«Қазақ деген мал баққан ел» қайда?
«Қазақ деген мал баққан ел» қайда?
475
оқылды

Бүгінде түйесін өткізе алмаған қазақ түйеқұстан пайда көріп отыр. Еділбай қойы кәуәпқа ғана жарап қалса, елтірісі қоқысқа тасталған қаракөлдің етін асып жеуден әрі аса алмайтын күйге түстік. Одан гөрі сырттан алдыртқан қым­бат ешкінің сүті әлемдік сұранысқа ие. Сондай-ақ кезінде сиырды мал демеген елдің кәсіпкерлері енді шетелдің «асыл­тұқымды» ірі қарасына зәру. Қысқасы, қазақы төрт түліктің еті мен сүті қазақ ауылдарында ғана тұтынатын өнім дең­гейінен көтеріле алмай тұр. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз...» деген Қазыбек бидің заманынан айналайын дейсің осындайда.

Африкада түйе, Қазақстанда түйеқұс өтімді

Өкінішке қарай, елімізде Ой­сылқара төлінен түсе­тін пайда аз болып тұр. Баяғыдай емес, қазір оның жүнi өте ар­зан. Мысалы, үлек түйе 3-4 келi, ұрғашы қоспақ 7-8 ке­лi, буралары 15 келiге дейiн жүн бередi. Бiрақ оның құ­ны күзеуге кеткен шығынды да өтемейдi екен. Ма­­ман­дардың айтуынша, түйе шаруашылығының дамуына оның етiн көп тұтынбайтынымыз да кедергi кел­тiрiп отыр. Оған қоса, екi жылда бiр рет қана бота­лай­тын бұл түлік тым баяу көбейедi. Сон­­дықтан Қазақ­стандағы түйе шаруашы­лығында онша iлгерi­леу­шілік жоқ. Әйтпесе, 60-жыл­­дары түйе шаруа­шылығы бойын­ша әлемдік рейтинг­те алдыңғы қатарда тұрған ел едік. Сол сәтте түйе шаруа­­­­­шылығындағы механикалық түрде сауу ғылыми мақалалары ал­ғаш Қазақстан терри­то­рия­­сында жарияланып тұрған. Ал әлемдік тәжірибеге сүйен­сек, бүгінде қымыранның құнары мен пайдасы Таяу Шығыс пен араб елдерiнде зерттелiп, түйенiң етi мен сүтi мектеп пен балабақшаның ас мәзiрiне енгiзiліп отыр. Өйткені оның сүтiнiң құрамында демiкпе, сусамыр, өкпе, асқазан, бауыр ау­руларына шипа болатын каль­ций, фосфор, темiр, күкiрт сияқты мик­роэлементтер көп. Сонымен қатар Қазақстанға «Атамекен» ҰКП Біліктілік орталығының шақыр­туымен келіп, жұмыс істеген БҰҰ Азық-түлік ұйымының неміс са­рапшысы Марио Юнан түйені Сомали елінің көп өсіретінін айт­ты. Әлемдегі түйелердің 3/1 бөлігі сол елде шоғырланған көрінеді. Оның етін өндіру жағынан да ал­дымен Сомали, одан кейін Эфио­пия алда келеді екен. Енді өзіміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің мәліме­тіне сүйенсек, 2020 жылы елімізде 246 375 түйе тіркелген. Оның ішін­де ауыл шаруашылығы құры­­лым­дарында – 116 540, жеке шаруа­шылықтарда 129 835 бас түйе бар. «Түйе шаруашылықтарына де­меу беру үшін үлкен