Шымкент инвестиция тартудан алда келеді
Шымкент инвестиция тартудан алда келеді
243
оқылды

Шымкент қаласы инвестиция тарту бойынша республикада 2-орында тұр. Бұл туралы Үкімет отырысының 2021 жылғы I тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өткен жиында айтылды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштерінің қарқынды өсіп келе жатқанын айтты. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 45,8 пайызға өскен. Әсіресе, өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын дамыту жоғары деңгейде. Ұлттық экономика министрі Шымкент қала­сының жыл басынан бері тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша ең үздік көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. 

Биыл 46 инвестициялық жоба іске асады

Былтыр қала экономикасына 278,5 млрд теңге инвестиция тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 40 пайыз­ға артқан. Сонымен қатар 2020 жылы жал­пы құны 88,8 млрд теңгені құрайтын 34 ин­вес­тициялық жоба іске асырылып, 2 000 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл үшінші мегаполиске 25,8 млрд теңге құйылып, көрсеткіш былтырғыдан екі есе ұлғайған. Сондай-ақ Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриалды-ин­но­вациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша,  алдағы  2021-2025 жылдар аралығында жалпы құны 2,46 трлн  теңгені құрайтын 205 инвес­тициялық жоба іске асырылмақ. Сол кезде  Шымкентте 14 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде биыл 46 инвестициялық жоба іске асады деп күтіліп отыр. 155 млрд теңгені құрайтын жоба аясында  2,5 мың жұмыссыз жан «екі қолға – бір күрек» табады. Ал кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл 1 мың адам жұмыспен қамтылатын 21 жобаның тұсауы кесіледі. «Осынау жобалардың дер кезінде іске асуы үшін мемлекет тарапынан қолдау  көрсетіліп, басқарма тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп тұрады», – дейді Береке  Талғатұлы. Одан бөлек, қалада инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын да айта кеткен жөн. Мәселен, бұл бағытта кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қажетті қызметтер көрсететін «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest»   фронт-кеңсесі жұмыс істейді.

Мақта майы мен дәрілік заттар өндіруден алда

Сонымен қатар Шымкент қаласы – республиканың ең ірі өнеркәсіптік орталығының бірі. Өңірде 689 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп тұр. 32 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорынның 24-і ірі бизнес нысаны. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылғы қаңтар-ақпан айында 115,7 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артқан. Осы­лайша, респуб­ликада 4-орынға тұрақ­тапты. Жыл басынан бері өңдеу өнер­кәсібінде 94,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Шаһарда өнім көлемі артқан бірнеше саланы атап өтуге болады. Ең бірінші кезекте қарқынды жүріп тұрған өнеркәсіп жиһаз өндіру саласы болып тұр. Одан кейінгі орынға химия өнеркәсібі, сосын  резина және пластмасса бұйымдарын шығару, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру және негізгі фармацевтикалық өнімдер мен жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру, тамақ өнімдерінің өн­дірісі тұрақтайды. Республикада өндіріле­тін мақта маталарының  96,6 пайызы, мақта майының 93,3 пайызы, көміртегі диоксидінің  66,5 пайызы, шұлықтың 60,8 пайызы, дәрі-дәрмектің 35,4 пайызы, цемент клинкерінің 20,4 пайызы және портландцементтің  22,3 пайызы, макарон өнімінің 17 пайызы Шымкент қаласының үлесінде. Шымкент Сонымен қатар қалада индустрия саласы бойынша ауыз толтырып айтарлық игі істер бар. Үшінші мегаполисте «Оңтүс­тік», «Тассай»   индустриялық, көлік-логистикалық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жемісті жұмыс істейді. «Оңтүстік» индустриалды аймағында 62 млрд теңгені құрайтын  72 жоба іске қосылса, «Тассайда» құны 26,3 млрд теңге болатын 17 жоба жүзеге асқан. Ал көлік логистикалық аймағында іске қосылған 3 жоба аясында 225 адам жұмыспен қамтылған.  «Оңтүстік» арнайы экономика­лық аймағында жалпы инвестиция көлемі 32,6 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылған. «Шымкент қаласында алаңы 306 гек­тарды құрайтын «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылып жатыр. Жаңа аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібі саласындағы жоба іске асырылады. Сонымен қатар жалпы алаңы 136 гектарды құрайтын «Тепличный рай» агро-индустриалды аймағын құру жұмысы басталды. Мұнда  өнеркәсіптік жылыжайлар мен ауылшаруашылық сала­сындағы жобалар жүзеге асырылатын болады. 8 инвестициялық жобаның тұсауы кесілетін сәт жақын. Бұдан бөлек, Қайнар бұлақ тұрғын алабы маңында ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарда тұр. Индустриялық аймақта құны 6,7 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаның өтінімі қабыл­данды. Олардың ішінде биологиялық қоспасы бар құнарлы құрама жем өндірісі мен сүт өндіру зауытын салу жобасы бар»,– дейді басқарма басшысы Береке Дүй­себеков.

1 пайызбен несие беріледі

Мемлекеттік міндеттің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Қоғамның тұрақты дамуының негізі саналатын осынау салаға билік тарапынан да ерекше көңіл бөлінген. Үнемі қозғалыста болып, қарап отыра алмайтын шымкенттіктер  бұл салада да артта қалмайды. Істің көзін таба білетін еңбекқор халық мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, түрлі шағын кәсіпті қолға алған. Жалпы өңірде 68 264 шағын және орта кәсіп иесі бар екен. «Бизнестің Жол картасы-2025» биз­несті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсібін дөң­гелетемін деген жандар үшін биылғы жылға 2 396,0 млн теңге қаралыпты.  Оның бірқатары  жеңілдетілген пайызбен несие алса, тағы біразы қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізеді. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 3 576,0 млн теңге бөлініп, бағдарлама шеңберінде 100 жобаға қолдау көрсетілмек.  Одан бөлек, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 816,1 млн  теңге бөлінген. Несиелерді рәсімдеуді «Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қоры» АҚ  жүзеге асырады. Осы тұста ерекше тоқталып өтетін жайт, Шымкент қаласының әкімдігі әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамытуға биыл айрықша ден қойып отыр.  «Мен кәсіпкер боламын» деп аталатын бағдар­лама аясында осынау санаттағы азаматтарға 10 миллион теңгеге дейін жылдық сыйақы мөлшері  1 пайыздық несие беру көзделген.  Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 060,0 млн теңге қаржы бөлініпті. Ал «Бизнестің Жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инновациялық жобаларды іске асыруға бағытталған 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант үшін құжат қабылдау басталған. Ендігі міндет мемлекеттік бағдар­лама­лар шеңберінде жеңілдетілген несиелерді оңай, әрі жылдам алу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен «Shymkent  ӘКК» АҚ бірлесе отырып, таяу күндері микроқаржы ұйымын ашпақ.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы