Импорттың көлеңкесіндегі ұлттық қолөнер
Импорттың көлеңкесіндегі ұлттық қолөнер

Қазір қолөнер ше­бер­­лері мен зергерлер өз­дерінің көрпе-жас­тық, ағаш астау, ұлттық ас­паптар және түрлі әшекей бұйымдарын әлеу­меттік желілер ар­қылы сатуды дәстүрге айналдырды. Әрине олар­дың дені бұ­рын­ғыдай тек қана оймақ киіп, ине сабақтап, сон­дай-ақ кескір, тескірін балғамен тықылдатып, ескіше еңбектене қой­майды. Арнайы станок­тың арқасында қайыс бел­беу, әмиян, сөмкеге оюды терең өрнектеп, ті­лек­терді тізіп, тіпті неке жүзігіне дейін ерлі-зайыптылардың аты-жөнін жазып беру әдетке айналған. Алайда қазақ қоғамы одан гөрі Ресей мен Түркияның арзан әшекейлері мен еуропалық бренд бұйымдарға ұмтылады. Қысқасы, ұлттық өнімдерге әлі де онша сұраныс жоқ.

Зергерлік өнімге зейініміз ауса да...

Қазақстандағы геммология ғылымы мен зергерлік ісі туралы зерттеп жүрген ғалым Оспан Бейсеевтің айтуынша, елімізде әшекей бұйымдар шығаратын зауыт ашылып, жүйелі жұмыс істесе, біз экономи­каның бір бүйірін сонымен-ақ шығара алады екенбіз. Өйткені әлемде зергерлік өндіріс арқылы эко­номи­калық әлеуетін тұрақтандырған Израиль, Үндістан, Щвейцария, Польша, АҚШ, Жапония, Шри Ланка, Қытай сияқты 40-тан астам ел бар. Соның ішінде ши­кі­зат қоры жоқ бола тұра, зергерлік өн­діріс арқылы өз эко­номикасын әлде­қайда биік дәрежеге жеткізген ел – Израиль. Қазір онда 350 зергерлік ше­бер­хана мен фабрика жұмыс істеп тұр. Ал Аус­тралияда тек қара тастарды (опал) кәдеге жарататын 70 кәсіпорын нарыққа түрлі әшекей бұйымын шығарып отыр. Осы орайда геммолог Оспан Бейсеев Қазақстан жерінде асыл тастар мен түсті минералдың 595 түрі анықталғанын алға тартты. Оның ішінде зергерлік өнер өндірісі дамыған елдердің тәжірибесінде әлі қолданылмаған дәстүрлі емес тастар да кездеседі. «Алайда Қазақстанда бағалы тастардың құны жоқ. Мысалы, ақық, меруерт, көкшіл мөлдір тас (аметист), қара тастарды (опал), жақұт, тіпті гауһардың өзін қысылғанда ақшаға айырбастай алмайсыз. Сондықтан ондай бағалы тас­тарды тек әшекей бұйымдарды безендіруге ғана қолданады. Егер гауһар көзі бар алтын сақинаңыз болса, ломбард оның тек алтынына ғана ақша төлейді»,  – дейді әше­кей бұйымдар сатушы Эльмира Сатеева. Жалпы, сонша қазба байлыққа бай ел болсақ та, зергерлер табиғи тастарды шетелден тасып әлек. Экономист Жанұзақ Әкімнің айтуынша, Қазақстанда кез кел­ген әшекей бұйымдар жасауға қолда­нылатын жасанды және табиғи тастардың 80-90 пайызы Қытай, Үндістан, Ресей, Корея елдерінен келеді.

Контрабанданың көлеңкесінде қалдық

Жалпы, еліміздегі мың зергерлік бұ­йым­ның тек екі-үшеуі отандық өнім. Көбін жеке шеберлер үйінде жасайды. Өйткені ЕАЭО елдері арасында Қазақстан – жалған зергерлік бұйымдарды өткізу бойынша ең үлкен көлеңкелі нарық. Дер кезінде кон­тра­бандамен күреспесек, мұндай жағдайда заңға бағынатын зергерлерге кәсібін тоқтатуға тура келеді. Өйткені елде мұндай тауарларды сату үшін өте жұмсақ жаза қолданылады. «Бізде тауарды тәркілеусіз, тек әкімшілік жауапкершілік қарас­тырылған. Қырғыз Республикасы, Ар­мения, Беларусьте қылмыстық жауапкер­шілік бар», – дейді «Қазақстан зергерлері лигасы» ЗТБ және жеке кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Қайсар Жұмағалиев. Ал Қазақстан нарығында 2017 жылы жұмысын бастаған Qazaq International Holding компания­сының негізін қалаушы Марат Мәуленнің айтуынша, Алматының өзінде зергерлік өнімдердің 70 пайызы заңсыз жолмен келіп, төмен бағамен сатылады. «Негізі зергерлік бұйымдар Қытай, Ресей, Ук­раина, Түркия, Таиланд, Үндістан, т.б. елдер­ден ресми және бейресми жолмен келіп жатады. Арасында сапасы төмендері көп. Кейде алтын, күміспен басқа да металдардың араласып жатқанын байқай­мыз. Ал күмісті таза 925-сынамамен өндіріп жатқан шебер­лердің бұйымдары қымбат. Шетелден зергерлік өнім әкелу­шілер салықтық шы­ғын­дарды төлемейді. Соның салдарынан жергілікті кәсіпкер­лерге қатысты бағалық теңсіздікті қалып­тастырады», – дейді ол. қолөнер Карантин салдарынан былтырдан бастап Қазақстанда тойлар болмаған­дықтан, мерекелік жиындардағы басты кәдеге айналған отандық әшекейлерге сұраныс азайған. Әйтпесе еліміздің зер­герлік саласындағы қаржы айналымы 300 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Маман­дардың айтуынша, зергерлік бұйымдарды көлеңкеден шығарып, отандық өндірісті жолға қойсақ, мемлекеттік бюджетке жыл сайын 40 миллиард теңгеге жуық салық түседі екен.

Шетелдік шеберлерде арман жоқ

Тарихқа жүгінсек, 1871 жылы Семейдегі көрме ұйымдастыру комитетінің хаттама-құжаттарында қазақ халқының ешбір токарлық станоксыз, қашау мен пышақ арқылы тұтас қайыңнан ыдыстарды өте шебер жасайтыны баяндалған. Осылайша, 65 түрлі ыдыс-аяқ, 18 түрлі музыкалық аспап пайда болған. Оған қоса темірден түйін түйген, жүннен жіп иірген, тасқа тіл бітірген, сүйектен сүйкімді, мүйізден мінсіз дүние шығарған ұста, зергер, тігінші, тоқымашы, ағаш шебері, бәдізші сынды бірнеше ісмер және өнердің көп түрін игерген миясар мекендеген мына ұлы даланы! Қазір солардың аз ғана ізбасарлары жұмыс істейді. Сондықтан ұлттық қолөнер өнімдерін заман талабына сай бизнеске айналдырмасақ, оны жай бейматериалдық мұра ретінде дамыту қиын. Мысалы, Алматы облысы Кеген ауданынан шыққан темір ұсталары Тұрсынжан, Махмұт және Айтберген Құлменовтер 40 жылдан бері қару-жарақ, тұрмыстық заттар мен саз аспабын жасайды. Олардың қолынан шыққан заттар Қазақстанның барлық облысындағы музейлерге қойылған. «Әттең ұсталарға қамқорлық жоқ. Өзіміздің жағдай келмейді. Жабдықталған ұстахана ашып берсе, сонау түркі мен ғұн дәуірінің сауыт-саймандары мен қару-жарақтарын халық алдына келтіріп берер едік. Қазір өнерді ұсақтатып жіберді. Оюды да қалай болса солай жапсыра беретін болды. Ал қазақта әр оюдың өз мағынасы бар. Қазір сувенирді қазақтың өнері деп жүргендер көп. Бабаларымыздан қалған нағыз ұсталық өнер жойылып кете ме деп қорқамын» деп күрсінді Махмұт Құлменов. Ол ұсталық өнерге мемлекет тарапынан қолдау болса екен деп тілейді. Өйткені ой еңбегі мен физикалық күшті қажет ететін бұл кәсіпті игергісі келетіндер жоқтың қасы. Ұсталық қана емес, жалпы қазақтың қолөнері түрлерінің бәрі мемлекеттік қолдауға зәру десек болады. Мысалы, батыс елдерінің саяхатшылары Моңғолияға қазақтың бүркітшілері мен киіз үйін көру үшін барады. Олардың қолөнер бұйымдары да саяхатшылардың алдымен таңдауы түсетін дүниесіне айналған. Бұл кәсіпті өзімізде толыққанды дамыту үшін мемле­кет тарапынан арнайы бағдарлама қабыл­дануы керек-ақ. Өйткені біз туристерді жылтыраған ғимаратпен таңғалдыра ал­маймыз. Олар қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын, тағамы мен киімдерін көргісі келеді. «Бейматериалдық мұра» дегенмен, қазір біраз елде қолөнерге дем беру – халықтың экономикалық жағдайын жақсартудың бір тәсілі. Сондықтан олардың билігі байырғы бұйымдардың қолданыстан шығып қалуының алдын алу үшін арнайы қаржы шығарып, қолөнер шеберіне жағдай жасады. Қытайдың кез келген қаласында қолөнер орталықтары, қолөнер шеберлерінің көшелері бар. Тіпті, олар өндіру мен сатуды өзара ұштастырған жаңаша базар ашқан. Ол базарға туристер лек-легімен ағылуда. Өзбек елінде де қолөнер шеберлері «Хунарманд бірлес­тігіне» мүше болғаннан кейін салық­тан босатылады, Үкіметтен төмен өсімді қарыз алады. Шәкірт тәрбиелейтіндеріне қо­сымша қаражат және қарастырылған. Өзбек ағайындар өзен-көл жағасына қазақы киіз үйлер тігіп, этноауыл жасап, сонымен туристерді тартуда. Ал біз мерекелік шараларда өз киіз үйімізді өзіміз тіге алмай, қырғыздарды жалдап жүрміз. Сондай-ақ Ресейде 5 миллионнан астам қолөнер шеберін қамтитын 70-тен астам бірлестік жұмыс істейді. Олар салық демалыстары, салық салудың жеңілдетілген үстемелері, патенттермен жұмыс істеу мүмкіндігі, тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін мемлекеттік тендерге қатысу құқығы сынды шағын бизнеске арналған жеңілдіктерді қолданып отыр. Ал Иранның Тербиз қаласының өзінде 800 мыңнан астам адам кілем тоқумен айналысады. Елде ондай бірнеше орталық бар. Өйткені онда қолөнерді дамытуға жылына 1 миллиард доллар бөлінеді екен. Түрікменстанда қалы кілем тоқитын бірнеше мектеп бар. Енді өзімізге келсек, елорданың өзінде қолөнершілердің арнаулы орталығы жоқ. Тек Есілдің оң жағалауында, яғни ескі қалада 20 шақты шағын дүкені бар. Оның өзін тұтынушылар біле бермейді. Тасада орналасқан. Сондықтан шеберлер Нұр-Сұл­танда ыңғайлы орын табудың қиын­дығына, оны жалдау ақысының тым қым­баттығына налып отыр. «Атамекен» ҰКП мәліметінше, елімізде 700-ге жуық қолөнер шебері тіркелген. Құрамына еліміздің барлық өңірінен сол 700-ге жуық шебер кіретін қолөнер­шілер одағы бар. Алайда әйелдердің әше­кейі­нен бөлек, қала базарларындағы ұлт­тық нақышта жасалған қолөнер бұйым­дары­ның 80 пайызы қырғыз елінен келеді. Ал өзімізде жасалған өнімдер ол тауарларға қарағанда сапалы әрі қымбат.

Керек дерек

Қазақ ісмерлері жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдардың бағасы: Ағаш тәрелке – 5 300-8 100 теңге. Ағаш астау – 8 800-55 400 теңге. Ағаш табақ – 11 700-14 300 теңге. Ағаш тегеш – 28 100-52 900 теңге. Ағаш тостақ – 2 500-5 800 теңге. Сандық – 100 000-163 900 теңге. Алтын, күміс сырғалар – 30 000-150 000 теңге. Алқа – 30 000-35 000 теңге. Алтынмен апталған күміс алқа мен сырға жиынтығы – 75 000 теңге. Білезік – 45 000-90 000 теңге. Алтын, күміс жүзіктер – 40 000-250 000 теңге. Ерлер сақинасы – 49 000 теңге. Әмиян – 7 000-30 000 теңге. Аспалы және қол сөмке – 7 000-80 000 теңге. Жол сөмке – 25 000-125 000 теңге. Белбеу – 7 000-30 000 теңге.

Еркеғали БЕЙСЕН