Сәтті бастама
Сәтті бастама
126
оқылды

Теннис федерациясының хабарлауынша, отандасымыз Зарина Дияс Мадрид WTA турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.

Әлемнің 89-ракеткасы Зарина Дияс дүниежүзілік рейтингте 100-орында тұрған италиялық  Мартина Тревизанмен кездесті. Теннисшілердің екеуі де 27 жаста. Рейтингтегі орынға аса мән берудің қажеті жоқ. Өйткені өткен жылы Тревизан  Ролан Гаррос турнирінде сенсация жасап, ширек финалға дейін жетті. Ал Мадрид турниріндегі кездесуде бірінші партияда Диас екі брейк жасады. Есеп 6:2-мен аяқталды. Басымдық көр­сеткен ол екінші сетте де екі брейк жасап, 3:0 есебі тіркелді. Бұдан кейін италиялық теннисші қайыра брейк жасап, есепті қысқарта алды – 2:3. Әйтсе де,  Зарина матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ (6:4). Кездесу 1 сағат 25 минутқа созылды. Осылайша, Диас  іріктеу сайыстарының финалында рейтингте 137-сатыда тұрған украин қызы Катерина Козловамен кездеседі. Мұнда да сақтыққа басымдық берген сыңайлы. Себебі ол алғашқы кезеңде әлемнің 66-ракеткасы, эстон Кайя Канепиді 6:1, 6:4 есебімен жеңді. Ал отан­дасымыз Козлованы ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады.

Айбике ЖАНАСЫЛ