Алтынның қадірін әлі білмей отырмыз
Алтынның қадірін әлі білмей отырмыз

Көнекөз қариялар тау суында, әсіресе Алтай тауынан бастау алған өзендерде алтын көп болатынын айтады. Баяғыда қазақ малшылары Алтайдың асау өзендеріне ерте көктемде қойдың жүні түспеген терісін тастап, үстінен таспен бастырып кететін көрінеді. Содан күзде күзеуге келе жатқанда сол әбден жидіп тұрған теріні алып, өртейді екен. Осы­лайша, жаз бойы теріге қатты ағыс жинап тастаған табиғи алтынды оп-оңай алатын болған. Ал қазір «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегеннің керін келтіріп, жер қойнауын экологиялық қалдықсыз игермек түгілі, асыл қазынаны әлгі тұмадан да дұрыс сүзіп ала алмай отырмыз. Алтай етегі де, Қаратау бөктері де шұрқ тесік. Алтынды өңір тұрғындарының бәрі осы мәселеге жиі шағымданады.

Кеніштен кенде болмасақ та...

2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойын­ша, Қазақстанда 349 алтын кен орны мем­лекеттік балансқа алын­ды. Оның таза ба­ланстық қоры – 2 394,6 тонна. Ал маман­дар­дың 2019 жылғы болжамы бойынша, Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы аумағында орналасқан Жам­был тауының аумағында құрамында алтыны бар кен қоры 100 миллион тоннадан асады. Сондай-ақ ондағы қазына жұрт ай­тып жүргендей 585 (58,5 пайызы алтын) сынамалы металл емес, то­лыққанды таза алтын көрінеді. Осындай кеніштерден кенде емес екенімізді ескерсек, сол төңіректі то­руыл­дайтын «қара кеншілер» де баршылық. Мысалы, нарықта алтынның бір грамы 18 мың теңгеден асады. Ол бағаны Ұлттық банк ұсынып отыр. Алайда рудадан шайыл­ған таза алтынды мемлекет 18 мың теңгеге ала қой­мауы да мүмкін. Қандай бағаға алса да, оның көп бөлігі салыққа, алтын шаю жұмысының шығын­дарына кетеді. Демек, ойындағы пайда шықпаған соң, алтынды аймақ тұрғындары оны заңсыз жолмен алғанды құп көреді. Есесіне, оның алтынды жоғары бағаға сатып жіберу мүмкіндігі де, қатері де бар десек, «қара кеншілердің» ел экономикасына тигізіп жатқан зияны орасан. Олардың шахтаға заңсыз түсіп, оқыстан мерт болып, қыл­мыстық топтардың арасындағы кикілжің­нен көз жұмып жатқаны да аз емес. Бұл мәселеге сәл кейінірек тоқталамыз.

Игілігімізді игере алмай...

Сонымен, 2019 жылы Қазақ­станда алтын кен орындарын іздес­тіру мен барлауға 800 миллиард теңгеден астам қаржы инвес­тицияланды. Нәтижесінде, қазір Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қар­а­ғанды, Жамбыл, Қостанай, Сол­түстік Қазақстан, Ақтөбе, Пав­ло­дар, Алматы облыстарында өңдеу жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр өң­делген және жартылай өңделген 3 тон­надан астам алтынды экспорт­тадық. Басым бөлігі, яғни 88 пайызы Қырғыз Республикасына жөнел­тілген. Ал экспор­тымыз 25 пайызға артқанмен, одан түсетін қаржы 38,6 пайызға төмендеген. Алтынның Қыр­ғыз еліне жө­нел­туден қалған бөлігін Ресей, Италия, Ұлыбритания қабылдады. Осылайша, өткен жыл­дың 10 айында елі­міздің қазы­на­сына алтын экспортынан 4,6 мил­лион доллар түскен. Ал 2020 жылы қаңтардан та­мызға дейін Өзбекстан алтынды 5,8 миллиард долларға экспорттады. Сол сәтте алтын экспорты 8 ай ішін­де Өзбекстандағы жалпы экспорт көлемінің 50 пайызын қамтыған. Басқасын айтпағанда, ол көршіміз тек шілде айында 11,6 тонна алтын­ды сыртқа шығарып, әлемдегі ең ірі алтын сатушыға айналды. Сол шілдеде 6,1 тонна алтын сатқан Моңғолия 2-орынға шықты. Жал­пы, өзбек пен моңғол елі ғана емес, алтын әлемнің дамыған ел­дерінде де резервтің негізгі бөлігін құрайды. Мысалы, АҚШ резер­віндегі алтын үлесі 79,4 пайыз (8,1 мың тонна) болса, Германияда – 76,6 пайыз (3,4 мың тонна), Италияда – 71,1 пайыз (2,5 мың тонна), Францияда – 66,7 пайыз (2,4 мың тонна). Бұл елдер алтын қоры бойынша көшбасшы мемлекет болып саналады. Оларға қарағанда, кең-байтақ жерінің кез келген тұсын түртіп қалса алтын шыға­тын Қазақстан 13-орынға енді көтерілді. Тіпті, биыл Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында алтын өндіретін AltynEx Com­pany-дың иелігіндегі «Юбилей­ное» кені­шінің 100 шақты жұмыс­шысы ереуілге шығып, өндірісті тоқтатып тастаған бола­тын. Талап – жалақыларын 50 пайызға көбейту. Өйткені онда тас уатушы-маши­нистің айлығы – 90 мың, ал шахта астында ауыр жұмыс істейтіндердің айлығы – 110 мың теңге. Ақтөбеден 250 шақырымда орналасқан бұл кәсіпорын жылына 400 мың тонна кен өндіреді. Демек, Шерхан Мұр­таза айтпақшы, біз әлі «алтын сан­дықтың үстінде жалаңбұт отырмыз».

