Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады
Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады
184
оқылды

Жақсы жаңалықтан бастайық. Қазақстан бай адамдардың саны көбейген әлем елдерінің ондығына еніп, 7-орынға табан тіреді. Еліміздің халықаралық рейтингтерде мұндай алдыңғы орын­­­дарға жайғасқанына қалайша қуанбаймыз? Осыған қарап бізді әлем бай ел деп тануы да мүмкін. Бірақ бір «әттеген-ай» бар. Оны айтпасқа тағы амал жоқ. 2020 жылдың тағы бір қоры­тындысы бойынша, бізде кедейшілік деңгейі артып келе жатқаны анық­талды.

Есіңізде болса, 2020 жылдың үшін­ші тоқсанының қорытын­ды­сы бойынша, қазақстандықтар шы­­ғынының 58,3 пайызын тұр­мыс­тық тауарларға жұмсайтыны ту­ралы ақпарат шыққан еді. Со­ның ішінде азық-түлік алуға табы­сы­ның 54,8 пайызын шы­ғын­дай­ды екен. Осыдан барып, тұрмысы­ның нашарлауының себебі тү­сінікті бо­ла бастайды. «Стратегия» әлеу­мет­тік және сая­си зерттеулер ор­та­лығы» қо­ғамдық қоры Қазақ­стан­ның бар­­лық аймағындағы тұр­ғын­да­рына сауалнама жүр­гіз­ген бола­тын. Халықтың нара­зы­лық дең­гейін анықтау мақсатында жа­салған зерттеудің нәтижесінде әлеу­меттік ахуалдың өзгергені анық байқалыпты. Нақты айтар бол­сақ, 2021 жылдың басында ха­лық­тың жағдайы нашарлай бас­та­ған. Мәселен, «Әлеуметтік жағ­дайыңызға қандай баға берер еді­ңіз?» деген сауалға азаматтар­дың басым бөлігі «Азық-түлікке ақ­ша жет­пейді», «Тұрмыстық тех­ника ала алмай отырмыз», «Тұрмыстық тех­ника алсақ та, үй не көлік алуға ақ­шамыз жоқ» де­ген сыңайда жауап берген екен. Зерттеу жұмысы бұған дейінгі жыл­дары да жүргізілген. Ол уа­қыт­­тағы ахуал қазіргіден біршама жақ­сырақ болған. Өйткені атал­ған сауалдарға берілген жауап бас­қа­ша-етін. 2017 жылы жүргізілген зерт­теу­де сауалнама қатысушыларының 80 пайызы ақшасының бәрін бір­ден жұмсап тастайтынын, жи­науға мүмкіндігі жоғын айтқан. Сол уақытта-ақ әлеуметтанушылар халықтың әлеуметтік ахуалы на­шарлағандықтан наразылық та көбейетінін, әлеуметтік пессимизм белең алатынын ескерткен. Де­генмен оған құлақ асқан ешкім болмағанын биылғы сауалнама нәтижесі көрсетіп отырған сыңай­л­ы. Ол аз десеңіз, жағдайдың нашарлағанын Ұлттық банк жа­риялаған қаржы-несиелік саясат жөніндегі баяндама көрсеткіші тағы бір мәрте дәлелдеді. Яғни, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, азық-түлік шығыны 6 пайызға өскен. Жеміс-жидек, көкөніс алу деңгейі төмендеп, ет алатындар көбейген. Бұған қара­­сақ, жұрттың ең маңызды деген тауарларды алумен шектелетінін көреміз. Денсаулыққа пайдалы болатын түрлі жеміс-жидекті алуға ақшасы жетпейді деген сөз. Бы­лайша айтқанда, өмір сүру деңгейі нашарлаған.

Кедейшілік белең алды

Ел дамуының бір көрсеткіші ретінде азық-түлікке кететін шы­ғын үлесін қарастырады. Әлемдік статистиканың өзінде елдерді жіктегенде аталған шығын­дардың табыстың үштен бірін, жартысынан аз бөлігін, не жартысынан көбін, не табысын түгел алатын мем­лекеттер деп бөледі. Ал бізде жала­қысының жартысынан көп бөлігін тұрмыстық тауарларға жұмсауға мәжбүр тұрғын аз емес. Демек, кедейшілік белең алып келе жатыр дегенге сенуден өзге амал жоқ. Республикамызда ең төменгі күн­көріс деңгейінен аз табатын 140,6 мың отбасы бар екен. Ал бұл от­басыларда 858 мыңнан астам адам тұрады. Одан бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 2020 жылы 20,1 пайызға көбейген. Өйткені 2019 жылғы төртінші тоқсанда елде 125,5 мың отбасының табысы тө­менгі күнкөріс деңгейіне жет­пейтін. Бірақ жалпы соңғы жыл­дардағы статистикаға қарасақ, бұл көрсеткіш тек өсіп келе жатыр. Сонымен бірге азық-түлік се­бетінің құнынан да аз табыс та­батын отбасы саны артқан. Қа­зақстандағы мұндай отбасы саны бір жылда бірден 49,5 пайызға көбейіп, 4,5 мыңға жеткен. Аталған отбасыларда шамамен 28 мыңнан астам адам тұрады десек, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыс­­тырғанда 84,2 пайызға өскенін көреміз. Әсіресе, Түркістан облы­сы, Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысында мұндай отбасы саны көп. Атап айтқанда, Түркістан облысында ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табатындар үлесі – 19,9 пайыз, кедейлер – 10,3 пайыз. Ал жалпы республика бойын­ша кедейлер үлесі 4,6 пайыз­ды құрайды. Кедей отбасыларда көбіне бес не одан да көп адам тұрады. Яғни, көпбалалы, үлкен шаңырақ деген сөз. 2020 жылдың төртінші тоқсанында 769 мыңға жуық қазақстандық бес не одан да көп адамдық отбасында тұратыны анықталған. Осы сынды жағымсыз көрсеткіштердің өсуі халықтың әлеуметтік оптимизміне әсер етпей қоймайды. Мәселен, «Страте­гия­ның» «Бір жылдан кейін отба­сыңыздың жағдайы жақсара ма, нашарлай ма?» деген сұрағына 12 пайызы «қазіргіден гөрі нашар­лайды» деп жауап берген. Ал 30 пайызы келесі жылды тіпті елестете алмайтынын білдірсе, 34 пайызы «жақсарады деп үміттенемін» депті. Экономист Әсет Наурыз­баев­тың пікірінше, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу тәсіліне өзгеріс керек. «Қазіргі қажет­ті­ліктердің кейбірі қосылмаған. Айталық, «мә­дениетке арналған» шығын түрі болуы керек. Жалпы алғанда, ең төменгі күнкөріс деңгейі жап-жақсы өмір сүруді қамтуға тиіс. Қазіргідей деңгей болмауы қа­жет», – дейді. Қарап отырсақ, біздегі орташа жалақы сияқты көрсеткіштер тым аспандап кеткен. Бірақ ол нақты сандардың нәти­жесінде алынған. Яғни, аспаннан алып белгілене салмайды. Ұлттық статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылдың науры­зын­дағы көрсеткіш – 224 715 теңге.

Байлар саны бойынша ондықтамыз

Бұл статистиканың барлық табыс табатын адамдардың жа­лақысын қосып, жұмысшы санына бөлінетінін білеміз. Бұл нақты көрсеткіш бола алмайды. Яғни, мысал ретінде айтсақ, Айжанның жалақысы – 500 мың теңге, ал Әнуар 100 мың теңге алады. Сонда екеуінің орташа жалақысы – 300 мың теңге. Аталған көрсеткіштің қалай анықталатынын қарапайым тілмен түсіндірсе, осылай. Ал енді осы ретте табысы көп, тіпті өте бай адамдардың бізде көп болғаны кедей адамдарды көлеңкелеп, жағ­дайын жасырып тұрғандай. Олай дейтініміз, жоғарыда сүйін­ші­леткен хабарға байланысты. Statista.com жүргізген әлемдік рейтинг бойынша байларының саны артқан он елдің ішінде жүрміз. Пандемияға қарамастан, бүкіл әлемде байлар­дың саны көбейген. Мысалы, әлемде 2020 жылы қалтасындағы қаражаты 30 млн доллар не одан да көп азамат саны 2,4 пайызға өскен. 2025 жылға дейін олардың саны 27 пайызға өсе береді деген болжам бар. Ал нақты біздің елде шіріген байлардың саны қазіргіден 33 пайызға артады деседі. Осыған қарап біздегі әлеуметтік теңсіздіктің шынайы бет-бейнесін көруге болады. Ке­дейлердің сіңірі шыға берсе, бай­лар байығанның үстіне байып жатыр. Тіпті, коро­накризис жағ­дайында да қалтасы қалыңда­ған олигарх саны еселен­генін кө­ріп отырмыз. Былтыр Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев жалақы және өзге де табыстарға қатысты жеке табыс салығының прогрессив шкаласын енгізуге тап­сырма бер­ген еді. «Әлеуметтік әділ­дік орна­ту үшін осы мәселені көтеретін кез келді» деген еді Мем­лекет бас­шы­сы. Яғни, прогрессив шкала бойынша табысы аз адам­дар – аз, көп табатындар тиісінше көп тө­­лейді. Дегенмен бұл тап­сыр­маның іске асырылуы туралы нақ­ты ақпарат жоқ. Бірлі-жарым тал­қылан­­ған тақырыптың ра­сында көтерілетін уақыты келген сыңай­лы.

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР