Лондон-Алматы сақтандыру компаниясы еліміздегі жол апаты мен жүргізушілер жайында қызық зерттеу шығарды. Олардың дерегінше, жол-көлік апаты мен жазатайым жағдайға көбіне қазан, ақпан және маусым айында туғандар түседі екен. Бұл нақты бір жылдың тумалары ғана жол апатына түседі деген сөз емес. Жол апатына себепкерлердің басым бөлігі осы үш айда дүниеге келгендер дейді олар.
Мәселен, жалпы жол-көлік апатының 10,9 пайызы қазан айында туғандар түсіп жатады екен. Оның ішінде ірі жол көлік апаты ғана емес, ұсақ-түйек жол ережесін бұзушылық та бар. Сол айда туған жүргізушілердің өздері барынша жол ережесін сақтайтынын айтып, қос сызықты кесіп өтіп, бұрылыс жасауға болмайтынын жеткізді. Олар көбіне айыппұлды көлік қоюға болмайтын жерге тоқтағаны үшін төлеп жататынын мойындады.
Ал жол апатына кінәлілердің 10,2 пайызы ақпан айының тумалары болып шықты. Осы айда туған жүргізушілер көлікті қатты жылдамдықпен жүргізуді ұнатады. Тіпті, мүмкіндік болса, «сағатына 300 шақырыммен басар едім» деп ағынан жарылды. Сондықтан болар, ақпанда туған жүргізушілер көбіне жол ережесін сақтамайды. Соның салдарынан жол-көлік апатына жиі түседі.
Үшінші орында – маусым айында дүниеге келгендер. Жол апатының 8,5 пайызына осылар кінәлі. Бұл жүргізушілер өздерінің ептілігі және бірнеше істі қатарынан алып жүретінімен ерекшеленеді. Өйткені олар көлік айдап отырып, телефонға жауап беріп, арасында боянып та үлгереді. Сондықтан да олар өздерінің шапшаң әрі ептілігіне өте сенімді. Содан болар, ол айда туған жүргізушілер, негізінен, біреуді басып озып, алдына түсіп, құйтырқы әрекеттің салдарынан жол апатына түседі.
Ең қызығы, қыркүйек пен желтоқсанда туған адамдар көлікті асықпай-аптықпай, баппен жүргізеді екен. Сол үшін де «асықпаған арбамен қоянды алар» деген ұстаныммен жүреді. Себебі олар әрқашан жаяу жүргіншілердің жол беріп, өтуін күтетін жандар болып шықты.
Статистика бойынша, 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 1768 жол-көлік оқиғасы орын алған. Одан 2413 адам зардап шекті, ал 244-і қайтыс болды. Жол-көлік оқиғалары құрбандары арасындағы кәмелетке толмағандардың үлесі 12,2 пайыз. Яғни, 324 жасөспірім екен.
Нумеролог Бауыржанның сөзінше, қазан мен ақпан айында туған жандардың тағдыры ауыр болады екен.
– Жол апатына көбіне осы айда туғандар түседі деген қолымда нақты дәйек жоқ. Әр адамның тағдырын жекелеп қарау керек. Жалпылама айтып, адамды қорқыту қажет емес. Алайда, бұл зерттеудегі ұқсастық, қазан мен ақпан айында туғандардың өмір жолы қиындыққа, кедергіге толы болып келеді. Арасында белгілі бір даталардың қашан да жолы ашық болады. Мысалы, қазан айының 12 немесе 21 дегендері зерттеуге кірмеуі мүмкін. Сонымен қатар маусым айында дүниеге келгендердің тағдыры қиын демес едім. Иә, өз қиындығы бар. Бірақ, еңбектеніп талпынса, қалаған дүниесіне қол жеткізе алады. Оларға кез келген нәрсе еңбекпен ғана келеді. Жалпы, бұлардың өмірі таңданысқа толы, жаға ұстатарлық жағдай көп кездеседі. Жақынынан көңілі қалып, адамға деген сенімін жоғалтуы да мүмкін. Соған қарамастан олар саясатта, басшылық қызметте көбірек кездеседі. Сол жағынан жолы болғыш деуге болады, – дейді нумеролог Бауыржан Жанабаев.
Психолог Назгүл Құдайбергеннің сөзінше, белгілі бір айда туған адамдар жол апатына түседі деген сенім жоқ дейді. «Сюцай ғылымы дегеніміз – сандар ғылымы. Ал сандар ешқашан өтірік айтпайды. Мәселен, сюцайда 10, 20, 30 саны ауыр дата болып саналады. Сондықтан сюцай ілімінде сол күндерде келісім шарттарға отырмайды, бизнес ашпайды, несие алмайды, тұрмысқа шықпайды. Бір сөзбен айтсақ, маңызды іс-шаралар сол күні атқарылмайды. Өйткені бұл сандардың артында «0» тұрғандықтан, бастаған ісің жоққа алып келеді деген сенім бар. Оның үстіне, сол датада дүниеге келгендер, негізінен, негативке толы болады. Кез келген нәрседе жаман ойлайды. Сол үшін де ондай адамдар ниетін, ойын дұрыстау керек» дейді ол.