Ассамблея – тұрақтылық, татулық, келісім кепілі – Фахриддин Қаратаев
Ассамблея – тұрақтылық, татулық, келісім кепілі – Фахриддин Қаратаев
280
оқылды

2007 жылғы Конституциялық реформа Қазақстан халқы Ассамблеясын конституциялық мәртебесі бар институт  ретінде бекітті. Сол сәтте ол үшін кепілдендірілген парламенттік өкілдік қамтамасыз етілген болатын. Қазір Ассамблея Парламентте түрлі этностың мүддесін кепілді түрде қорғау мақсатында Мә­жілістің 9 депутатын сайлай алады. Сондықтан біз бірлік күні мерекесі қарсаңында Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» пар­тиясы фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаевты Қа­зақстан халқы Ассамблеясына қатысты әңгімеге тарттық.

– Фахриддин Әбдінәбиұлы, Тәуел­сіз Қазақстанның елдік пен теңдік мүддесі жолында Ассамблея қандай рөл атқарды деп ойлайсыз? – Алдымен отандастарымды бірлік күні мерекесімен шын ниетпен құттықтаймын. Бұл мерекенің келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетіні анық. Жалпы, елімізде 100-ден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жат­қанын ескерсек, біз үшін өмірде солардың тыныштығынан асқан байлық та, бақыт та жоқ қой. Бабаларымыз айтып кеткендей, «Жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз». Сондықтан еліміздегі ынтымақ-бірлік – басты құндылықтардың бірі. Әрине, бұл ретте жүздеген этностың басын біріктіретін бірегей құрылым ретінде ҚХА тұрақ­тылықты сақтап, еліміздің ілгері дамуы үшін маңызды рөл атқарды. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын өзіне аудартып отыр. Қазақстандық үлгі БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда таныстырылып, оң бағасын алған болатын. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретінде рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажетін айтты. Иә, біздің шын мәнінде аталған 100-ден астам этнос пен 17 конфессия өкілі татулық пен келісімде өмір сүріп жат­қан бірегей ел екеніміз сөзсіз. Жетістіктерін айтсақ, Ассамблея қызметін ғылыми сүйемелдеу үшін Ғылыми-сарапшылық кеңес құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, білім беру ұйымдарының өкілдері, ғалымдар, тәуелсіз мамандар кіреді. Оған қоса этносаралық мәселені жариялаудың ерекшелігі ескеріле отырып, ҚХА жанынан Журналистер мен сарапшылар ұйымы да құрылып, сондай-ақ барлық аймақтарда Достық үйлері жұмыс істеп тұр. Елбасының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан қаласында Бейбітшілік пен келісім сарайы салынғанын да зор ықыласпен айта кеткен жөн. Онда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сес­сиялары, әлемдік дәстүрлі діндер сьездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтетіні белгілі. Жалпы, Ассамблея жұмысының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасты. Бұл құрылымның басты ерекшелігі – этностық топ өкілдерінің мүдделерін жоғары заң шығару органында білдіруі дер едім. Енді Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мәжі­лістің 9 депутаты сол Ассамблея атынан сайланып тұратын болды. – Дегенмен ұзақ жылдар бойы бінеше ұлт пен ұлысты, 40 түрлі дінді уағыздайтын 3 мыңға жуық діни бірлестікті бір шаңырақтың астында тату-тәтті ұстап отыру оңай емес қой. Бұл жөнінде не айтасыз? – Бұл сұраққа бірден Елбасының «Қазір әлемде ахуал тұрақсыз. Дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар, саяси шиеленістер көп. Бұл орайда тату-тәтті, бірлігі жарасқан Қазақстан – көпке үлгі» деген сөзімен жауап беруге болады. Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқын қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлыстардың ешқайсысы да жетіскеннен келмеген. Олар сонда «бір уыс бидайды бөлісіп жеген» қонақжай қазақ халқының кең пейілділігінің арқасында ес жиып, етек жапқан еді. Қазір осы жерде әжептәуір өсіп-өніп отыр. Тіпті, көбі қазақ тілінде анық сөйлейді. Бұл ретте Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы ұстанымын да ескеру керек. Әрине, Ассамблеяның құрылуы ұлтаралық жағдайдың дұрысталyына айтарлықтай үлес қосты. Сол дұрыс шешімдердің арқасында жанжалдар мен қақтығыстарға жол берілмей отыр. Ал кейбір аймақта ептеп ұлтаралық шиеленістің туындағаны рас. Алайда ол оқиғалардың барлығы «жаман ұлт болмайтынын», тек ел ішінде бірді-екілі тентегі жүретінін көрсетті. Ұлтаралық сипатта өрбіген қайшылықты ішкі саяси жағдайға қауіп төндірген бірлі-жарым оқиға десек те, мемлекет тарапынан қажетті іс-шаралар дер кезінде қабылданды. Өйткені біздің ішкі береке-бірлігімізге сырттан сына қаққысы келгендер ол оқиғаларды өз мүдделеріне пайдаланбақ болған еді. Ең бастысы, ондай жағдайда кез келген адамның мінез-құлқы, саяси мәдениет деңгейі, гуманизмділігі басты рөл атқарады ғой. Міне, осылайша Ассамблея біздің мемлекеттік саясаттың тарихында ғана емес, «ұлттық мәселені» шешу бойынша әлемдік тәжірибеге де жаңа жол ашып берді деп білемін. – Ал мемлекет ұлттық саясатты қалай ұстанып отыр? – Бүгінде әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің 80 пайыздан астамы – көпэтносты және көпдінді. Сол себепті өркениетті елдерде ұлттық саясат әлеуметтік саясаттың маңызды сегменті саналады, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауды және нығайтуды мақсат етеді. Мысалы, ХХ ғасырдың басынан бері Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударып келген екен. Қазақ халқы олардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтерді. Қазір де табыстарымызға бірге қуанып, қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Барлық ұлт өкілдері бірлесіп, кәсіпкерлік саласында да жетістікке бірге жетуде. Жалғыз қазақ қана емес, әлемдегі түрлі халық өкілдері өздерімен қатар өмір сүріп жатқан этностардың дәстүріне, мәдениетіне, тіліне толеранттылық көрсетеді. Сол сияқты кеше Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Орталық Азия бойынша баламасы жоқ алғашқы «Этносаясат» магистрлерін даярлайтын 2 жылдық білім беру бағдарламасының ашылу рәсімі өтті. Жаңа бағдарлама Журналистика және саясаттану, Халықаралық қатынастар факультеттерінің ғылыми-білім беру базасында іске асады екен. Одан бұрын Қазақстан халқы Ассамбелясы кафедрасы да алғаш болып осы оқу орнынан ашылған болатын. Қазір қоғамдық-саяси өмірде ау­­қымды өзгерістерді бастағандық­тан, еліміз үшін этносаралық мәселе өте өзекті. Ал Қазақстан халықтары Ассамблеясы 1995 жылы құрылған сәті­нен бастап, саяси тұрақтылық, татулық пен этносаралық келісім институтына айналды. Осындай этносаясаттың мықтылығы нәтижесінде, 1980-1990 жылдары Қазақстаннан қо­ныс аударған орыс, неміс және басқа да ұлт өкілдері қай­тып оралып жатыр. Өйткені қазір халықаралық аренада Қазақстан бейбітшіліктің бесігі, мәдениеттер мен діндер диа­ло­гына арналған алаң ретінде та­нымал. Ал ұлттық ұстанымымыз: «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін!». – Әңгімеңізге рақмет! Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН