Щучинск тұрғындары тарифтің көтерілуіне қарсы
Щучинск тұрғындары тарифтің көтерілуіне қарсы
141
оқылды

Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласы тұрғындарының мазасы кеткен. Халық автобус тарифі 150 теңгеге дейін көтеріледі деген жел сөзді естіп қатты қапаланған. Екі еседен артық қымбаттаса, «күнделікті тапқанымыз қапқанымыздан артылмайды» деген жұрт «жағдайымыз не болмақ?» деп алаңдайды. Кеуделерін ыза кернеген тұрғындар редакцияға хабарласып, мұңын шақты. Бірақ  автобус паркі қожайындары мен жолаушылар тасымалы ассоциациясы басшыларының айтар өз уәждері бар. Тарифті көтеруге талпынған автобус паркіндегілер шығындарының көп екенін айтып отыр. «Бағаны көтермесек, автобус паркінің  банкротқа ұшырайтыны анық»,  – дейді олар. Сол үшін аудандық жол бөліміне өтініш хат та жазыпты. Хатты алған жол бөлімі бірден аудандық мәслихаттың қарауына берген. Мәселенің анық-қанығын білмек болып, тиісті орган басшыларын тыңдап көрдік.

Жолдарымыз ми батпақ, автобустар уақытында келмейді

 «Көпбалалы аналардың бірімін. Таңертең балаларымды мектепке жеткізу үшін автобус күтемін. Автобус ешқашан уақытында келмейді. Қысы-жазы кемінде 40-50 минутқа дейін күтуімізге тура келеді. Ал дәл осылай болған соң жұмысқа және оқуға бара жатқан адамдар автобусқа сығылыса мінеді. Карантин кезінде қашықтықты 1 метрден  кем емес етіп сақтау туралы хабарландыру тұр. Айналайын-ау, бұл қай сасқандары?! Өзіміз ескі автобусқа сығылыса әрең сыйып, тақалып тұрамыз. Ал  күндізгі бір жарымда баламды алып шығып, түстен кейін музыкалық мектепке апаруым керек. Таңертең алты  автобус жүрсе, күндіз бір-екі автобус қана қатынайды. Кешкісін үш-ақ автобус жүреді. Иін тіресіп, қайта кіреміз. Осындай жағдайда тарифті бірден екі есеге жуық көтермек. Хабарландыруды оқып ызам келді. Бақандай 150 теңгеге көтерсе, бізден не қалады? Мұны біздің қалтамыз көтермейді ғой! Әрине, оларды түсінуге болады. Бәрі жекеменшік, бірақ әкімдік оларға неге сөзін өткізе алмайды? Осы сұрақ  халықтың көкейінде тұр», – дейді Щучинск қаласының тұрғыны Махаббат Оразалина. Тұрғындар аталған мәселені әлеуметтік желілерде де көтерген. Тіпті, «басқа қалалардағыдай төлем карталары арқылы төлетсе де болатын еді ғой» дейді тұрғындар. «Тұрмыс жағдайлары өте төмен адамдар қайтіп күнін көрмек?» дейді олар. «Жалғызбасты анамын. Балам студент. Күн сайын  жолақысына кемінде 300 теңге беруім керек. Ал мен ай сайын бар-жоғы 30 мың теңге жалақы және 40 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек аламын. Барлық адамдар сияқты менің де несием бар. Тіпті, ұсақ-түйектің бәріне төлем жасау керек. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Ал жағдайы дәл мен сияқты отбасылар жетерлік. Ең болмағанда осындай атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдарға 80 теңге, тіпті болмаса 100 теңгеге көтерсе болатын еді ғой. Бәрі күн сайын қымбаттап жатыр. Ал жалақымыз мүлде өспейді», – дейді Щучинск қаласының тұрғыны Ләззат Накупова. Ал автобус паркінің қожайындарының айтатын өз уәжі бар. Олардың айтуынша, егер қоғамдық көлік қатынасына тарифті көтермесе, автобус паркі мүлдем банкротқа ұшырауы  мүмкін. Сонымен қатар  олар жүргізушілердің жетіспеушілігі мен жолдардың сапасыздығы және жанар­майдың қымбаттауы мәселені қиындат­қанын жеткізді.

Жүргізушілер мен кондукторлар жоқ...

