Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Сары құрлықтағы басты додада Қазақстан құрамасының атынан 17 зілтемірші сынға түсті.
Атап айтқанда, ерлерден 55 келіде Абылай Әуелханов пен Арли Чонтей, 61 келіде Игорь Сон мен Алексей Дроздов, 67 келіде Сайрамкез Ақмолда, 81 келіде Александр Уваров, 89 келіде Нұрғиса Әділетұлы, 102 келіде Артем Антропов пен Рахат Бекболат және 109 келіде Ибрагим Берсанов бақтарын сынады. Ал әйелдер арасында 55 келіде Зүлфия Чиншанло, 64 келіде Гүлнұр Ыбырай, 71 келіде Екатерина Быкова мен Айша Омарова, 81 келіде Карина Құзғанбаева, 87 келіде Раушан Мешітханова және +87 келіде Айзада Мүптілда өнер көрсетті. Биыл Азия чемпионаты Токио Олимпиадасына жолдама беретін рейтингтік турнир болған соң ұлттық құрама жаттықтырушысы Бақыт Ахметов ересектер арасында жолдамадан үмітті Арли Чонтей, Игорь Сон және қыздардан Зүлфия Чиншанло сияқты сақа спортшыларды апарды. Қалған салмақтарда Париж Олимпиадасына баруы мүмкін деген жас спортшылар жарыс жолына шықты. Дегенмен сары құрлықтың басты додасында жас спортшылардан құралған Қазақстан ұлттық құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Ерлер құрамасы ұпай көрсеткіші бойынша жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындары Өзбекстан мен азулы деген Қытай спортшыларының өзін артқа тастады. Қазақстандық ауыр атлеттерге Ташкент төрінен 7 жүлде бұйырды. Турнир қорытындысы бойынша, Қазақстан ерлер командасы бірінші, Қазақстан әйелдер командасы төртінші орын иеленді. Қазақстан командасы – 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Арли Чонтей Азия чемпионы атанса, Абылай Әуелханов, Карина Құзғанбаева және Нұрғиса Әділетұлы күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал Екатерина Быкова, Айзада Мүптілда және Артем Антропов қолаға қол созды. Жарыс аяқталған соң Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов турнирді қорытындылап, зілтеміршілердің өнеріне бағасын берді. – Спортшылар Азия чемпионатында алға қойған мақсатын толықтай орындады. Ерлер командасы жалпыкомандалық есепте көш бастаса, әйелдер командасы төртінші орын алды. Бір жылдық үзілістен соң команда мүшелерінің жарысты әбден сағынғаны байқалды. Әр спортшы соңына дейін тайталасып бақты. Жарыста тәжірибелі спортшылар мықты екендерін тағы бір рет дәлелдеді. Кейбір жастарымыз үшін бұл мансабындағы алғашқы халықаралық турнирі екенін де ұмытпаған жөн. Әрине, алда қателіктермен жұмыс істейміз, – деді бас бапкер. Ендігі кезекте жарысқа қатысқан қазақстандық зілтеміршілердің нәтижелеріне аз-кем тоқтала кетейік. Қазақстан құрамасынан Азия чемпионатын 55 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Арли Чонтей бастап берді. Жерлесіміз қоссайыс қорытындысы бойынша 255 (115+140) келі зілтемірді еңсеріп, Азия чемпионы атанса да, бұл турнирде өзінің үздік нәтижесін көрсете алмады. Алда Қазақстан ерлер құрамасынан Олимпиада ойындарына кім баратынын бапкерлер құрамы анықтайды. Егер бар мәселені дәл осы Азия чемпионаты шешетін болса, онда жүлде бойынша Токиоға Арли Чонтей лайық. Ал нәтиже бойынша Игорь Сонның көрсеткіші үздік болып тұр. Қыздар құрамасында Токиоға баруға үміткерлерден Зүлфия Чиншанлоға (55 келі) тең келері болмай тұр. Дегенмен биыл Азия чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының күміс жүлдегері жанкүйерлер үмітін ақтай алмай, жүлдесіз қалды. Чиншанло жұлқа көтеру бағдарламасында 92 келі зілтемірді еңсеріп, кіші қола медаль иеленді. Серпе көтерудегі бірінші мүмкіндігінде 118 келіні бағындырғанымен, қалған екі мүмкіндігінде 122 келіні еңсере алмады. Сөйтіп, 210 келі нәтижемен құрлық бәсекесін бесінші орынмен ақтады. Ташкенттегі турнирде ерлер құрамасынан 10 спортшы бақ сынаса, соның 8-і жастар құрамасынан биыл ғана ересектер қатарына қосылған жастар болды. Олардың көпшілігі үлкендер арасындағы алғашқы ірі додаға қатысып тұрса да, жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, 55 келіде Арли Чонтейден 11 келі кем көтерген Абылай Әуелханов 244 келі (108+136) нәтижемен Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Әр жарыста жоғары нәтиже көрсетуге тырысатын жерлесіміз бұл жолы да бас жүлдеден үмітті еді. Жұлқа көтеруде 108, серпе көтеруде 136 келіні көтерген отандасымыз 244 келімен екінші орынға табан тіреді. Осылайша, Абылай ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл жас спортшы үшін керемет нәтиже. 89 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған 20 жастағы Нұрғиса Әділетұлы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол серпе және жұлқа көтеруде 372 (169+203) келіні еңсерді. Серпе көтеру бағдарламасында Нұрғиса кіші алтын жүлдені иеленсе, жұлқа көтеруде 203 келімен қолаға қол жеткізді. 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Артем Антропов қоссайыс нәтижесі бойынша 390 (168+222) келіні бағындырып, қола жүлдеге ие болды. Ал жастар арасындағы Азия чемпионатында 16 жасында топ жарып, жұлқа көтеру жаттығуында әлем рекордын орнатқан Рахат Бекболат жарысты бесінші орынмен түйіндеді. Ол құрлық бәсекесінде 386 (173+213) келі еңсерді. Сонымен қатар 55 келі салмақта бақ сынаған Алексей Дроздов (278 келі) пен 73 келідегі Сайрамкез Ақмолда (334 келі) Азия чемпионатын алтыншы, 81 келі салмақта ел намысын қорғаған Александр Уваров (320 келі) – төртінші және 109 келі салмақтағы Ибрагим Берсанов (370 келі) тоғызыншы орынмен түйіндеді. Қазақстан әйелдер құрамасының зілтеміршілері де жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Кіл ел чемпиондарынан құралған қыздар құрамасы 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 81 келі салмақта Карина Құзғанбаева 232 ұпаймен күміс жүлдегер атанса, Екатерина Быкова (71 келі) мен Айзада Мүптілдә (+87 келі) қолаға қол жеткізді. 269 келі көрсеткішпен өз салмағында үшінші сатыға көтерілген Айзада жарыстан алған әсерімен бөлісті. – Менің салмағымда жарыс жолына шыққан қытайлық, оңтүстіккореялық қарсыластарым өте мықты болды. Азия чемпионатына жақсы дайындалып келген. Үшінші орын үшін айқастың өзі тартысты болды. Техника жағынан аздаған қателік жібердім. Бұйыртса, оны жөндейміз деген ниет бар, – деді спортшы. Қош, сонымен Ташкент төрінен 7 жүлде жеңіп алған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 4-орынға табан тіреді. Бұл көрсеткішке бапкерлік штабт та, зілтеміршілер де дән риза. Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақыт Ахметов жолдама мәселесі толық шешілмегенін айтты. Оның сөзінше, іріктеу турнирі әлі жалғасады. Алда Африка чемпионаты мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Ұпайлар сол кезде толығымен есептеледі. Соның қорытындысы бойынша Токиоға баратын зілтеміршілеріміз анықталады.Абылайхан ЖҰМАШ