Қазақстандық теннисші Галина Воскобоева АҚШ азаматына тұрмысқа шықты. Бұл туралы спортшы Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
Қазақстандық теннисші Джонатан есімді азаматпен шаңырақ көтерді. Жас жұбайлардың үйлену тойы АҚШ-та өтті. Воскобоева күйеуімен танысқан сәтін еске алды. Айтуынша, екеуі Цинциннати турниріндегі жеңілісінен кейін Нью-Йоркке бет алған ұшақта танысқан.
«Ұшақ шағын әрі іші адамға толы болды. Жанымдағы бір орын бос болды. Мен ол орынға ешкім отырмайтын шығар деп ойлап, шабаданымды қоя салған едім. Бірақ бір ер адам келді. Ол Джонатан болатын. Біз ұшақ Нью-Йоркке жеткенге дейін әңгімелесіп бардық», - деп жазды Воскобоева.
Галина Воскобоева 1984 жылдың 18 желтоқсанында Мәскеу қаласында дүниеге келген. Ол 2008 жылдан бастап Қазақстан атынан өнер көрсетіп келеді. Жекелей сында айтарлықтай жетістікке жетпесе де, жұптасып өнер көрсетуде жақсы нәтиже көрсеткен.