Қазақ тілі – ортақ тіл

Қазақ тілі – ортақ тіл

Елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті тұрады. Бірлігі жарасқан қоғамға ел сүй­сінетіні рас. «Ұлты басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір» дейтініміз осыдан болар. Әсіресе, қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілін көрсек, марқайып қаламыз. Әрбірінің тіл үйренуге қатысты оқиғасы бір бөлек әңгіме. Сондай хикаялардың бірсыпырасын ұсынамыз.

  Юлия МИХАЙЛЕНКО, ілеспе аудармашы:

Қазақ отбасының келінімін

– Әкем балабақшада қазақ тобына апарды. Сөйтіп, қазақ тілін балабақшадан бастап үйрендім. Кейін мектеп-гимназияны алтын белгіге бітірдім. Еуразия ұлттық университетіне ілеспе аудармашы мамандығына оқуға түстім. Бакалавриат пен магистратураны аяқтап, тұрмыс құрдым. Қосымша Ж.Аймауытов атындағы театр спектакльдерін қазақ тілінен орыс тіліне аударамын. Халық қазақша сөйлегенімді жақсы қабылдайды. Бұрын қатты таңғалатын, қазір адамдардың бойы үйренген. Бірақ сонда да қазақша  сөйлегенімді естігенде күлімдеп, жылы жүзбен қарайды. Әрине, арасында түсі­ніспеушіліктер де болып тұрады. Тіл білгеннің артығы жоқ. Иә, қатарластарым, араласатын ортам қазақша. Әкем мен анам орыс демесеңіз, өзімді кейде қазақ сезінетінмін. Өмірлік жарым да – қазақ. Кейде қазақ тілін жетік білгенім жолдасыммен қарым-қатынасымыздың ары қарай өрбуіне әсер етті деп ойлаймын. Бастапқыда үйленеміз дегенде екі жақтың ата-аналары қарсы болды. Екі ұлт, екі дін, екі менталитеттің тоғысуы оңай емес. Алайда жақын таныса келе, олар бір-бірін түсіне алатынын ұқты. Осылайша, шаңырақ көтердік. Мектептен, сыныптастарымнан үйренгенім бар қазақ отбасына тез сіңісіп кеттім. Салт-дәстүр жағынан да қиындық тумады. Қазір ұл мен қызды тәрбиелеп отырмыз. Білмей, түсінбей қалған тұсымды енем үйретіп, бейімдеді. Лариса ОГАЙ, мұғалім:

Қазақ тілін үйренуге әкем себеп болды

–3-сыныптан бастап қазақ сыныбына ауыстым. Бұған мұрындық болған – әкем. Атал­ған жылы әкем, анам, үшеуміз қосылып қазақша үйрендік. Әсіресе, әкемнің «Қазақстанда тұрған соң  қазақша сөйлеу – міндет» дегені әлі есімде. Сондықтан қазақ тілін білгенді артықшылық көрмедім. Бұл қазақтардың орыс тілін білгеніндей, қалыпты құбылыс. Осылайша, 1 жыл ішінде қазақша үйреніп алдым. Мектепті ойдағыдай аяқтап, институтта да қазақ бөлімінде оқыдым. Институтты тәмамдарда тәжірибеден өткенде мектепте сабақ бердім. Сонда қазақ тілін білгенім барынша көмектесті. Өйткені жаңа ереже бойынша мұғалім қазақ тілін жетік білуі тиіс. Сол үшін қазақ мектебінде білім алғаныма қуанамын. Әрине, корей ұлты өкілінің қазақша сөйлегенін көргендер риза болып, батасын береді. Толассыз сұрақ қойып, жақын тартады. 4-сыныптан бері түрлі арнаға сұхбат беріп, тіл үйрену хикаямды айтып беремін. Бірде беделді тұлғалар ата-анама алғысхат беріп, бір марқайтып тастаған. Сонда ата-анама қуаныш сыйлағаным үшін өзіме көңілім толғаны бар. Бірақ қазір Қазақстанда тұрмаймын. 2 жыл бұрын ата-анаммен бірге Оңтүстік Кореяға көшіп кеттік. Осы тұста бір қызық оқиғамен бөлісейін. Сыртқы бейнеме қарап көпшілік мені қазақ қызы деп ойлайтын. Өзім де қоғамдық орында орысша сөйлейтінмін. Сондай бір күндері кезек күтіп тұрған әжелер орысша сөйлегенімді көріп, «қазақ қызы емессің бе, неге қазақша сөйлемейсің?» деп дүрсе қоя берді. Олардың айтқанын байыппен тыңдап, кешірім сұрап, өзімнің корей екенімді қазақша түсіндірдім. Кезекте тұрғандар риза кейіппен маған күлімдеп қарағаны жүрегімді жылытты. Барша қазақстандықтарды Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін! Мунира ҚУРБАНОВА, оқытушы:

Қазақ тілінің болашағына алаңдаймын

– Көпұлтты ортада өстім. Ауылымызда қазақ, ұйғыр, орыс және тағы басқа ұлт өкілдері тұрады. Аралас мектепте оқыдым. Анам ұлт сыныбына емес, құжаттарымды қазақ сыныбына тапсырды. Оның үстіне бір көшеде тұратын қыздармен мектепке бірге бару қуаныш сыйлайтын. Бірақ мектепте 6 сағат қазақша сөйлегеніммен, қалған 18 сағатта ұйғырша сөйлесетінмін. Сондықтан мектепте қазақ тілін жетік меңгермедім. Кейіннен университетке оқуға түскен соң, қазақшамның деңгейі көтерілді. Көп кітап оқып, білмегенімді күні-түні жаттадым. Қазақ тобында оқығандықтан, дәрісті олармен теңдей түсініп, қайта айтып беру міндет еді. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң  медицина колледжінде қазақша дәріс оқыдым. Сонда қазақ тілін осындай дәрежеде үйренгенім үшін анама іштей алғыс айтатынмын. Қазақ тілін білгенімнің арқасында үлкен жетістікке жеттім. Қазақшама қарап, таңданып, мақтап жататындар көп. Қазір университетте дәріс беремін. Мұнда қазақ тілінен гөрі орыс және ағылшын тілі үстем. Жалпы, Алматының 60-70%-ы орысша сөйлейтіні жасырын емес. Қазақ тілінің болашағы үшін алаңдаймын. Әрбіріміз көпшілік ортада қазақша сөйлеп, тілімізге құрметпен қарасақ, болашақ жарқын болмақ. Қазақстан көпұлтты болғанымен, мемлекеттік тіл қазақ  тілі екенін естен шығармасақ екен.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