Ұрлықты заңдастырып...

Бұл ретте жергілікті жастарды шетелдік жоғары оқу орындарына инженер маман­дығын игеруге жі­берудің маңызы зор. Әйтпесе, олар алтынды кәсіби түрде емес, қара­байыр әдетпен алып жатыр. Мы­салы, Ақмола облысындағы Сілеті өзенінің ала­бында 10 шақты алтын кеніші бар. Олар­дың ірілері – 1929 жылы ашылған Ақсу, 1931 жылы ашылған Бестөбе, 1932 жылы ашыл­ған Жолымбет руднигі. Соның ішінде Бестөбе кентіндегі кен ор­нын айналсоқтап жүргендер көп. «Бұл елді мекенде 5 кеніш бар. Олар алтын өндіруші компанияға тиесілі. Мұндағы халық саны 7 мыңға жуық. Одан бөлек, алтын ұрлау мақсатында басқа қалалардан келетіндер бар. Күн сайын заңсыз алтын өндіретін 15 шақты азамат қолға түседі», – дейді Степ­ногор қаласы ПБ басшы­сының орын­басары Бақтияр Шоқ­паров. Ал Бестөбе аудандық ПБ басшысы Нұржан Шориннің ай­туын­ша, ұрылар Түркістан, Павло­дар, Қарағанды облыс­тарынан барып, бәрі бірге жалдамалы пәтер немесе қонақүйде жатады. Алтын ұрыларын анықтау да қиын. Өйткені олар басына каска, үстіне форма киіп, тіпті жалған құжат жасап ала­ды екен. Былтыр полицейлер ал­тынды заңсыз іздеуші 4 мыңға жуық адамды ұстаған. Алайда олар 15 АЕК көлемінде айыппұл төлеп немесе 15 тәулікке қамалып құтылады. Одан кейін кеніште тағы жүреді. Өйткені жерастынан миллиондап пайда тауып отырған адам жер үстінде 40 мың тең­гедей айыппұлды ақша құрлы көрмейді. Олай дейтініміз, биыл сол Ақмола облысында Жо­лымбет ауылының 2 тұрғыны 122 миллион теңгенің алтынын ұрлаған. Одан бөлек, Жамбыл тауы мен Жамбыл ауданының Ақбұлым ауы­лы маңындағы таулы алқаптардан алтын жинаумен айна­лысқан бір­неше топ ұсталды. Онда алтын үшін тәуекелге баратындар 10-15 күнде шамамен 100 мың теңгедей пайда табатын көрінеді. Ал биыл Шым­кентте зергерлік бұйымдар шыға­ратын цехта контрабандалық жол­мен алынған алтын құйылған. Құқық қорғау органдары Алтынтөбе тұрғын үй алабындағы зергерлік бұйым шығаратын цехтарға тінту жүргізген. Себебі онда бір­неше жерасты цехы лицензиясыз жұмыс істеп келіпті. Тергеу барысында көп жыл бойы аса ірі көлемде қа­зақ­стандық алтынды контрабан­да­лаумен айналысқан транс­ұлттық қылмыстық топ анықталды. Олар келтірген залалдың сомасы ондаған мил­лиард теңге болыпты. Енді Қазақстан алтын шаюды заң­дас­тыру арқылы ірі шахталар төңірегінде күн­көрістің қамымен бастарын бәйгеге тігетін адамдарды заңды жолмен табыс табуға үндеп отыр. Яғни, елімізде 2018 жылдан бастап «Жер қойнауы және жер қойнауын пай­далану» кодексіне өзгерістер енгізілді. Ол бойынша өз күшімен алтын іздеймін де­гендер кепілге 1 миллион теңге қаржы са­лып, әкімдіктен лицензия алуы ке­рек. Сонда ғана 5 гектар жерді алып, 3 метр тереңдікке дейін алтын қазуға болады. Одан арғы терең­діктер – өнеркәсіптік өндіріс ау­мағы. Әрине, біреулер үшін бұл да көлеңкелі бизнесті заң­дастыруға таптыр­майтын мүмкіндік. Кен іздеушілерге ли­цензия беру жергі­лікті ат­қарушы орган­дардың құзыре­тінде бол­ғандықтан, тамыр-таныс­тық, сыбай­ластық күшейіп, жаңа кәсіп түріне жемқорлық араласып кетуі ғажап емес. Жалпы, тау беткейінде алтын кендері шашырай орналасқан. Сон­дықтан әр жерде бір кездесетін руда үшін ірі өндіріс ошағын орнату өзін-өзі ақтамайды. Ал ШҚО тұр­ғында­ры әлгіндей ұсақ фирма­лардың бағалы заттарды барлауға рұқсат алып, алтынды игерумен айналысуы салдарынан, жуынды материал­да­рының ішіндегі улы химикаттар Күр­шім ауданындағы Қалжыр өзе­ніне төгіліп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Сондықтан мамандар алтын қазумен қарапайым адамнан гөрі, геолог болмаса да, геодезист, гидрология инженері, тау-кен ин­женері дегендей, жер жағдайын жақ­сы білетін, алтын іздеудің әдіс-тәсілін мең­гергендер айналысуы керегін ескертуде. Өйткені Моңғо­лияда алтын қазушылар жер бетінің бәрін үңгіп, шұрқ тесік еткен. Ресейде янтарь, Қырғыз Республи­касында алтын қазғандар талай жер­ді жарамсыз етіп тастапты. Біз де солардың кебін кигелі тұрмыз.

Шетелдіктерге шүлен тараттық

2014 жылы Минералдық ре­сурстар академиясының прези­денті, Минералдық ресурстар ха­лықаралық академиясының бірінші вице-президенті Ғинаят Бек­жанов: «Елімізде Бақыршық (ШҚО) пен Ва­сильевское (Ақмола облысы) деген өңір­лерде алтынның екі ірі кен орны бар. Ондағы бағалы металл қоры 500 тоннадан асады. Осы кен орындарының арқасында біз алтын өндірісін жылына 70-100 тон­наға дейін жеткізуді орындай аламыз» деп мә­лімдеді. Оның ай­туынша, егер біз жылына осы ірі екі кен орнынан 60 тон­наға жуық ал­тын өндірсек, қалған 40 тон­насының орнын шағын кен орындары жа­батын еді. Алайда қазір Қостанай облысында орна­ласқан кен орны мен өңдеу кәсіпорны бар Варва­ринский хабы мен ШҚО-дағы «Қы­зыл» және «Ба­қыр­шық» кен орын­дарын Қазақстан емес, ресейлік Polymetal International plc компа­ниясы игеріп отыр. Сондай-ақ ол ком­пания 2016 жылы «Қазцинк» ЖШС-нен еліміздің сол­түстігінде орна­ласқан Ко­маровский алтын кенін игеретін «Орион Минералс» ком­паниясын 100 миллион долларға сатып алды. Себебі 2015 жылғы 31 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, ол кеніште 28 миллион тонна кен, ал әр тонна кенде 1,5 грамм алтын бар екені анықталған еді. Сол сәтте Forbes журналы «кеніште 4 305 тонна алтын қоры бар» деп жазды. Бұл – 280 метр тереңдікке дейінгі мәлімет. Жердің одан арғы қабаты әлі зерттелмеген. Сондай-ақ 2018 жылы «Тау-Кен Са­мұрық» ұлттық компаниясы мен түріктің Lidya Madencilik компа­ниясы өзара түсі­ністік туралы ме­морандумға қол қойды. Осылайша, Оңтүстік-Мойынты алаңын­дағы (ОМА) алтынды кен орны сатылып кетті. Ал қазақстандық инвестор­лардың мол инвес­тицияны қажет ететін бұл жобаға тісі бат­паған. Кен орнын сату бойынша келіссөздер 2 жылға жуық уақыт жүргеннен кейін, түріктер ешкіммен бөліспей, тұтас ие­лену, яғни ОМА кен ор­нының 100% үлесін сатып алу бойынша мүдделерін іл­герілеткен. Кен орны алып жатқан 234 шар­шы шақырым аумақта 2015-2016 жыл­дары дала геоло­гиялық барлау жұ­мыстары жүргі­зіліп, 16 бұрғы са­лын­ған. Сонда 8,4 тонна алтынның болжамды қоры табылды. Айта кетсек, биыл қаңтар айын­да мә­жілісмендер ШҚО-да кен қорларының сарқылу тенден­циясы бар екенін мәлімдеді. Кен орын­дарын игеру қазіргі қарқында жүр­гізілсе, орыс пен түрік иелігіндегі және басқа да қорлар шамамен 2035-2040 жыл­дарға дейін таусылуы мүмкін екен. Жеткен жеріміз – осы.

Еркеғали БЕЙСЕН