Қандастардың көңілі неге күпті?
Қандастардың көңілі неге күпті?
262
оқылды

«Отандастар» қорының мәліметін­ше, шетелдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Яғни, ұлтымыздың үштен бірі шетелдерде өмір сүріп жатыр. Келешекте осыншама қандасы­мыз ассимиляцияға ұшырауы  бек мүмкін.

Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының дерегінше, қазір шет жердегі 1,5 млн-ға жуық қазақ Қазақстанға қоныс аударуға ниетті. Бүгінгі геосаяси аумалы-төкпелі заманда бұл – тәуелсіздігіміздің баяндылығы үшін қызмет ететін зор адами ресурс. Қандастардың атажұртқа оралуы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, демографиялық жағдайының жақсаруына, қорғаныс қабілетіміздің нығаюына игі әсер етуші үлкен әлеует.

Көш неден кідірді?

Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Соңғы жылдарда түрлі себепке байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналас­тыруды жандандырамыз» деп атап көрсет­кен болатын. Алайда кейінгі кездегі көші-қон про­цесі сылбыр, кедергі көп. 1993 жылы егемендікке енді қол жеткізгенімізде  – 60 мың, 2009 жылы 100 мыңнан аса адамды қабылдаған Қазақстан, енді Тәуелсіз­дігіміздің 30 жылдығында  2021 жылы 1 426 адамға квота белгілепті. Сөйтіп, 30 жыл ішінде көшіп келген қандастардың көрсеткіші 70-75 есе құлдыраған. Тіпті, 2012-2016 жылдары қандастарды көшіріп әкелуге мүлде квота бөлінбеген?!  Оның үстіне елімізде  2012 жылдан бері миграция­ның теріс сальдосы бір төмендемей қойды: 2017 жылы – 22 130 адам; 2018 жылы – 29 121 адам; 2019 жылы  32 970 адамды құра­ды. Жекелеген өңірлерде тұрғындардың депопуляциясы мұнан да сорақы. – Мемлекеттің 2012-2020 жылдар аралығында атқарған жұмыстары жағдайды жақсарта алмады. Біріншіден, Көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасы жұмыс істеп тұр­ғанына қарамастан, оның 2007-2015 жыл­ғы тағы бір тұжырымдамасы қабылданды.  Бұл көш қарқынын төмендетуге ықпал етті. Екіншіден, Үкіметтің қандастар алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындамауы жиілеп кетті. Қоныс аудару­шыларға берілген қаражат тұрғын үй сатып алу үшін жеткіліксіз болды. Үшіншіден, 2012-2016 жылдар аралығында этникалық қазақтарды көшіруге квота мүлдем белгі­ленбеді ,– деді Нұрхан Жалиев «Отандастар қоры» КЕАҚ Ақпараттық талдау департа­ментінің басқарушы директоры. Көші-қон агенттігінің таратылуы, оның функцияларын түрлі министрліктер ара­сына бөліп-бөліп тастау, квота ұсынуды облыс әкімшіліктерінің еркіне беру бұл мәселені тіпті тұралатып тастады. Әкімдер шетелден қандастарды қабылдау, орна­ластыру және бейімдеу сияқты «маша­қаттан» қашқандықтан, квота бөлуді күрт төмендетті. Мысалы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017-2021 жылдары бес жыл қатарынан бірде-бір квота бермеген.

Қазақсың ба, дәлелде!

«Халықтың көші-қон туралы» заң бо­йынша қандастар мәселесімен Көші-қон комитеті айналысатын, кейін ол таратыл­ған соң, бұл функция Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құра­мындағы шағын басқармаға жүктелді. Кейінгі жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан Диаспорология басқармасы құрылды. Ресей, Израиль және тағы басқа мем­лекеттерде азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, бар мәселе бір-ақ күнде шешілсе, кең-байтақ жеріне қоныстан­дыратын қазақ таппай отырған Қазақстанда ол үшін 48 құжат жинау керек(!). Оның бәрін жинаймын дегенше, алдында алған құжаттардың мерзімі өтіп жарамсыз болып жатады. Сонда тарихи Отанына тарығып жеткен қандастарға 48 түрлі құжат жинатып сабылтып қою кімге, не үшін керек болды екен? Азаматтық алу кезінде жинайтын құжаттың саны аздай, енді қандастарымыз өздерінің қазақ екенін дәлелдеуі тиіс. Қазақстан азаматтығын алу үшін алдымен тұрақты тіркеуге, сосын ықтиярхатқа, ең соңында «қандас» куәлігіне құжат  тапсыр­ады. Барлығы дерлік нотариалды куә­ландырылуы тиіс. Мұның бәрі ақша. Қандастардың ұлтын «қазақ» екенін  растайтын құжатты бұрын Үкімет қаулысы бойынша Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы беретін. Алайда 2005 жылы ол қаулының күші жойылды, бірақ қандас­тардың азаматтық алуына Қауымдастықтың анықтамасы жарай беретін. Бұл жұмыстар 2017 жылға дейін заңды негізі болмаса да, қалыптасқан тәжірибе ретінде жалғасып келген. Енді 2017 жылдан бері қандастар өздерінің «қазақ» екенін дәлелдей алмай, мемлекеттік органдардың табанын тоз­дырып жүр. Шетелдегі қандастардың Қазақстанға келуіне тағы бір кедергі –  мұнда бір ата-анадан туған туысы болуының міндеттілігі. Бір түсініксіздігі, бұл талапты шетел емес, біздің ел қойып отыр.

