Өндірісі өрлеген, рухы төрлеген Қарағанды
Өндірісі өрлеген, рухы төрлеген Қарағанды
254
оқылды

Тәуелсіз Қазақстан – орда бұзар отызда. Ал Қарағанды қаласы сексеннің жетеуінен асты. Осы жылдарда талай тарих жазылды. Бүгінінің өзі – 1 ғасырға жуық кезең. Тоқырауға тап келген 90-жылдары демін ішіне тартып, қат-қабат қиындықтарға шыдас берді. Инновацияға сүйене дәстүрді жалғады. Халық «Қарағанды – елдің индустриалды жүрегі мен тірегі» деп атады. Мұнда өндірістер ғана емес, әдеби-мәдени құндылықтар тоғысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандыға келген бір сапарында «Өндірісі өрлеген, рухы төрлеген өңір» деген еді. Қарағанды Елбасының сол сөзінің шындық екенін дәлелдеп келеді.

Облыс орталығының көркеюі

Қарағандыда бүгінде облыс тұрғынының 36 пайыздан астамы тұрады. Бұл санға шаққанда, 500 мың­нан асып жығылады. Әлбетте, Қарағандының дәстүрлі кәсібі – өнеркәсіп. Қарағанды Қарағанды болғалы, өндірісті өзегіне балаған. Бұл өзегінен Қарағандыны аумалы-төкпелі кез де ажырата алмады. Сол кездегі елдегі үшінші ірі қаланың арқалаған жүгін уақыттың желі шайқады. Бірақ қанша шайқаса да, аударып тастауға шамасы жетпеді. Оны мойындауға тиіспіз. Рас, кібіртіктеу кездесті. «Қайтпек ке­рек?» деген ауыр күндер де өтті. Дегенмен біржола кідіріс болған жоқ. Оны айтуға тиіспіз. Көмірлі шаһар уақытпен санасу қажеттігін бірден түсінді. Қоғамның алуан формациясы қойған ультиматумдарды батыл қабылдады. Оған жауап та бере бастады. Осы күні қалада 750 кәсіпорын бар. Олардың әрқайсысының қала экономикасында үлесі зор. Статистика 2020 жылы өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 447,4 млрд теңгені құрағанын айтады. Қазір қала бюджетінің кірісі – қомақты. Ірі және орта кәсіпорындары қазынаның қамбасын ортайтып көрген жоқ әзірге. Өндірістің жұрт өзегін талдырмайтынын білген шаһар рухани аштықтың да алдын алуға тырысты. Рухани аштық тоқырауға бастайтынын біледі. Бүгінде Қарағандыда үш театр бар. Орыс драма театры, одан соң Сәкен атындағы музыкалық теат­ры бар. Халықаралық сахнада бәсі жоғары. Шетелге жиі шығатын гастрольдері – соның айғағы. Мәдениеттің мәйегі, бір емес бірнеше өнерді бойына жиған театр – қазақ даласында сол кербез һәм паң қалпында өріс жайып келеді. Руханияттағы, берідегі ең бір айшықты жоба – «Сарыарқа» 100 томдығы шықты. Қарағанды төсінен шыққан таланттарының туындыларын жинап-теріп, тасқа басқан игілікті шаруа болды – бұл.

Ұлылар тұр қасқайып...

