Дінді жамылған теріс пиғыл
Дінді жамылған теріс пиғыл
454
оқылды

Елімізде соңғы үш жылда экстремистік қылмыс саны азайып келеді. 2018 жылы 296 қылмыстық істің 20%-ы сотқа жолдан­ған болса, 2019 жылы 190 қылмыстық іс тіркелген.  Ал былтыр 64 қылмыстық іс қозғалыпты. Бұл цифрлардан «Діни ала­уыз­дықты қоздыруға бағытталған» деген баппен сотта қаралған істердің үш жылда 5 есе азайғанын байқауға болады. Мұның барлығы тиісті органдар жұмысының діни экс­тремизммен күресте нәтиже беріп жат­қанын көрсетеді.

Қылмыс күнә емес пе?

Биыл бірінші тоқсанда экстремистік сипатта 50-ге жуық іс тіркелген болса, оның ішінде 15-і діни экстремистік деп танылған. Қалған жағдайда кінәлілердің экстремистік аудио-видеофайлдарды білмей таратқандары, нақты экстремистік пиғылы болмағаны анықталыпты. Бірақ ондай жағдайда олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды.
«Интернетте діни алауыздық тудыруды мақсат тұтып, жиһадты насихаттау азайғанмен, деструктивті діни ағым мүшелерінің түрлі қылмысқа баруы тыйылмай тұр. Олар көп ретте алаяқтық, ұрлық, есірткі сату сияқты заңбұзушылыққа барады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында тұратын ұлты орыс бір азамат жарты жылда 25 рет ұрлық жасаған. Бүгінде ол қолға түсіп, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Жалпы, 2021 жылғы бірінші тоқсанда дін жолындағы азаматтардың қылмыс жасаған 100-ден астам дерегі тіркелген. Олардың арасында қару сақтау фактісі де бар. Өз арасында бұл әрекеттерін «мұның барлығын біз кәпірлерге қарсы жасап жатырмыз. Сол себептен де күнә емес» деп түсіндіреді екен», – дейді ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев.
Қызылорда облысы Арал ауданының 31 жастағы тұрғыны сауда үйінің біріне ұрлыққа түсті. Дүкеннің терезесін сындырып кірген ол касса мен терминалдан жалпы сомасы 930 мың теңгені жымқырып кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері саусақ іздерін алып, іздестіру жұмысына кірісті. Көп ұзамай Сексеуіл кентінің тұрғыны қолға түсті. Оның діни деструктивті ұйымның мүшесі екені анықталды. Бұл факт бойынша ҚК-нің 188-бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Үш рет талақ болған Айдана

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында әйелін қорлаған  700-ден аса азамат жауапкершілікке тартылыпты. Оларға қатысты 2 200 қорғау нұс­қамасы шыққан. Бұл былтырғы жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 10%-ға көп.
«Төтенше жағдай жарияланғанға дейін күнделікті 10-12 қоңырау түсетін болса, ал пандемия басталғалы ол сан 20-25-ке көтерілді. Алайда деструктивті діни ағым мүшелерінен теперіш көрген келіншектер көп жағдайда шағымданбайды. Себебі бүгін неке қиып, ертең талақ беру олар үшін қалыпты көрініс. Екінші, үшінші әйел болып жүре береді. Деструктивті бағытта болатын болса, олармен арнайы жұмыс істейтін бізде басқарма бар. Сол басқарманың қызметкерлерінің көмегіне жүгінеміз. Әйелдерге реабилитациялық көмек көрсетеміз. Жұмыс тауып беру, өзінің, балаларының құжаттарын түгендеу, психологиялық-құқықтық тұрғыда жәрдем беру сияқты жұмыс жасаймыз»,– дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция депар­таментінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметова.
Сондай отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандардың бірі – Айдана. Жасы 20-дан енді асқан келіншек үш рет тұрмыста болып үлгеріпті. Бірінші жұбайы неке қиғаннан кейін Шам жеріне кетемін деп шешіпті де әйелін досымен таныстырып, табыстырған. Одан кейінгі үшінші жолдасымен де дәм-тұзы жараспайды. Әйелді «екінші сортты» санайтын ортаның қорлығына төзбеген ол полицияға барып шағымданады.
«Тұрмысқа құрбымның сөзіне еріп, 15 жасымда шықтым. Ал ол 14 жасында шыққан болатын. Енді сол жасаған әрекетіме өкінемін. Бірінші жолдасымның аты – Бақтияр Мусин. Мемлекетті, оның Президентін мойындамайтын. Адамдар намаз оқымаса, оны кәпір деп айтатын. Екінші күйеуім оның жолдасы болды. Олардың екеуі де хариджидтер ағымынан еді. Өздеріне өтірікті халал етіп алған. Яғни, «біз кәпірлерді алдай береміз» деп айтады олар», – дейді ашынған Айдана.
Мамандардың айтуынша, деструктивті құрылымдар барлық конфессияларда бар. Өйткені діни бірегейліктің бір талабы оқшаулануға үндейді. Сондықтан да олар ақпаратты ресми дерек көздерінен алуға кеңес береді. Бұл бағытта Дінді зерттеу орталықтарының интернеттегі ашық ақпарат көздерінен танысуға болады. Осы ретте әкімдіктер жанынан құрылған осындай орталықтардың жұмысына жоғары баға бере кету керек. Дінтанушы, теолог, психолог мамандардан құрылған бұл топ дін проблемасын кең көлемде зерттеуге мұрындық болып отыр. Көптеген видеороликтер мен материалдар дайындап таратуда. Өздерінің экстремистік теріс пиғылын жүзеге асыру жолында ештеңеден тайынбайтын деструктивті топ өкілдерін әшкерелеуде ақпарат майданын ашық жүргізіп келеді. Ендеше дінді қалқа еткендердің ел бірлігіне сына қағуына жол беруге болмайды.

Нұрлан ҚОСАЙ