өткізу нарық­тарын ұсыну керек. Мәселен, түйе етін әскери бөлімшелердің тамақ­тану рационына консервідегі бұқ­тырылған ет немесе жаңа сойылған ет күйінде беруді міндеттесе, ішкі нарықтың өзінде біршама сұраныс пайда болар еді. Сондай-ақ кәсіп­керлердің «ет өңдеу комбинаттары халал сертификатына сай шұжық өнімдерін дайындаса» деген ұсы­ныстары бар», – дейді Агроөнер­кәсіптік кешен және тамақ өнер­кәсібі департаментінің сарапшысы Қуандық Чункунов. Алайда Қазақстанда 2 жылда бiр боталайтын түйенiкіне қара­ғанда, 5 жылда бiр-ақ рет жұмыртқа шайқайтын түйеқұстың етi қадiрлi болып тұр. Алғаш рет Қостанай облысындағы Қарабатыр шаруа қожалығында қолдан өсіріле бас­таған түйеқұс шаруашылығы енді біраз өңірде жанданып келеді. Себебі түйеқұстың еті денсаулыққа пайдалы, холестерині аз, протеині көп диеталық ас деп есептеледі. Сырқаттар мен спортшылар үшін таптырмайтын тағам екен. Ауа райына үйрене бастаған әр түйеқұс күн сайын 2,5 келі құрама жем жейді. Ол үшін бор мен кальций қосылған шөп, жүгері, бидай және соя ұны қоспаларынан тұратын азық-түлік жеткілікті. Сонымен қатар біреуі күніне 10 литрдей су ішеді. Ал жыныстық жағынан 3-5 жасында жетілген құс негізінен сәуір мен қазан айында аптасына бір-екеуден жұмыртқалайды. Сал­мағы 1,5-2 келі жұмыртқаны қуы­­рып, 12-14 адамды тамақ­­тандыруға болады. Бір қызығы, жұмыртқасын түнде қоразы, күндіз мекиені басады. Одан балапандар 6-7 ап­тадан кейін шығып, 6-8 айда ересек құсқа айналады. Он айға жақын­даған әр балапан 100 келіге дейін ет береді. Тек олардың тас жұ­­­тып қоя беретінін ескеріп, қадағалап жүру керек. Әйтпесе, тұншығып өліп қалады. Одан басқа аса кү­тімді, қамқорлықты қажет ете бер­­­­­мейтін түйеқұстың бойы 2-3 метр келетін ересек аталығы 150-160 келіге дейін ет береді. Оның тері­­сінің беріктігі піл мен қолты­рауынның терісімен бірдей. Жалпы алғанда, бұл ерекше құстың еті де, жұмыртқасы да, терісі де қымбат. Сол себепті елі­мізде түйеқұс шаруашылығы үшін субсидия қарастырылмаған. Үкімет ол өз шығынын өзі өтейді деп шешіпті. Алайда түйеқұсты әкеліп, бағып, өсіріп, бірден пайдаға кене­лемін деп жоспарлауға да бол­­­­майды. Мысалы, олар қыста терең төсеніште, жылыжайларда, ал жазда табиғи топырақтағы жайы­лымда тұрады. Бөлмесі құрғақ, мүм­кіндігінше ашық, жарық, өте таза және жыл мезгіліне сәйкес келуі керек. Егер қандай да бір шарттар сақталмаса, саны мен са­пасы бойынша кеткен шығынға сәйкес өнім бермейді және оларды өсіру тиімсіз болып есептеледі.

Қойды қойып, ешкіні еншіледік

«Мал өсірсең, қой өсір. Өнімі оның көл-көсір» деген қазақ «Есің кетсе, ешкі жи» және «Ебін тапсаң, ешкі бақ» дегенді де айтқан. Өкі­нішке қарай, қойдың ертеден сақ­талып келген 22 түрін жойып алып, қазір қалған қаракөл мен еділбай тұқымының өзіне аса мән бермей отырмыз. Керісінше, қазақ шаруа­лары шетелдік «желіні жер сызған» сүтті ешкілерге аңсары ауып тұра­тын болыпты. Қазір әлемде 31 миллион басқа жуық қаракөл күтімге алынған. Орталық Азиядан бөлек, Иран, Ау­ған­­­стан, Намибия және Оңтүстік Аф­­­­­рика елдерінде де шаруалар қа­­­ра­­­­­­­­­көл қойын бағып, мол пайдаға кенеліп отыр. Олар қымбат бағалы теріден зор сұранысқа ие киімдер тігіп жат­­­­са, біз әншейін «тұқымы құрып кет­­­­песін» деп қана бағып жүргенге ұқсаймыз. Тек етіне бола өсіріп отыр­­­­­­­­­ған шаруашылықтар елтірісін елемейді. 90-жылдардың басында Қазақстан қаракөлінің басы 7 мил­­­­лионға дейін жетіп еді. Сол кезеңде 2 миллион елтірі өңдел­­­­ген. Ал қазір терісі түгіл, қара­көл қойларының өзі 1-1,5 миллион бас­­­тан аспайды. ешкі, түйеқұс Еділбай қойы да тасада қалып қойған бір ұлттық брендіміз. Ға­лымдардың айтуынша, ол әлем­де салмағы жөнінен алдыңғы орынға шығады. Жылдам өсіп-жетіледі. Қозысының өзі 3-4 айда 35-40 келі салмақ тартады. Қойдың өзге тұқымында мұндай еттілік бола бермейді. «1918 жылғы есеп бойынша, Қа­зақстанда 22 түрлі қойдың тұ­қымы өсірілген екен. Батыс Қа­зақстанда азғыр тұқымды қой, Еділбай қойлары өсірілсе, Ор­талық Қазақстанда бес ата қой­­лары, ал Шығыс Қазақстанда Шыңғыс тұ­­қымды қойлар мен әртүрлі құйрық­ты қойлар, моңғол тұқымдас қой­лар өсірілді. Қазір тек Еділбай қойы­ның тұқымы ғана сақталып қалды...», – дейді ҰҒА академигі Мәкен Тойшыбеков. Оның ай­туынша, Үкімет шетелден асыл­тұқымды мал басын әкеле­тіндерге, биязы жүнді қой өсіре­тіндерге ғана көңіл бөле бермей, өзіміздің жер­гілікті мал басының көбеюіне, со­ның ішінде қазақтың ежелгі мал тұқымының өсуіне ба­рынша жағ­дай жасағаны дұрыс. Өйткені құ­былмалы табиғатымыз бен бізде дайындал­ған мал азы­ғының түрле­ріне сәйкес, өзге ел­ден әкелінген асылтұқымды мал­­­­дардың қазақ даласына бейімделіп кетуі қиын. «Қойлы бай – қоралы бай, ешкілі бай – есепті бай» дегендей, ешкі – өте өсімтал жануар. Қой мен сиыр орта есеппен жылына бір рет төлдесе, ешкі жылына екі рет және егізден лақтайды. Ал ғалымдардың дәлелдеуінше, құрамындағы бета-казеиннің мол болуына байла­нысты, ана сүтінің құрамына ең жа­­қы­­­­ны – сол ешкі сүті. «Іздеген­ге – сұраған» дегендей, қазір жас аналар сәбилерін ана сүтіне жа­рытпайтын дертке душар болып жатыр. Бұрын елімізде жүздеген балалар сүтханасы болса, бүгінде соның біреуі жоқ. Мысалы, Өзбек­стан фермаларында ешкіні ауру­ханалар мен перзентханаларды сү­тпен қамту үшін арнайы ұстайды. Бұл ретте сүтті 4 ешкінің сүті шетел­ден әкелген асылтұқымды бір сауын сиыр сүтінің мөлшеріне жетеді. Ал бір сүтті сауын сиыр 8-10 ешкінің азығын жейді. Еске сала кетсек, елімізде тұң­ғыш ешкі фермасы 2014 жылы Аты­рау облысында ашылған бола­тын. Ал қостанайлық кәсіпкер еш­кі сүтінен йогурт, сүзбе мен ірімшіктер шығаруды қолға алған. Содан кейін ешкі бағу үрдісі басқа өңірлерде де өріс ала бастады. Өйт­кені Швей­царияда туберкулез, қан аз­дық, рахит, буын, тері ауруына шал­дыққандарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеп келеді. Кана­далық дәрігерлердің айтуынша, ешкі сүті тері мен буын ауруына шал­­­­­­­­­­­­­­­­­­­дыққан адамдардың денсау­лығына жақсы әсер етеді, әрі өт-тас ауруларын, фибромиома мен ба­лалар эпилеп­сиясын емдеуде аса пайдалы екен. Қазақ кәсіпкерлері осындай дәлел-дәйектерді басшы­лыққа алып отыр. Атап айтқанда, ешкі шаруа­шы­лығымен 2016 жыл­дан бері айна­лысып келе жатқан Ақмола об­лысындағы «Зеренді» асыл­тұқымды мал шаруашылығы» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі ешкі фермасы. Ол Целиноград ауданы­ның Қа­жымұқан ауылында құрыл­ған. Нидерландтан 300 бас заанен тұ­қымды ешкісін әкеліп, соны мың­­­­­­­­­­­­нан асырып отыр. Қазір сауып жатқан 700 ешкіден жылына 350 тонна сүт өңделеді. Заманауи тех­никамен толықтай жабдық­талған ферма ірімшік, сүзбе, йогурт, айран бастаған 42 түрлі өнім өндіріп отыр. Шаруашылық басшысы Ермек Ұлықпановтың айтуынша, ол ешкі санын 5 мыңға жеткізгеннен кейін болашақта осы саладағы жетекші шаруашылық ретінде елде ешкі өсі­ремін деушілерге қолдау көрсет­пек.

Ангустан ақбас сиырымыз артық еді...

«Сиыр бақтым, сидаң қақтым» дегендей, қыста тебіндеп, өз бетін­­ше жайыла алмайтыны болмаса, ауылда тек «бір сиырдың желініне қарап отырған» отбасы көп. Ал біз халықаралық стандартқа сай ке­летін етті, сүтті сиыр деп әлде­қан­дай етіп, шетелдің герофорд, ангус, симментал тұқымдарын тасы­­­мал­­дап әлекпіз. Сонда қазақтың етті әрі сүтті бренді – ақбас сиыр қайда қалды?! Ол да ТМД-да алғаш бо­лып шығарылған арнаулы етті ба­ғыттағы ірі қара еді ғой. 30-50-жыл­­дары қа­­зақ және қалмақ сиырларын гере­форд бұқасымен будандастыру ар­­қылы кең тараған тұрпаты бөлек бұл түлік сол сәтте үлкен ғылыми жаңа­лық ретінде жоғары баға­­­­лан­ған болатын. Кейін осы мәселе жиі көтеріле бастады. Шаруалар «шетелдің сиырларын тасымалдауға кететін шығынды өзіміздің ақбас сиыр­ларды көбейтуге жұмсаған тиімді» деседі. Ал германиялық сим­мен­тал тұқымын жерсіндіру үшін оны жергілікті сиырмен будандас­ты­рып, өзіндік ерекшелігі бар, өңір кли­матына бейім тұқым алынады-мыс. Симментал ана­лықтарының әр ба­сына мемлекет тарапынан 225 мың теңге суб­сидия беріледі. Егер кәсіпкер не­сие алса, бір бас үшін төлеген 600 мың теңгенің әлгі 225 мыңы мемлекет тара­пынан қайта­рылады. Өйтіп мұхит асып келген «мықты тұ­қымды» жерсін­діре ал­май, өлтіріп ал­ғанша, өзі­міздің ақбас сиырды өсі­руге ынта қой­ғанымыз жөн-ау. Олай дей­тініміз, кезінде 1,5 мил­лионға жуық­­таған қазақтың ақбас сиы­рының қазір небәрі 270 мың­дайы ғана қалыпты. Ал оны өсіру­ді қайта қолға алсақ, жылына 60 мың тонна ет экспорт­­тауға мүм­кіндік туады екен. Өйт­­кені далалы және шөлейт жерлердің табиғи жағ­дайына бейімделген, жайы­лым талғамайтын ірі қара­ның бұқасы орта есеппен 800-900 ке­ліге дейін ет берсе, аналығы 450-500 келіге дейін тартады. Әйтпесе, Қа­зақстан Үкіметі қазір шетелдік асыл­­тұ­қымдар үшін мал өнімде­рінің 60 пайызын шеттен әкеліп жатыр.

Еркеғали БЕЙСЕН