Келген қандастың саны миллионнан асты

Тәуелсіздік жылдарында 1 млн 70,3 мың этникалық қазақ тарихи Отанына ора­лыпты. «Nur Otan» партиясының сай­лауалды бағдарламасына сәйкес, 2025 жыл­ға дейін 80 мың қандастың елге ора­луына қолдау көрсету жоспарланған. Оған қоса Мемлекет басшысы «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушыларға және қандастарға солтүстік өңірлерге көшуге берілетін субсидиялар мөлшерін 2 есе – 35-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайту туралы тапсырма берді. Бүгінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақ­стан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары Үкімет қаулысына сәйкес қандас­тарымызды орналастыру өңірлері ретінде бекітілді. Алайда 2020  жылы осы жеті об­лыс бойынша этникалық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота бар-жоғы 1 378 адамды ғана қамтыған. 2021 жылға бөлінген квота саны – 1 426. Сонда квота белгілегендер 1,5 мың адам жеті облыстың қайсысына барып ұлттық үлесті көбейте алады деп ойлайды екен?! 2000 жылдардың басында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қандастарға арнап Солтүстік Қазақстан облысында – Бәйтерек, Ақмола облысында Қызыл жар ауылы салынды. Ол жерлерге арнайы квотамен келген ағайындар қоныстан­дырылды. Өкінішке қарай, салған үйлері сапасыз болып шықты: қыста суық, жазда шатырынан су ағады, үйдің қабырғалары көгеріп, еден астынан шыққан қолаңса иіс қолқаны қабады. Әйтеуір, қайдам, алыстан ат арылтып жеткен ағайынға үй салу үшін мемлекет бюджетінен бөлінген ақша не жетпей, не жолай жырымдалып, әлде­біреудің жемсауына түсіп кетті, ол жағы белгісіз?! Маңдайы соры бес елі қандас бауыр, қыста тоңа ма, қайтсін енді, осыдан кейін еншісіне тиген баспаналарын өздері жөндетіп алған.

Елдің көңілі малына қарап семіреді

Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының басшысы Қарлығаш Қожа­мұратова шетелдегі қазақтардың елге ора­луына пандемияның да кері әсер еткенін мысалға келтіреді. Мүмкін мемлекеттер арасындағы шекара ашылса көш қайта түзелер?! Дегенмен сырттағы қандас­тарымызды шекарадан малдарымен бірге өткізу мәселесі халықаралық деңгейде шешілген жоқ. Мәселен, Алтайдың ар жағындағы Байөлкенің қазақтары малды ырғын ұстайды, олар елге келу үшін малын тұрғылықты жерінде өткізсе, оның ақша­сына бізде сонша бас сатып ала алмайды. Өйткені Қазақстанда Моңғолияға қара­ғанда мал 3-4 есе қымбат. – Қандастарымыз елге келгенде алды­нан шығатын көп проблеманың бірі – жер. Олар мал жайылымы үшін әкімдіктен жер сұраса, жер бермейді, еліміздің солтүстік, шығыс өңірлердегі жерлердің көпшілігі біреулердің иелігінде. Тіпті, жерді бер­геннің өзінде онда малы болуы керек екен. Мал алайын десе банк несие бермей­ді, өйткені несие беру үшін кепілге қояр жері де, малы да жоқ. Сонда қандастарымыз қалай күн көруі тиіс?! – деді Қарлығаш Қожамұратова . Сондай-ақ шетелдерде тұратын қандас­тарымыздың біразының балалары Еуропа мен АҚШ-тың таңдаулы жоғары оқу орындарында оқиды. Көбі кәрі құрлықта табысты жерлерде жұмыс істейді. Яғни, ол қазақтардың «шөбі шүйгін, оты ырғын» жерді қиып, Қазақстанға асыға қоймасы анық. – Атажұртқа көшіп келген қазақтың басында проблема жетіп артылады. Оларды түбегейлі шешіп тастау деген мүмкін емес шығар, бірақ қандастардың арқасына батқан ауыр жүкті жеңілдету үшін алғашқы кезекте келесідей бірқатар шараларды қолға алған дұрыс. Біріншіден, көші-қонға қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама керек. Екіншіден, тек қандастардың мәселесімен айналысатын жеке агенттік құру қажет. Үшіншіден, «Отандастар» қорын Сыртқы істер министрлігінің басқаруына беріп, оның қаржылық қорын көбейту қажет. Шетелдегі қандастарға көмек беруді қарастыратын заң керек,– деді ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұхибек. Ал енді негізгі міндеті шетелдегі қазақтардың этникалық бірегейлігін сақтау болып табылатын «Отандастар қоры» қоғамының бюджеті Ресейдің тура осындай функциясымен айналысатын «Россотрудничество» мекемесінің бюд­жетімен салыстырғанда 60 есе аз немесе оның бюджетінің 1,6 пайызын құрайды. Сондықтан Қор қаржысының тапшылығы ғана емес, құзыреттілігінің шектеулігі де қандастарға қатысты көп проблеманы шешуге мұрша бермей жатыр.

Дәулет АСАУ