Петропавл маңындағы Есіл өзенінің су деңгейі қауіпті деңгейге жақындап келеді. Мамандардың айтуынша, алдағы бірер күнде меже шарықтау шегіне жетеді.
«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, 27 сәуір күні таңғы сағат 08.00-де Петропавл маңындағы Есіл өзенінің су деңгейі 1 009 см-ге жеткен. Бір тәулікте тек 9 см-ге ғана көтерілген. Қауіпті деңгейге дейін 41 см бар. Облыс орталығында су тасқынының шарықтау шегі, мамандардың болжамынша бүгін-ертең өтеді. Бұған дейін тасыған Есіл халықаралық маңызы бар «Челябі-Новосібір» күрежолын шайып кетсе, енді Заречный кентіне барар жолды су басты. Сондай-ақ 1 мыңға жуық саяжай учаскесі су астында қалды. Қызылжар ауданы Новоникольское елді мекені маңында Есіл өзені 25 сәуірде максимал деңгей – 1 346 см-ге дейін көтерілді. Енді біртіндеп түсіп жатыр. Ал одан төмен орналасқан гидрологиялық посттарда әлі де өзен суы көтеріліп келеді. Мәселен, Долматово ауылының маңында 14 см-ге көтерілген. Облыстың шағын өзендерінде де, Сергеев су қоймасында да су деңгейі түсіп жатыр. Үлкен Тораңғұл көлінде жағдай тұрақты. Бір тәулікте су деңгейі өзгермеген.Айша ЕРСҰЛТАН