80 тапсырмаға 10 топ құрылды
80 тапсырмаға 10 топ құрылды
376
оқылды
Қазақстанда биылғы жазда зейнетақы жүйесінің реформасы басталады. Бұл жөнінде Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет оты­рысында жария етілді. Жиында ел Президентінің Үкі­меттің кеңейтілген отырысында берген тапсыр­маларын орындау шаралары байыпталды. Сол отырыста Мемлекет бас­шысы әр саланы қамтыған 80-нен астам тапсырма берген екен. Ұлттық экономика министрі Рус­лан Дәленов оларды іске асы­ру бойынша іс-шаралар кешенін ұсынды. Еліміздің бас экономисінің айтуынша, Президенттік тапсыр­­­маларды орындау үшін 1 эконо­микалық даму жоспарын, 3 бағ­дарламаны (Ақша-несие саяса­тының стратегиясы, Сауда сая­саты бағдарламасы, Су ресурс­тарын басқару бағдарламасы), сондай-ақ 3 заңды («Техникалық реттеу туралы» заң, Бюджет ко­дексіне өзгерістер және Денсау­лық кодексі) қабылдау керек. Мемлекет басшысы қойған міндеттердің орындалуына Үкі­мет басшысының өзі жауапты болады: Асқар Маминнің төра­ғалығымен Үкіметте арнайы жұ­мыс тобы құрылады. Оның аясында тағы 10 шағын топ жұ­мыс істемек. Бұл топтар Пре­зи­денттің барлық тапсырмаларын қамтиды. Шағын топтарды ми­нистрліктердің бірінші басшы­лары басқарады және олар дербес жауапкершілік арқалайды. Біріншіден, салық-бюджет саясаты бойынша міндеттер Ұлт­тық экономика министрлігіне (ҰЭМ) жүктелді. Бұл бағытта мем­лекеттік бюджеттің тұрақ­ты­лығы үшін ашық және прагма­тикалық саясат құру бойынша шаралар әзірленеді. Барлық салықтық преференциялар мен жеңілдіктер талданып, тиімсіз­дері жойылады. Екіншіден, ақша-кредит сая­саты, қаржы секторы бойынша тапсырмалар Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мойнында. Олар инфляция мен экономикалық өсу арасындағы үйлесімге қол жеткізуге бағытталған шаралар түзеді. 2020 жылғы 1 шілдеге де­йін Ақша-кредит саясаты стра­тегиясы және хеджирлеу инфра­құрылымын дамыту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамыту және ұлттық төлем жүйе­сін құру бойынша шаралар қабылданады. Үшіншіден, мемлекеттік бас­қару және квазимемлекеттік сектор шараларына да ҰЭМ жауапты. Ол құзыреттілік пен тиім­ділікті арттыруға және бю­рократияны жоюға қатысты ша­ралар дайындауға тиіс. 1 мамырға дейін нәтижесіз шығыстар қыс­қартылады, қиындықсыз кейінге қалдыруға болатын шығыс­тар­дың тізбесі айқындалады. Төртіншіден, ҰЭМ нарықты монополиясыздандыру, кәсіп­керлікті, әкімшілік және эконо­микалық кедергілерді жою, бәсе­келестікті дамыту және мемлекет меншігін жекешелендіру бо­йынша кешенді шараларға же­текшілік етпек. Жеке қолға бе­рі­летін нысандар тізімі кеңейтіледі. Бесіншіден, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені шикізатын қайта өңдеу және салада мемлекеттік қол­даудың тұрақтылығын қамта­масыз ету үшін барлық жағдай жасауы шарт. Алтыншыдан, Ин­дустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі АЭА және индустриялық аймақтарды, қайта өңдеу өнеркәсібін тиімді дамыту, еңбек өнімділігін артты­ру шараларын қабылдайды. Жетіншіден, Сауда және ин­те­грация министрлігі Сауда сая­саты бойынша бағдарлама әзір­лейді. Сегізіншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі әлеуметтік саладағы заңнамаға инвентаризация жүр­гізеді. Биылғы 1 шілдеге дейін зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша тәсілдер мен шешімдер анықталады. Қалған екі бағытта Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктері тиісінше медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арт­тыру, педагогтер даярлау жүйесін жетілдіру шараларына кіріседі. Үкімет басшысы инвести­цияларды белсенді түрде тарту, шикізаттық емес секторларды, шағын және орта бизнесті да­мыту, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын құру – Үкіметтің әрбір мүшесі мен әкімдердің не­гізгі басымдығы екенін нықтады. – Мемлекет басшысының тап­сырмаларын іске асыру ша­раларының кешені ұсынылды. Жауаптылар мен орындалу мер­зімдері анықталды. Енді үйлесім­ді жұмысты ұйымдастыру қажет. Президенттің алға қойған бар­лық міндеттері нақты орындалуы тиіс. Меморгандардың бірінші басшылары дербес жауап бере­ді, – деді А.Мамин. Ол барлық министрлерге, өңір әкімдеріне және ұлттық компания басшыларына қандай өнімсіз бюджет шығыстарын қысқартатынын анықтап, 1 апта ішінде Қаржы министрлігіне тізім енгізуді тапсырды. «Қаржы министрі 2 аптадан кейін өтетін Үкімет отырысында бюджет шығыстарын қысқарту бойынша баяндасын», – деп түйді Премьер-Министр.   Айхан ШӘРІП