Қазақтың ұлы тұлғаларын төрге шығару ісі осы тәуелсіздік жылдарында жүзеге асты. Академик Қаныш Сәтбаевқа, данагөй Бұқар жырау бабамызға, Қаз дауысты Қазыбек биге, ұлы Абайға еңселі ескерткіштердің қойылуы Қарағанды руханиятындағы айтулы оқиға десек болады. Тізімдей берсек, руханиятқа реңк берген игі шара аз емес. Беріде көптеген ұлыстың мәдениеті мен әдебиетіне құрмет пен демеудің көрінісіндей «Достық» үйі бой көтерді. Соның арқасында Қарағандыдағы өзге ұлт пен ұлыс өзінің түп-тұқиянына үңіліп, ұрпағына салт-дәстүрін, мәдениетін дәріптеп келеді. Қазақ киносын көрерменімен қауыштырып отырған «Сарыжайлау» кинотеатры тағы бар. Қазақ фильмдері мен тұрғындар арасында көпірге айналған «Сарыжайлау» сонысымен құнды. Қарағандыда республикалық һәм халықаралық деңгейдегі әдеби, мәдени шаралардың ұйымдастырылуы – кеншілер мекенінің руханият орталығы екенін көрсетсе керек. Айталық, республикалық деңгейдегі дәстүрлі Қасым оқулары, Жұмабек Тәшенов атындағы жазба ақындардың жыл сайынғы байқауы, Ақселеу Сейдімбек атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің дәс­түрлі, әдеби-шығармашылық байқауы – осының бір парасы. «Жыр-жауһар» поэзия клубы сияқты әдебиетке зор үлес қосып жүрген шығарма­шы­лық орта мен ұйымдардан да кем­дік көрмейді. Бүгінде осындай әдеби ор­тадан жарып шыққан Мирас Асан, Жанат Жаңқаш, Жәнібек Әлиман секілді жас ақындар қазақ поэзиясының жаңа қабырғасын қалап жатыр. Мұның сыртында қарағандылық авторлардың шығармаларымен таныстыру үшін «Әдебиет аялдамалары» қаланың әдебиетке көзқарасын көрсетеді. Бұл да жұртты елең еткізгенін атап өткен жөн.

Көшелер қазақша «сайрайды»...

Бұған қоса идеологиялық-моральдық тұрғыда ескірген елді мекен, көше атауының өзгеруі, оған қазақ­тың тарихи тұлғаларының есімдері, атаулары берілгенін ел де көшелілік деп біледі. Мәселен, Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың дерегінше, ономастика бағытында жаңа заңнамалық талаптар қолданысқа енген соңғы 7 жылда облыс көлемінде 21 елді мекеннің, 731 құрамдас бөліктің, 44 мекеменің атаулары өзгертілген. Нәтижесінде, идеологиялық негізде ескірген 65 әкімшілік-аумақтық бірліктер 50-ге дейін кеміген. Құрамдас бөліктерде 858-ден 471-ге азайған. Соның ішінде Қарағанды қаласының бірқатар көшелеріне, сонымен қатар білім беру және мәдениет ұйымдарына Абай, әл-Фараби, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов секілді ұлы тұлғаларымыздың есімдері берілді. Елбасы ұсынған, ұлттық сананы жаңғырту және жаңартудың ұлттық идеясына айналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының септігі – бұл. Расында, бұл жоба қоғамға жаңа мәдени серпін әкелді деген сөздің жаны бар. Бұл бағдарлама көзқарасты түбегейлі өзгертіп, түпсанада төңкеріс жасап жатыр. Дәл осы топырақтан небір дүлдүл спортшы шыққаны әмбеге аян. Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Абы­лай­хан Жүсіпов, Жансай Сма­ғұлов, Эльмира Сыздықова, Бейімбет Қанжанов және тағы басқа жүздеген спорт­шы ұл-қызды атауға болады. Бұл Қарағандыда спорттың дамып отырғанын білдірсе керек. Ал хан сарайына пара-пар спорт сарайлары көрген көзді сүйіндіреді емес пе?

Болашағы жарқын аймақ

Аймағымыздың болашағы жар­қынына шүбә жоқ. Биылдың өзінде Қарағанды облысында 14 жаңа өндірісті іске қосу көзделіп отыр. Инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден асады деген жоспар бар. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек: «Біз алдымызға барынша көп инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру міндетін қойып отырмыз. 2020 жылы 678,3 млрд теңге тартылды, оның ішінде жеке қаражаттың үлесі – 81,6%. 11 жаңа инвестициялық жобаның іске қосылуы 2 500-ден астам жаңа жұмыс орнының құрылуын қамтамасыз етті» деген болатын халықпен есептік кездесуде. 2021 жылы кемінде 715 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда бар. Жақын арада мына жобалар іске қосылады деп жос­парланып отыр. Олар – Жәйремдегі байыту фабрикасы, ферроқорытпа зауыты және Qaz Carbon агломерация­лық фабрикасы. Айта кету керек, 15 жыл тұрып қалғаннан кейін Сарандағы бұ­рынғы РТБ зауыты екінші тыныс ала бастады. Оның алаңында қытайлық Yutong компаниясының қатысуымен автобустар мен арнайы техника шығаратын кәсіпорын іске қосылды және жақын арада шағын торапты құрастыру іске қосылатын болады. Сондай-ақ биыл ресейлік «Татнефть» компаниясының қатысуымен шина шығаратын зауыттың құрылысы басталады.

Жанданған Саран қаласы

Саран қаласындағы QazTehna зауытында құрастырылған Yutong маркалы 24 жаңа автобус Қарағандыдағы маршруттарға шықты. Олар барлық за­манауи талаптарға және Еуро-5 экологиялық класына сәйкес келеді. Арбаға таңылған мүгедектерге арналған пандустармен және алаңшалармен, балалы аналарға арналған орындармен жабдықталған. Әр автобуста кондиционер орнатылған. Әр қоғамдық көліктің сыйымдылығы – 51 адам. «Таксокомбинат-1» ЖШС көлік құралдарын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-нан жеңілдікті лизинг бағдарламасының арқасында сатып ала алды. Бір автобустың құны – 37 млн теңге. Осының арқасында тасымалдаушы компания паркі 25%-ға жаңартылды. Ал автобустардың орташа тозу жасы 8-ден 5 жасқа дейін төмендеді. Бүгінде кәсіпорын алты қалалық және бір қала маңындағы маршрутқа қызмет көрсетеді. Оның арсеналында барлығы 95 автобус бар. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек: – Биыл Саран қаласы бойынша 15 жаңа автобус қатынайтын болады. Қазір Жезқазғанға 30 жаңа автобус жет­кізіледі деп күтіп отырмыз. Олар Са­ранда жасалады. Сонымен қатар ауданаралық және облысішілік рейстерге шығамыз, – дейді. Маусым айында қарағандылық «Рейс» ЖМ тасымалдаушысы үшін 16 жаңа автобус жеткізіледі.

 «Рухани жаңғырудың» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуы

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысында 2021  жылға барлығы 1 500-ден астам түрлі жо­ба жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы жылдың алғашқы үш айындағы бағдарламаны іске асыру қорытындылары талқыланып, болашақта ат­қа­рылатын жұмыстардың басым ба­ғыттары айқындалды. «Биыл бізде 167 ауқымды іс-шара жоспарланған. Биыл­ғы жылдың бірінші тоқсанында барлығы 649 іс-шара өткізілді. Олардың негізгілері – Шет ауданының Мойынты ауылында Таныбай батырға ескерткіш орнату, «Сары­арқаның жаңа есімдері», «Менің атам... менің әжем», ұлттық киімдер челленджі, «әз-Наурыз» ақындар ай­тысы және тағы басқасы бар. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жаңа жобалар іске асты. Олар – «Алаш афоризмдері» айдары, «Азамат» бағдарламасы және «Ұлттық қызмет» жобасы. Бұл бағыттағы жұмыстар жал­­ғасатын болады», – дейді «Рухани жаң­ғыру» жобалық кеңсе­сінің жетекшісі Айтбай Жұмағұлов. Осы жылға жоспарланған ең ірі іс-ша­ралар қатарында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің ашылуы, Қарағанды облысының қасиетті жерлерінің смарт-картасын әзірлеу, «Ұлт­қа қызмет», «Алтын аспап» жоба­лары және «Жез киік» халықаралық музыкалық фестивалі бар. Олардың барлығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтеді. Өндірісімен ғана емес, рухани дамуымен алға басқан Қарағанды облысының болашағы жарқын. Оған аймақта жасалып жатқан ілкімді іс­тердің нәтижесі арқылы көз жеткіземіз. Қарағанды облысы Елбасы айтқандай, «Өндірісі өрлеген, рухы төрлеген өңір» болып қала бермек!  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы