Жастар арасындағы әлем чемпионатында сынға түскен қазақстандық боксшылар Польшадан елге олжалы оралды. Жанкүйерлер былғары қолғап шеберлерін елорда әуежайынан құрметпен күтіп алды.
52 мемлекеттің қатысуымен өткен (оның ішінде 32-сі Еуропадан, 11-і Азиядан, 7-сі Америкадан, 2-еуі Африкадан) Кельце (Польша) қаласындағы турнирде Қазақстан ерлер құрамасы 5 медаль еншіледі. Санжар Тәшкенбай (49 келіге дейін) мен Сабыржан Аққалықов (64 келіге дейін) жарыс жеңімпазы атанды. Ал Ерболат Сабыр (56 келіге дейін) мен Елнұр Сүйінбай (60 келіге дейін) күміс, Диас Молжігітов (75 келіге дейін) қола жүлдені қанағат тұтты. Елнұр (60 келі) ақтық сында жапониялық Реито Цуцумиге есе жіберді. Ал Санжар 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ақтық сында ресейлік Роберт Бадалянді жеңді. 64 келіде жұдырықтасқан Сабыржан финалдық айқаста Бозорбой Матякубовты жеңді. 56 келі салмақта өнер көрсеткен қандасымыз Ерболат Сабыр финалда үндістандық Сачинге жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты. Жарыстан соң команданың аға жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов аталмыш турнирді қорытындылап, жас спортшылардың өнеріне баға берді. – Сегіз спортшымыз жартылай финалға өтеді деп жоспарлаған едік. Алайда алғашқы жарыс күндері екі-үш боксшымыз жеңіліп қалды. Әсіресе, өз салмағындағы үздік боксшылардың бірі Аманат Сабырғали, команда капитаны әрі Азия чемпионы Ерасыл Жакпеков жарыс жолынан шығып қалды. Қалғандары үмітті ақтап, жақсы өнер көрсетті. Олар әлі жас, жанып тұр. Мәселен, чемпион атанған Санжар Тәшкенбайдың қарқынын әлі де басу керек. Ол ММА-мен айналысқан. Жекпе-жектердің бірінде Санжар қарсыласын жамбаспен лақтырды. Украиналық төрешінің бұл әдіске ескерту бермегеніне рақмет айту керек. Тағы бір чемпионымыз Сабыржан Аққалықов бес кездесу өткізді. Оның ішінде Куба мен Үндістан мықтылары да бар. Финалда Украина боксшысынан басым түсті. Біз отансүйгіштік қасиетіміздің арқасында жеңіске жеттік. Күн сайын балалардан «Отан деген не?» деп сұраймын. Олар ата-анасы мен ата-әжесін, достарын, көршілерін, барлық Қазақстанды Отаны санайды. Сол себепті оларды ұятқа қалдырмауға тырысып, бар күшін салды, – дейді Қайрат Сәтжанов. Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының қыздар бәсекесі де аяқталды. Қазақстан қоржынында – 2 күміс, 3 қола. Қыздар арасындағы жарысты Арайлым Марат (48 келі), Гүлнар Тұрапбай (51 келі), Айшагүл Елеубаева (54 келі), Назерке Серік (57 келі) және Милана Аюпова (64 келі) мерзімінен ерте аяқтады. Өзге бес боксшы қызымыз жартылай финалға дейін жетіп, жүлделі орындар үшін таласты. Атап айтқанда, 60 келі салмақтағы Жұлдыз Шаяхметова өзбекстандық Дильфуза Бековадан басым түссе, 75 келі салмақтағы Дана Дидай тағы бір өзбекстандық былғары қолғап шебері Сохиба Рузметованы жеңді. Ал Жасмин Қизатова (69 келі) польшалық Барбара Марчинковскаға, Әсел Сағатова (81 келі) ресейлік Ксения Олифиренкоға және Елдана Тәліпова (+91 келі) молдовалық Дария Козорезге жол беріп, қола медальге қол созды. Финалда Жұлдыз Шаяхметова үндістандық боксшы Винкаға, Дана Дидай да сол елдің өкілі Санама Чану Токчоммен қолғап түйістірді. Өкінішке қарай, Жұлдыз үндістандықтан айласын асыра алмады. Дана да Токчомды жеңе алмай, күміс жүлдені місе тұтты. Осылайша, бұрымдыларымыз Польшадағы жарысты екі күміс және үш қола медальмен қорытындылады. Төреші, экс боксшы Серікжан Ешмағамбетов жастар құрамасы әлем чемпионатында тәп-тәуір өнер көрсеткенін айтады. – Әлемдік аренадағы төртінші орын – бұл өте жақсы көрсеткіш. Осы жігіттер мен қыздар әлі-ақ өздерін ересектер құрамасында көрсетеді деп сенемін. Әр спортшыға жеке-жеке тоқталғым келіп тұрған жоқ. Олар осындай жарыстар арқылы шыңдалады, жетіледі. Ересектер командасына өту спортшыларға да әртүрлі әсер етеді. Ұжымдағы бейімделуді, командадағы орын үшін күресті, осының бәрін көреді. Жастық шақтан ересек өмірге ауысатын боксшылардың арасында өз орнын тапқандар аз. Тек мықтылары ғана өздерін дәлелдеп шығады, – дейді С.Ешмағамбетов. Көпшілігі еліміздің көк туын Еуропада желбіреткен 17 жастағы Санжар Тәшкенбайдың өнеріне жоғары баға беруде. Былғары қолғапты бала күнінен жанына серік еткен отандасымыз Санжар алғашқы сайыста 49 келі салмақ дәрежесінде Үндістан, Өзбекстан, Германия боксшыларынан басым түсіп, финалға жолдама алды. Ақтық сайыста ресейлік қарсыласын жеңіп, қазақ елінің мәртебесін асқақтатты. Сонымен қатар турнирде топ Сабыржан Аққалықов та спорт сарапшыларының, жанкүйерлердің ерекше сый-құрметіне, ілтипатына ие болды. Спорт журналисі Қайрат Әбілда Сабыржаннан көп үміт күтетінін айтады. – Күні кеше Абылайхан Жүсіповтің өкшесін мыжырайтпай басып келе жатқан жасты көрдік. Еті өсіп, сүйегі қатайғанда 69 келі дәрежеге өтуі бек мүмкін. Кезінде бұл салмақтағы Сәпиевке де, бертінде Жүсіповке де мамандар тарапынан соққысының күші кем деген сын жиі айтылған. Айтайын дегенім, бізге техникасының шыңдалуы шырқау шегіне жеткен, соққысының күш-қуаты қамалды бұзып өткен әмбебап боксшы керек. Ал енді, мұндай қасиеттердің басын қосып ұстау дегеніңіз суперчемпиондардың өзіне бұйыра бермеген бақ. Әңгіменің тоқетері, Қарағанды бокс мектебінің өкілі, әлемнің су жаңа чемпионы Сабыржан Аққалықовтай жас боксшыны осы айтылған әмбебаптық биіктен көргіміз келеді, – дейді спорт журналисі. Жалпы, бұл жарысқа Қазақстан, Ресей және Польша құрамалары 20 боксшысын апарғанын айта кеткен жөн. Дегенмен айтулы сайыста Үндістан боксшылары шашасына шаң жұқтырмай, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Қазақстандық өрендер де әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Олардың арасында қазылар жолын байлағаны да, оған тоқтамай жатқандары да болды. Диас Молжігітов жартылай финалда орыс боксшысы Усовты сабап жүріп, соңында ұпай санымен «жеңіліп» қалды. Дана Дидай ширек финалда венгриялық боксшының мұрнын бет қылып, ойсырата жеңіп тұрып, төрешілердің «сынынан» өтпей қалған. Бірақ бапкерлер наразылығын білдіріп, АИБА шешімді қайта қарап, жеңісті боксшы қызымызға қайтарып берді. Қош, сонымен турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 4 күміс 4 қола жүлдемен төртінші орынды қанағат тұтты. Осылайша, Польшада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 10 боксшымыздың мерейі үстем болды.Абылайхан ЖҰМАШ