«Тариф осыдан 4 жыл бұрын 2017 жылы 60 теңгеден 80 теңгеге көтерілген. Ол кезде жанармай бағасы да 147 теңгеден болған. Ал қазір жанармай құны –170-180 теңгеден, ал қыстыгүні тіпті 200 теңгеге дейін жетіп жығылады. Автобус жүретін жолдар ойлы-шұңқыр. Жүргізушілер жетіспейді. Кондукторлар жоқ. Жүргізушілердің алатын жалақысы еңбегіне татымайды. Мәсе­лен, күніне 40 мың теңге әкеледі. Оның 12 мың теңгесін жанармайға жұмсайды. Төрт мыңын кондукторға беру керек. Яғни жалақысы шамамен 70 мың теңгеден аспайды. Жасы келгендер болмаса жастар жүргізуші болып келмейді. Келсе де, олардың автобус жүргізетін Д куәліктері болмайды. Қазіргі заң тәртібіне сәйкес алдымен Д-1 одан кейін Д-2 одан Д-3, ал үш жылдан кейін Д жүргізушілік санаты беріледі. Ал Д-1 санаты бар жас жігіттерді автобусқа отырғызуға болмайды. Сондықтан қазір автобус болғанымен жүргізушілер мен кондукторларды таппай отырмыз. Күніне кемінде осы себеппен ғана сегіз автобусымыз қаңтарылып тұрады», – дейді «Рост» автобус паркінің директоры Геннадий Ермолинко. Автобус паркі директорының айтуынша, бағаның көтерілетіні жөнінде жарнама аудан әкімдігінің айтуымен ілінген. Бұл халықты бағаның көтеріле­тініне дайындау мақсатында жасалған деседі.

Электронды билеттендіруге дайын емеспіз

«Автобус парктерінің шығындары көп. Карантин болғандықтан автобустарға күн сайын дезинфекция жасалады. Барлығы 76 автобус болғанымен олардың қазір 32 автобусы ғана тұрақты жүреді. Қалааралық автобустар осыдан бір жыл бұрын карантинге байланысты тоқтаған. Автобус дөңгелегінің өзі бұрын 30 мың теңге болса, қазір 60 мың теңгеге бірақ көтерілген. Әлеуметтік жағдайы осал адамдардың жәрдемақысына қоғамдық көлік қа­тынасын тегін жүруі үшін арнайы төлем қосылған. Міне, осындай күрделі мәселелер бар. Біз әлі электронды төлем карталары арқылы жұмыс істеуге дайын емеспіз. Ол еліміздің Көкшетау, Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты бірнеше қалаларында ғана іске қосылған. Ал халық саны аз, жолаушылар ағымы өте төмен бізде бұл мүмкін емес», – дейді Бурабай ауданы Жолаушылар тасымалы ассоциациясының директоры Болат Қасымов. Мұны аудандық жол бөлімінің бас­шысы да құптап отыр.  Оның айтуынша, автобус паркі мемлекеттің қолдауынсыз өздерін өздері қаржыландырып отыр. Бұл оларды тығырыққа тіреген. «Қазіргі уақытта бізге жолаушылар тасымалы ассоциациясынан келген өтініш хат аудандық мәслихаттың қарауында. Алдағы мәслихат сессиясына қаралады. Оған кемінде екі ай уақыт кетеді. Әкімдіктің қаулысымен бекітіліп, Әділет басқарма­сын­да тіркеуден өтеді. Одан кейін аудандық газеттерде жарияланады. Тек осыдан кейін ғана жаңағы баға тарифімен автобустар жүре бастайды. Бюджеттен аталған мақсат­та қаржы қарастырылмаған. Ал жолға келсек, биыл ауданда жолдарды жөндеу үшін 290 миллион теңгеге 6 бірдей жоба жүзеге асырылмақ. Жыл бойы барлығы 12 көше жөнделеді. Әзірге автобустар өтетін Лермонтов, Паравозная, Маяковский, Степная, Оқжетпес, Юбилейный деген 6 көшені жөндеуге қаражат бөлінді. Алдағы мамырда асфальт зауыттары іске қосылған соң жөндеу жұмыстары да басталмақ», – деді Бурабай аудандық жол бөлімінің басшысы Арман Нұртазин. P.S.

Сонымен, Щучинск қаласында автобус қатынасы үшін тариф көтерілуі бек мүмкін. Тұрғындардың талап-тілегіне қарай мәслихаттың қандай шешім шығаратыны алдағы уақыттың еншісіне қалмақ...

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы