Аман қалған ана, дені сау бала
Аман қалған ана, дені сау бала
405
оқылды

Ана мен бала денсаулығы қай мемлекетте болсын маңызды. Жүктілік барысында ананың бар жағдайы жасалып, босанған сәтте аман-есен сәбиін өмірге әкелуі үшін жан-жақты шаралар қолданылады. Дамушы мемлекет ретінде Қазақстан бұл мәселеге тіпті мән беретіні белгілі. Осы мақсатта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған стандарттарын сәтті енгізіп жатыр. Соның арқасында ана мен бала өлімі коэффициенті жыл өткен сайын төмендеп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз.

Демографиялық өсімнің мем­лекет үшін маңызын айтып жату­дың өзі артық. Өйткені бұл – елдің дамуына бірден-бір әсер ететін фактор. Ал халық санының артуы әйел денсаулығына тікелей бай­ланысты. Яғни, неғұрлым болашақ аналарға жағдай жасалса, соғұр­лым өсім де қуантарлық деңгейде болады. Одан кейін өмірге келген сәбидің қалыпты дамып, ата-анасының көз алдында жүгіріп жүргені маңызды. Бірімен-бірі тығыз байланысқан ана мен ба­ланың ахуалына айрықша мән беру арқылы жағымды көрсеткіш­ке қол жеткізуге болады. Бұған дейін Тұңғыш Прези­дент – Елбасы жыл сайынғы Жол­да­уында демографиялық жағ­дайды, соның ішінде ана мен баланың амандығы жайлы үнемі шегелеп атап өтетін. «Қазақ­стан-2050» стра­тегиясында Нұрсұлтан Әбішұлы ХХІ ға­сыр­дың жаһандық он сын-қатерінің бірі ретінде жаһандық демогра­фиялық тең­герім­сіздікті бе­керден-бекер атамады. Себебі бұл мәселе кезек күттірместен ше­ші­луге тиіс екенін білді. Сөз жүзінде ғана тапсырма беріп қоймай, оның іс жүзінде орындалуын, қуан­тарлық нәтиже беруін қада­ғалады. Мәселен, ана мен бала өлімін азайту үшін меди­циналық көмекті қолжетімді етті. Бүгінде жүктілік бойынша есепке тұрған әйелдер барлық тиісті ме­ди­циналық шарадан тегін өтеді. Халық санын көбейту үшін бо­лашақ анаға жасалатын жағ­дайдың жақсы болғаны керек. Ол үшін де әлеуметтік жағдайды тү­зетуге тап­сырма берілген. Ал оның орын­далу деңгейіне тоқталатын болсақ, қазір аналарға арналған жәр­демақы түрі көбейді. Атап айт­қанда, босанғанға дейінгі, бо­санғаннан кейінгі көмек түрлері бар. Жұмыс істейтін әйел­дер дек­реттік дема­лысқа байла­нысты бір­реттік төлемді еңбегіне сай алады. Үй шаруасындағы әйел­дер де назардан тыс қалған жоқ. Бала өмірге келгенде берілетін бір­реттік төлем құдды қазақтың көрімдігі іспеттес. Одан бөлек, бала бір жасқа келгенге дейін төленіп тұ­ратын жәрдемақы бар. Оның кө­лемі де жыл сайын артып отыр. Сөзіміздің дәлелі ретінде соңғы бес жылдағы жәрдемақыға тоқ­талсақ. 2016 жылы жұмыс істе­мей­тін әйелдерге бала жасқа тол­ғанға дейін төленетін жәрдемақы көлемі бі­рінші балаға – 5,76 АЕК, екінші балаға – 6,81 АЕК, үшінші балаға – 7,85 АЕК, төртінші балаға 8,90 АЕК болды. Ал бірреттік төлем алғашқы үш балаға – 31,41 АЕК болса, төртіншіден әрі қарай 52,35 АЕК төленді. 2017 жылдың қаң­тарынан бастап бала өмірге келуіне бай­ланысты берілетін жәрдемақы бір жыл бұрынғы сомадан 7 пайызға артатыны мәлімделген. Бірақ жел­тоқсанда Елбасы Назарбаев 2017 жылы аталған жәрдемақының 20 пайызға артатыны туралы сүйін­ші хабарды жария­лады. Соған бай­ланысты қаңтар мен шілде, шілде мен желтоқсан аралығында екі түрлі сома төленген болатын. Салыстыру үшін 20 пайызға арт­қандағы қаражат мөлшерін атап өтейік. Алғашқы үш балаға бе­рілетін бірреттік жәрдемақы 66 621теңгеден 86 222 теңгеге, төр­тінші ба­ладан әрі қарай 111 035  тең­­­геден 142 947 тең­геге өсті. Ал жұ­­мыс­сыз әйелдерге төле­нетін ай сайын­­­­­ғы жәрдемақы мөлшері 2017 жылы мынадай болған: бірін­ші балаға – 13 070 тең­ге, екінші ба­­­­­­лаға – 15452 теңге, үшінші б­а­лаға – 17 812 теңге, төр­тінші жә­не одан кейінгі балаларға 20195 теңге болды. Осылайша, бір­­рет­тік төлеммен бұл жылы 392 743 адам қамтылды. Бұл мақ­сатта бюд­жет­тен 34,7 млрд теңге бөлінген еді. Жәрдемақының көтерілу дәс­түрі 2018 жылы да жалғасты. Бұл жылы 332,3 мың адам қамтылған. Жалпы сома – 34,2 млрд теңге. Алғашқы үш балаға – 91 390 теңге, төртіншіден бастап 151 515 тең­геден берілді. Ал бала жасқа толғанша бірінші балаға –13 853 теңге, екінші балаға – 16 379 теңге, үшінші ба­лаға –18 880 теңге, төр­тінші және одан кейінгі балаларға 21 405 теңге болды. 2019 жылы төртінші балаға дейін 95 950 теңге, одан кейін 159 075 теңгеден берілді. Бір жасқа дейінгі төленетін жәр­демақы да көбейтілді. Бала өмірге келуіне бай­ланысты бе­рілетін тө­лем былтыр 100 738 теңге және 167 013 теңге бол­ған. Жалпы, ана мен бала жағ­дайын жақсарту мақ­сатында 2020 жылы 693 млрд теңге қарастырылған еді. 2021 жылы ана­ларға төленетін жәр­демақылар 5 пайызға өсті. Яғни, алғашқы үш балаға дейін 110 846 тең­ге, одан кейін 183 771  теңге тө­ленеді. Жалпы алғанда, ана мен бала­ның жағдайын жасаудың мәні та­биғи өсімге келіп тіреледі. Яғни, осы көрсеткіш жоғары болуы үшін аналарға жасалатын меди­циналық көмек пен әлеуметтік жәрдемақы көтерілуі керек. Бізде жағымды ди­намика байқалатынын ескерсек, бұл мақсат бір­тіндеп орындалып жатқанын көреміз. Әлеуметтік жағынан көмек көрсету үшін жыл өткен сайын мән беріліп келе жат­қанын атап өттік. Ал ендігі кезек­те – ана мен ба­ланың саулығы. Бұл мақсатта бізде арнайы бағдар­ла­малар қабылданды. Әрі нәти­желері де ауыз толтырып айтуға бо­ла­тындай.

Бала – қоғамның ең қорғансыз бөлігі

Ұлттық статистика агенттігінің мәліметтерін шолып шығып, ана мен бала өлімі коэффициенттерінің тәуелсіздік алған жылдардан бері қалай өзгергенін бағам­­­дадық. Ол үшін алдымен негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер жи­нақ­талған кестеге үңілдік. Бұл жерде деректер 1991 жылдан бастап жи­нақталған. Отыз жылды тізбеле­мей, әр онжылдыққа тоқталсақ. Еге­мендік алған тұста нәресте өлі­мі коэф­фициенті 27,30 болса, ана өлімі – 67,20. Араға он жыл сал­ғандағы көрсеткіш ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған шара­лардың оң нәтиже бергенін көр­сетіп отыр. Өйткені коэффи­циенттер тиісінше 19,10 және 48,60-ға азай­ған. Яғни, екі көр­сеткіш те шамамен 1,4 және 1,3 есеге азайғанын бай­қаймыз. Үшінші онжылдықтың қолда бар нәтижесі 2019 жылға тиесілі. Ол жылы нәресте өлімі коэффициенті 8,37-ге тең болған. Ал ана өлімі – 13,4. Демек, тәуе­л­сіз­дік алған жылдан бері нәресте өлімі 3 еседен төмендесе, ана өлімі тіпті 5 есе азайған. Ана өлімін алдағы уақытта бұ­дан әрі азайту көзделіп отыр. Бұл мақ­сатта дәрі­герлердің білімі мен білігін арттыру маңызды. Себебі мамандардың кәсібилігі жоғары болған сайын түрлі қиын жағдайды еңсеріп, ананы да, баланы да аман сақтау қалу ықтималы жоғары. Жалпы алғанда, елдің эконо­ми­калық әлеуеті, әлеуметтік қорға­луы мен медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарса, демографиялық ахуал да шарықтай береді. Елбасы өзінің «Қазақс­тан-2050» страте­гиясы қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жол­дауында «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі. Сон­дықтан олардың құқығы қор­ғалуға тиіс. Мен Елбасы ретінде әрбір сәбидің құқығының қор­ғалуын талап етемін. Біздің жері­мізде туылған әр сәби –қа­зақ­стандық. Және ол сәбиді мемлекет қамқорлығына алуға тиіс» деп атап өткен болатын. инфаграфика Ана мен баланың жағдайын жасау мақсатында еліміздегі ең іргелі «Nur Otan» партиясы «Ба­қытты отбасы» жалпыұлттық жо­басын бастаған. Оның басты ба­сым­дығы – балалар құқығын қорғау. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін партия жанынан Отбасы, әйелдер және ба­лалардың құ­қық­тарын қорғау жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық кеңес құрылып және «Жол кар­тасы» әзірленген. Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңес бірқатар заң­ға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады. 2019 жылы қоғамдық кеңесте 220-дан астам елді мекендегі 1 350-ден астам мекеме тексерілді; қоғамды ба­лаларға мұқият болуға шақыру; балалар құқықтарын қорғауды ше­­шудегі өзекті мәселелер мен те­тіктер қарастырылды. Сонымен қатар елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқы­татын медициналық-әлеуметтік мекемелер проб­лемасын да «Nur Otan» партиясы жанындағы қоғам­дық кеңес көтерді. Мемлекеттік органдар басшылығының қаты­суымен өңірлердегі кеңестің жұмыс қорытындылары туралы партиялық тыңдауларда меди­циналық-әлеу­меттік мекемелер мәселесі тал­қы­ланды: бірін­шіден, бала күтімінің са­пасы, балаларды дамытудың жеке жос­парларын іске асыру, күнделікті режимді сақтау, емдеу мен оңалту сапасы, партияның сай­тында мате­риалдық-техникалық жаб­дықталу деңгейі, камералардың орнатылуы және оларды басшылықтың қада­ғалауы, қызметкерлердің жалақысы, бір жұмыскерге шаққандағы жүк­теме нормативтері, осы мекеме­лердегі жұмыстың ашықтығы, жұ­мыс тобының аймақтардағы жұмыс қоры­тындысы бойынша маңызды мәселелер министрліктерге жібе­рілген. Тұңғыш Президент қоры­ның қолдауымен Unicef 2020 жыл­дың аяғына дейін барлық меди­циналық әлеуметтік мекеме маман­дарына балаларға дұрыс күтім жа­сауды үйрететін оқыту мен серти­фи­кат­тауды ұйымдастыру туралы ше­шім қабылданған еді.

Өлім-жітім көр­сеткіші азайған

Мақсат ретінде шегеленген ана мен баланың саулығын сақтау мә­селесі күн­тізбеден еш түспейді. Ал шаралар жаңартыла бермек. Оң нәтижелерді жоғарыда тізбектеп шықтық. Ендеше соңғы жақсы жаңа­лықтар сөйлесін. Жыл ба­сын­да Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният төраға­лығымен өткен нәресте өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі рес­публикалық штабтың отыры­сында ана мен бала өлімінің азай­ғаны мәлімделді. Ажар Ғиният 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша республикада оң дина­мика байқа­лып, нәресте өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға тө­мен­дегенін атап өткен. Вице-министр келтірген деректерге қа­рағанда, 2019 жылы 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда 8,40 бол­са, биыл 7,79, ал 2020 жылға нәрес­телердің өлім-жітім инди­като­ры­ның ныса­налы мәні Денсау­лық сақтауды дамы­тудың 2020-2025 жыл­дарға ар­налған мемле­кеттік бағдар­лама­сына сәйкес, 10,1%-ды құраған. Сондай-ақ балалар өлім-жітім көр­сеткіші өткен жылғы көрсет­кіш­пен салыстырғанда, 16,8% -ға тө­мендеген және тірі туған 1 000 балаға шаққанда, 2019 жылғы 10,7-ге қарағанда 8,9-ды құраған. Ден­саулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекет­­тік бағдарламасына сәйкес, балалар өлім-жітімі көрсеткішінің ныса­налы индикаторы 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша 10,6 болуға тиіс. «Аталған көрсеткіштерге әсер етудің маңызды аспектілерінің бірі – ана­лардың денсаулығын жақсарту, пе­ринаталдық және неонаталдық көмекті жетілдіру, пат­ро­наждық қыз­меттің әмбебап-прогрессив мо­делін, баланы емшек сүтімен емізуді қолдау» деген бо­латын вице-ми­нистр. Оның сө­зінше, Денсаулық сақтау ми­нистрлігі елімізде мүм­кіндігі шек­теулі балаларға кешен­ді көмек көрсетуді жетіл­діру, оның ішінде ерте жастағы ск­ринингтерді қолға алу жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде шаралар қабыл­дап жатыр. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бағытында учаскелік қыз­меттің балалармен жұмысты ұйымдастыру және ара­лас қызметтермен сабақ­тас­тық­ты­ғын жақсарту қажет. Сонымен бірге ме­дицина қызметкерлерінің бі­лік­тілігі мен кәсіби білім деңгейін арт­­­­­­тыру жөніндегі жұмысты жал­ғастыру, балалар маман­дарының тапшы­лығын шешу, оның ішінде «Педиа­трия (неона­тология), ба­лалар реа­ни­матологиясы, анес­те­зио­логия» және «бала­лар пульмо­ноло­гиясы» мамандықтары бойын­ша кадрмен қамтуды 100%-ға дейін жеткізу қа­жет. Сондай-ақ Мем­ле­кет басшы­сының тапсыр­масы бойынша бо­сан­дыру ұйымдары мен балалар стационарларын за­ма­­науи жабдық­тармен толық жа­рақ­тандыру жос­парланып отыр. Бұл дегеніміз ана мен балаға тиісті көңіл бөлу жал­ғасып қана қоймай, қуантарлық көрсеткіштерге жеткізе беретініне се­німмен қарауға мүм­кіндік береді.  

Айша ЕРСҰЛТАН