Құрама легионерге мұқтаж ба?
Құрама легионерге мұқтаж ба?
247
оқылды

Ұлттық құрамаға легионер ша­қыру, яғни ішкі біріншіліктегі шетелдік легионерлерді жерсіндіру мәселесі қай кезде де өзектілігін жойған емес. Бұл бастама бүгінде барлық спорт түрінде кең етек жай­ған. Қазақстан хоккей құрамасының америкалық, канадалық легионерлерге азаматтық бергенін, футзалда да үш-төрт бразилиялық ойын­шы­ның әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүргенін былайғы жұрт жақсы біледі. Енді Қазақстан футбол федерациясындағылар осы үрдісті қазақ футболында да мық­тап қолға алатын сыңайлы. 

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин бір сұхбатында ұлттық құрамаға легионер тарту мәселесі бұрыннан бері көтеріліп келе жатқанын, құрама шебін күшейту үшін мұндай қадамдардың жасалғаны дұрыс екенін атап өтті.
– Бұл әңгіме Қазақстанның футбол федерациясында да жиі көтеріледі. Мысалы, қазір бас бапкер «Ордабасыда» ойнап жүрген бразилиялық Жоао Паулу деген ойыншыны ұлттық құрамаға ал­ғысы келіп жүр. Екеуі сөйлесіп, бұл мә­селе өзара талқыланды. Жоао үш жылдан бері Қазақстанда тұрады, отбасын осын­да көшіріп алған. Осы уақыт аралығында ол Шымкентке әбден сіңіскенін, Қазақстанды өзінің екінші Отаны санай­тынын айтты. Яғни, біздің құрамаға ойнауға, футболшыларға көмектесуге дайын. Біз алдағы уақытта осы мәселені талқылаймыз, бәрі дұрыс болса құжат­тарын дайындаймыз. Мұнан кейін оның Қазақстан құрамасында ойнау мәселесін УЕФА, ФИФА секілді халықаралық ұйымдар шешеді. Егер осы процестің бәрі оң шешімін тапса, алдағы ойындарда Жоао Паулуды Қазақстан сапынан көресіздер, – деген болатын Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов та үшінші маусым қатарынан Қазақстанда ойнап жүрген «Ордабасының» шабуылшысы бразилиялық Жоао Паулуды ұлттық құрамаға шақыруға қарсы емес екенін анық білдірді.
– Жоао Пауло – жоғары деңгейлі шабуылшы. Мұндай ойыншылар ұлттық құрамаға қажет. Бізде жергілікті, дарынды ойыншылар бар, оларға да сенім артамыз. Өз басым құрамада қазақстандық футболшыларға басымдық беремін. Жалпы, бұған дейін Жерар Гоу мен Исаэлге де азаматтық беру, құрамаға шақыру  мәселесі көтерілген. Енді міне, кезек Жоао Паулоға да келді. Оның азаматтық алу туралы айтқан сұхбатын көрген соң футболшымен жүздестім. Ұлттық құрамаға қосылу туралы сұра­ғыма қарсы емес екенін айтты. Енді тек құжаттарды реттеу жұмыстары ғана қалды, – деді жаттықтырушы.
Біз өз кезегімізде аталған бастамаға қатысты спорт мамандарының ойын білдік. Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан легионерлерді құрамаға шақыруға түбегейлі қарсы екенін айтады.
– Қазіргі бейбіт заманның майданы футбол десек, оны өзіміз қорғауымыз керек. Намысты да, команданы да, мемлекетті де. Мен осы легионерлерге құрамадан орын беру дегенді түсіне алмай-ақ қойдым. Олар қалай сонда өз Отанын сатып, өзге құрамада доп тебеді? Томасовта, Жоаода, Симчевичте Отан жоқ па? Легионерлер жалдамалы әскер­лер сияқты ғой. Маған өзіміздің футбол­шылардың ойнағаны, солардың өнер көрсеткені қызығырақ. Болмаса бәріміз Бразилиядан келген футболшы­лардан команда жасақтап, соларды ойнатып қарап отырайық. Оның несі жақсы? Менің түсінігімде, әркім өз футбол­шыларына мүмкіндік бергені жөн. Олай жасай алмай ма, онда бізге сол ұлттық құраманың не керегі бар? – дейді ол.
Ал Qazsport арнасының коммен­таторы Әзиз Жұмәділ өзіміздің спорт­шылардың құрамада еркін өнер көрсе­туіне кедергі келтіретіндіктен  легионер шақыру дұрыс емес деп есептейді. Ол Педро Эужениу, Жоао Паулу  секілді легионерлердің құраманы күшейтуге шама-шарқы жететінін, бірақ олардан келіп-кетер пайданың аз екенін, кейін олардың қалған уақыттарында елдеріне кетіп қалатынын айтады. Сөз соңында спорт маманы «легионерлерден гөрі бізге өз футболшыларымызға мүмкіндік бергеніміз, сенім артқанымыз әлдеқайда дұрыс» деген ойын жеткізді. Ал тағы бір спорт журналисі Қанат Базылхан құрамаға легионер тартудың бүкіләлемдік футболда бар тәжірибе екенін, құра­маның легионерге мұқтаждығы байқалса, онда шақырғанның еш әбестігі жоқ екенін тілге тиек етті.
– Құрамаға легионер шақыруға қарсы шыққанмен, оған тосқауыл бола алмаймыз. «Легионер шақырмау керек» деп ат тонын ала қашудың қажеті жоқ. Жоао Паулуды құрамаға шақырып көру керек. Футболшының өзі де қарсы емес екенін айтты. Тек оған бірқатар шарт қою керек. Қазақ тілін үйрену, Әнұранды жаттау секілді. «Ордабасының» шабуыл­шысы құрамаға келсе шабуыл шебіміз қайта күшейе түседі. Қанша дегенмен ішкі біріншілікте де үздік сұрмергендердің алдыңғы сапында жүрген футболшы ғой. Қазақстан құрамасында кейінгі кезде әр ойында гол соғып ерекше көзге түсіп жүрген шабуылшы болмай тұр. Паулу құрамаға келсе, осы олқылықтың орны толарына сенемін, – дейді Қанат Базылхан.
Көріп отырғандарыңыздай, бұл мәселеге келгенде спорт мамандарының да пікірі екіге жарылады. Қажеттіліктің туындауынан мықты легионерге иек артуға бекінген федерация басшылығы мен бас бапкер қайткен күнде де өз ше­шім­дерін өзгертпесі белгілі. Ең қызығы, әлеуметтік желіде қызу талқыланған Жоао Паулуды Қазақстан құрамасына шақырту мәселесіне жанкүйерлердің көзқарасы түзу болып шықты. Көпшілігі Қазақстан құрамасының ойыны жандана түсетінін айтып қуануда. Қалай болғанда да, талай әңгімеге арқау болған спорт­тағы, әсіресе футболдағы легионер мә­селесі жақын аралықта өзектілігін жоймайды. Ал бразилиялық шабуылшы Жоао Паулудың құрама сапына қосылуы қазақ футболының көшін алға сүйрей ме, жоқ па, ол алдағы күннің еншісіндегі мәселе.

Абылайхан ЖҰМАШ