Жер реформасы жөніндегі комиссия ауылшаруашылық жерлерін сатуға мораторий мерзімін 5 жылға ұзартты. Aikyn.kz мұның себебін комиссия мүшелерінен сұрап көрді.
Саясаттанушы, жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Дос Көшімнің айтуынша, билік те, халық та өз ұстанымынан қайтпады. [caption id="attachment_132219" align="aligncenter" width="871"] Дос Көшім. Фото: Ratel.kz[/caption]"Билік жерді сатуға шығару мақсатынан қайтпады, ал қазақ жерді меншікке бермеу пікірінен таймады. Сонымен "итжығыс" болып, тағы бес жыл алды-артымызға жалтақтап, сақ отыратын болдық. Біздің шешім - комиссияның ұсынысы ғана. Соңғы шешімді не Парламент, не Президент қабылдайды", - деді саясаттанушы."Жер сатуға мораторий неге тағы 5 жылға ұзарды?" деген сұраққа Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан былай жауап берді: [caption id="attachment_132220" align="aligncenter" width="758"] Жанарбек Әшімжан. Фото: Тimeskz.kz[/caption]
"Ең бірінші басы ашық мәселе – жер тағдырын комиссия құрамындағы 80 адам шешпейді. Бірақ комиссия мүшелері түрлі әлеуметтік топтың, қоғамның, мемлекеттік органның өкілдері. Бір айда Жер реформасы туралы комиссия алаңында аз талқылау болмады. Мәселенің бәрі ашық қойылды, комиссия мүшелерінің ешбірінің аузына қақпақ қойылған жоқ. Бірақ 2016 жылдан бергі бес жылғы мораторий кезінде өзінің жүйелі шешімін таппаған мәселелерге бір айдан аса уақытта жауап беру де мүмкін емес. Комиссияның алғашқы отырысынан бастап тараптардың ойы, ұстанымы әрқилы болды. Аграрлық сала мамандарының көзқарасы бөлек болса, қоғам белсенділерінің пікірі бір басқа, заңгерлердің өз пікірі бар, Парламент депутаттарының әрқайсының өз ойы бар. Ашығын айтқанда, мораторий жарияланған бес жылды тиімді пайдалана алмадық. Жердің төңірегінде қордаланған мәселелер өте көп. Мұның бәрін қоғам, ел-халық мұқият бақылауда ұстап отыр. Әлеуметтік салмақтан асып-төгіліп, саяси сипат алған тұстар да жетерлік. Қазақ қоғамы дәл осы жер тағдырын талқыға салып жатқанда іштен, сырттан отқа май құйып, "өртенген үйге барып бас-сирағын үйіткісі" келген топтар да жоқ емес. Сондықтан жер мәселесі өте нәзік нәрсе екенін комиссия мүшелері ғана емес, күллі қоғам айқын сезінді. Сағызша созып ашық алаңда кескілескен пікірлердің көрігін қыздырып, сонау сары күзге дейін не консенсус жоқ, не консилиум жоқ, екі тарапқа бөлініп алып езе бергеннен түк те шықпайды. Сондықтан негізгі мәселенің төбесі көрінді, басы ашылды. Диагнозы анықталды. Проблема бар ма?Бар. Бір тарап қазақ жерін өзіміздің отандастарға жекеменшікке беріп, экономикалық, инвестициялық қуатын арттырып, қаржы игеруге икемдейік десе, екінші тарап жерді саудалауға түбегейлі қарсы тұрды. Бұл орайда, қоғамның, халықтың пікірі негізгі басымдыққа ие. Кешегі жер туралы комиссия отырысының ақырғы жиыны комиссия өз жұмысын пышақкесті тоқтатты деген пікір емес. Ендігі жерде жердің тағдырына ары қарай комиссия ішіндегі жұмысшы тобы жалғастырып, барлық сауалға жан-жақты, жүйелі жауап іздейді. Сондықтан осындай қиын жағдайда мәселені көкпарға салмай тағы бес жылға мораторий жарияланғаны – ең дұрыс шешім", - деді Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі.
Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірі үшке бөлінді: жекеменшікті қолдаушылар, тыйым салуды жақтаушылар және жерді фермерлерге ұзақ мерзімге жалға беруді орынды деп санайтындар.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың пікірінше, комиссия отырысында жерді жекеменшікке өткізуді ұсынғандардың біртұтас пікірі қалыптасқан жоқ, ал фермерлерге ұзақ мерзімге беру үшін ауыл шаруашылығы жерлеріне толық инвентаризация жүргізу қажет. [caption id="attachment_132226" align="aligncenter" width="750"] Ералы Тоғжанов. Фото: Орталық коммуникациялар қызметі[/caption]«Өздеріңіз көріп отырғандай, жекеменшікке байланысты бүгін комиссия мүшелерінің біртұтас пікірі қалыптасқан жоқ. Жұмыс топтарының жетекшілері де ойларын ортаға салды. Олар да шешім қабылдаған жоқ. Неге десеңіздер, мәселе күрделі. Мәселе мағынасы жағынан да, мәні жағынан да өте маңызды, терең сұрақ болғаннан кейін жұмыс топтарының басшылары осындай шешімге келді ғой деп ойлаймын. Бірге талқыладық. Ашығын айтқанда, түпкілікті шешім қабылдау үшін біраз уақыт керек екені анық. Ол бір күннің шаруасы емес, оны бүкіл ел біледі. Оны өздеріңіз осы жерде талқылап, ұсыныс енгіздіңіздер. Бұл жұмыс барысында еліміздің барлық жерінің топырағының құнарлығы нақтылануы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерінің кадастрлық құнын қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Мамандардың айтуынша, бұл 10 жылдан бері қаралмаған сұрақ. Оны бір күннің ішінде, бір отырыста шешім қабылдаймыз деп те айта алмаймыз. Жердің құнарын, нарықтың құнын ескере отырып, жан-жақты талдау жүргізілуі тиіс. Халқымыз әр уақытта жерді қазынаға, байлыққа теңеген. Осы жерде азаматтардың біразы саяси астары бар екенін айтып жатыр. Ол да жоқ емес. Оны да ескеруіміз керек. Қазақта судың да сұрауы бар деген сөз бар. Сондықтан осының бәрін ескерейік», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.Сондықтан Ералы Тоғжанов асығыстық жасамай, мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынды.
«Ауыл халқы болашақта осы мәселеге қатысты тікелей шешім қабылдауы керек шығар. Парламентте біраз мәселе көтерілетіні айтылды. Соның бәрін болашақта ескере отырып, осы іске аз дегенде 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт керек деген ойда отырмын. Асығыстық жасауға болмайды. Олай болса, жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамыз. Бір ғана шешім болуы керек қой деп ойлаймын. Қазір бірнеше шешім қабылдауға, елді жан-жаққа тартуға еш қақымыз жоқ. Осы жердегі әрбір азамат жауапкершілікті мойнына алып отыр деп ойлаймын. Сондықтан, комиссия мүшелері осындай ортақ пікірге тоқталсақ деген ұсынысты ортаға саламын», - деді ол.Комиссия мүшелерінің басым бөлігі қазақстандықтардың жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды қолдап, дауыс берді. Айта кетейік, 2016 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жекеменшікке, шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беруге мораторий енгізілген еді. Биыл ақпанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жер заңнамаларын жетілдіру мақсатында Премьер-Министрдің өкімімен жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамында барлығы 80 адам: ауыл шаруашылығы саласындағы қауымдастықтар мен бірлестіктердің өкілдері, агробизнес саласындағы азаматтар, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, «Атамекен» ҰКП өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, журналистер болды.