көлігі елге қалай кірген?
Қазақстан тұрғындары Армения көліктеріне балама тапқанға ұқсайды. Қазіргі кезде Абхазиядан және Оңтүстік Осетиядан әкелінген көліктер еліміздің жолдарында жүйткіп жүр. Бұл кейбір азаматтарды қайран қалдырды. Себебі Қазақстан бұл екі автономияның тәуелсіздігін ресми мойындамады: 2008 жылғы орыс-грузин соғысы нәтижесінде Абхазия мен Оңтүстік Осетия Ресейдің қолдауымен Грузиядан іргесін аулақ салғаны мәлім. Бірақ бұл екеуі Ресей Федерациясының құрамына кіруден бас тартты. Оның үстіне бұл екеуі де, сондай-ақ Грузия да Еуразиялық одаққа мүше емес. Сонда Қазақстанға қалай енген? Бұл мәселеге былтыр алғаш болып, Роман Құрманбаев назар аудартты. Сыртқы істер министрлігіне жүгінген ол Абхазияның тіркеу нөмірлерін таққан автомобильдердің Қазақстан жолдарында қалайша еркін зулап жүргеніне таңданысын жасырмады. «Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының көшесінде қозғалып келе жатып, қарсы жолақтағы күміс түсті Toyota седанына көзім түсті. Қайран қалдым: оған Абхазияның тіркеу нөмірі бекітіліпті. Бұл елді жақсы білемін, онда болғанмын. Сұрақ туады: егер Қазақстан Абхазия Республикасының дербес мемлекет ретіндегі тәуелсіздігін мойындамаса, онда неге және қандай негізде бұл ресми мойындалмаған мемлекеттің көліктері біздің елдің шекарасын еркін кесіп өте алған? Мемлекеттік шекара мен кедендегі белгіленген рәсімдерден қалай өткен? Біздің елде олар не мақсатпен жүр?» – деп сауал тастады СІМ-ге өтінішінде Р.Құрманбаев. Ол осы мәселені бекер көтермегенін жеткізді: «Мен бұл сұрақты еріккеннен қойып отырған жоқпын. Біз мойындамаған республикалардың көліктері біздің жерімізге қалай және не мақсатпен еніп кеткен? «Қарулы қақтығыс ошақтарының» әлемге қандай зияны барын білетін запастағы офицер ретінде осының жауабын білгім келеді. Мұның біздің еліміз үшін де салдары болуы мүмкін екенін елеусіз қалдыруға болмайды». Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның сыртқы саясатта Грузияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, шекараларының бұзылмауы қағидатын жақтайтынын және соған беріктігін мәлімдеді. «Қазақстанның Абхазия мен Оңтүстік Осетия мәселесі бойынша ұстанымы өзгеріссіз қалады. Қазақстан БҰҰ Жарғысына және жалпы таныған халықаралық құқық нормаларына сәйкес Грузияның егемендігі мен территориялық тұтастығына құрметпен қарайды», – деді СІМ.Қазақстан заңын айналып өту жолы бар
СІМ Қазақстанның Еуразиялық одаққа мүше екенін еске салды. «Осыған байланысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көлік құралдары Қазақстанның кедендік шекарасын тиісті алым төлеусіз, еш кедергісіз кесіп өте алады. 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 25-бабына сәйкес, Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасында тек шекаралық бақылау ғана жүзеге асырылады. Ал тауарлар бұл шекарадан кедендік декларациялаусыз, сондай-ақ көліктік, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық мемлекеттік бақылаусыз өтуі, еркін қозғалуы тиіс. Егер Абхазияның тіркеу нөмірі бар көліктердің Қазақстанда жүру фактісін растайтын фотосурет және оның нақты қай жерде тұрғаны туралы мәлімет түссе, еліміздің тиісті органдары қарайтын болады», – деп түйді сыртқы саясат ведомствосы. Абхазия мен Оңтүстік Осетия ЕАЭО-ға мүше болмағанымен, одақтың қатысушысы Ресей олардың тәуелсіздігін мойындаған. Салдарынан бұл республикалардағы автокөліктер Ресейге емін-еркін кіре береді. Ол жақтан Қазақстанға өтіп кете алады екен.Абхазиялық көліктер тәркіленеді
Қаржы министрлігінің салық пен кеден саласына жауапты құрылымы – мемкірістер органы мұның бәрі заңсыз екенін мәлімдеді. «Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Абхазия Республикасы мен Оңтүстік Осетия Республикасының тіркеу нөмірлік белгілері бар көліктердің Қазақстан аумағына заңсыз енгізу және пайдалану фактілерінің өскенін байқауда. Аталған машиналар ЕАЭО-ның кедендік аумағына Ресейдің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінеді. Бұлар мәртебесі бойынша шетелдік тауар болып есептеледі және ЕАЭО тауары болып саналмайды. Сәйкесінше, олар кедендік бақылауда болады», – деп түсіндірді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік Кірістер департаменті.Мемкірістер комитеті Абхазия мен Ресей азаматтарының алдау схемасын да анықтапты: олар Абхазия мен Оңтүстік Осетияның көлік құралдарын қазақстандықтарға сенімхатпен сатады: бұл құжат көлікті уақытша иелену, билік ету немесе сату құқығын береді. Салдарынан әлгілерден жатжұрттық осы көліктерді арзандау сатып алып, ізінше өзге қазақстандықтарға қайта өткізген делдал-алыпсатарлар қаптай бастады. Соның кесірінен ақырғы сатып алушы зардап шегеді: ЕАЭО Кеден кодексінің 264-бабының 6-тармағына және 275-бабының 2-тармағына сәйкес, уақытша әкелінген көліктер тек декларанттың, яғни шетелден әкелуді жүзеге асырған тұлғаның иелігінде және пайдалануында қалуы тиіс. Ендеше кейін сатып алғандар оны өз атына көшіріп, елде тіркеуге қоя алмауы мүмкін. Ал машинасын мемлекет тәркілейді. «Абхазия және Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді және Қазақстан азаматтарына сатуды жүзеге асырған тұлғалардың, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал сомасына қарай кедендік төлемдерді төлемей және бастапқы мемлекеттік есепке қоймай, Қазақстан аумағында заңсыз пайдалану мақсатында осындай көлік құралдарын сатып алған тұлғалардың әрекеттерінде Қылмыстық кодексте көзделген қылмыстық құрам, не Әкімшілік кодексіне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық құрамы болады. Екі құрам да жазалауды және көлік құралын тәркілеуді көздейді!» – деп қатаң ескертті Мемкірістер комитеті. Сол себепті ведомство қазақстандықтарға әлгі екі елде тіркеу есебінде тұрған және іс жүзінде бізге тек уақытша әкелінген автомобильдерді сатып алмауға шақырды. Егер сатып алса, кедендік ресімдеу мен бастапқы есепке қоюдың тиісті рәсімдерінсіз оларды Қазақстан аумағында пайдаланбауға кеңес берді. Жасыратыны жоқ, азаматтарды осы жолға мемлекеттің өзі итермелейді. Өзгеден алшақтық сақтауды талап ететін, қоғамдық көліктер жүрісі үнемі шектелетін пандемия заманында азаматтарға жүріп-тұру, нәпақа табу үшін көлік керек. Кәсіпорындарда машина – өндірісті өркендету үшін қажетті құрал. Алайда миллиондаған теңге утилизациялық алым жаңа көлікті заңды түрде сатып алуға және тіркеуге мүмкіндік бермейді. Ашық дереккөздерден алынған мәліметке жүгінсек, утилизациялық алым Ұлыбританияда – 50-80 фунт, Германияда – 100 еуро, Нидерландта – 113 еуро, Жапонияда – 100-200 доллар, Бельгияда – жылына 84 208 еуро, Норвегияда – 350 еуро (2000 крона), Ресей мен Беларусьте 20-150 мың рубль, Украинада 5,5-11 мың гривен екен. Ал Қазақстанда утилизациялық алым 437 мың теңгеден (электромобиль) бастап, 13,1 миллион теңгеге (комбайндар) дейін барады. Мысалы, қазақстандық 2 001–3 000 текше сантиметр ауқымындағы қарапайым жеңіл көлікті сатып алса, сол үшін 1 миллион 458 мың 500 теңге утилизациялық алым төлеуге мәжбүр болады. Егер 3 мың см3-тен асатын, жол талғамайтын көлікті иеленсе, бұл алым сомасы шарықтап, 3 миллион 354,5 мың теңгеге жетеді. Оның үстіне елімізде құрастырылған көліктердің де бағасы удай қымбат. Мәселен, осы сауданы ұйымдастырушылар S-Класстағы, қолданыста болған Mercedes-Benz, Nissan Pathfinder жол талғамайтын көліктерін Абхазияда 900 мың рубльге сатып алуға болатынын айтады. Бұл 5,1 миллион теңгеге тең. Осы қаражатқа Қазақстанда ең төмен сыныптағы седанды ғана ала аласыз.Меморганның мәліметінше, Абхазия мен Оңтүстік Осетияда тіркелген көліктерді Қазақстанға негізінен Абхазия азаматтары және кейбір Ресей азаматтары әкеліп жатыр. Олардың қолынан осындай көліктерді сатып алған қазақстандықтар алданады. Себебі, бұл көліктерді елде тіркеусіз тұрақты пайдалануға рұқсат етілмейді. Олар тек уақытша әкелінген.
Осы ауыртпалықтардан еңсесі езілген азаматтар заңды айналып өтетін соқпақтарды іздеуге мәжбүр. Салықшылар болса, ол соқпақтарға «қақпан» құрады. Ел Үкіметі темір тұлпарға құмар азаматтарды ашындырмаудың экономикалық жолдарын іздесе, утилизациялық алымды азайтса, оңды болар еді.
Елдос СЕНБАЙ.