«Мелдеханның баласы рэкеттермен келіп, ауылды мылтықпен қырып кеткен» – тұрғындар араша сұрайды
«Мелдеханның баласы рэкеттермен келіп, ауылды мылтықпен қырып кеткен» – тұрғындар араша сұрайды
158
оқылды

Карьердің кесірінен жерасты суы тартылып қалған. Экология департаменті  «Боралдай өзенінің табанынан тас алуға болмайды» деп айтқанымен, ол сөз жүзінде қалған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Карьер жұмысы 13 жылдан бері тоқтаусыз істеп келе жатыр. Соның салдарынан өзен арнасы өзгеріп, маңындағы Көкбұлақ, Боралдай мен Қызылсеңгір ауылдары жардың шетінде қалған. Қаратаудан бастау алып Ордабасы ауданынан ағып өтетін Боралдай өзенінен тұрғындар су ішіп, егін суаратын. Бірақ сол жалғыз тіршілік көзінен енді мұндағы елге пайда болмай тұр. Себебі 10 жылдан астам өзеннің табаны қазылып, суы тартылып кеткен. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын үш метрден шығатын су енді 7-8 метрге дейін түсіп кеткен.

Ордабасы ауданының тұрғыны Әмір Сәдібекұлы: «Он жылдан асып кетті, 13 жылдай болды, бір карьер деген келгеннен кейін өзеннің ұлтаны төмен түсіп, ең ақыры біздің көрген қорлығымыз, арықтарымызда өзеннен су алу қиындап қалды. Техника жоқ. Тыныш жатқан кезде әншейін қамыспен, шыбықпен байлап ала беретінбіз. Содан ауылға сол су шығу қиын, құдықтан су алу қиын», – дейді.

Тұрғындардың айтуынша, іргедегі зауыт өзіне тиесілі жерден емес, өзеннің өзге тұсынан тас, құм қазып жатыр дейді. Осыны айтып тұрғындар талай шулаған. Бірақ ауыл жұрты мен зауыт өкілдерінің қақтығысы қантөгіспен аяқталыпты.

Ордабасы ауданының тұрғыны Жайық Бимат: «Он жыл бұрын бір айқайлап шыққанымызда Исақов Мелдеханның баласы он шақты рэкеттермен келіп, мылтықпен, қару-жарақпен ауылдың бәрін қырып кеткен. Ұрып-соғып, кәдімгідей. Содан 10 жылдай қорқып жаттық. Ал енді жата берейік десек, ауыл тұрғындарының ашуы келіп жатыр. Қазір арығымызға бір грамм су шықпай қалды. Халықтың жанайқайы, шыдай алмай кеттік. Егер Үкіметтен көмек болмаса, онда жолды жабайық, қырылысайық, соғысайық. Одан басқа амал жоқ», – дейді.

Ашуға мінген ауыл халқы өзеннен тас алып жатқандардың жолын бөгеді.  Бұл жолы жұмысшылар техникасын тастап  қаша жөнелді. Қай-қайсынан сұрасаң да, «тас алуға бүгін бірінші рет келдік» дейді. Ауыр техника қаза берген соң, өзен арнасы бұрылып, жағалауы жарға айналып кеткен. Мұндағы жұрт судың арғы басындағы бейіттерге де жете алмай отыр. Арнаның ауысуынан көктемде өзен жағасы опырылып жатыр екен. Боралдай өзен өз арнасынан жылдам ауып, ауылдағы үйлердің іргесіне жеткен. Аудан шенеуніктер су деңгейінің төмендеуіне тас қазып жатқандар кінәлі емес, ол табиғаттың тосынсыйы дейді. Ал өзен арнасын көктемгі тасқын өзгертіп кетіпті-мыс. Себебі, талап бойынша техникалар өзен бойынан 50 метр жерде жұмыс істеуі керек дейді шенеуніктер. Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл: «Комиссия жұмысшы топ құрылған. Егер ол заңсыз жұмыс істеп жатқан жағдайда ауыл әкімі Ішкі істер бөліміне телефон соғып, шақырып, сол техникаларға тосқауыл қоюға жұмыс жасалады. Биылғы судың қатты тасқыны секундына 60 текше метрге дейін аққан. Содан судың арнасы ауытқыған. Соның есебінен шығар. Қазір бірақ басына барып анықтаймыз», – дейді.

Алайда атқамінерлер өзен бойына емес, бірден аудан орталығына кетті. Ал осыған дейін әкімдерге айтып, Экология департаментіне арыз жазып шаршаған жұрт өзеннен тас алғандарға тосқауыл боларына сенбейді. «Шенеуніктерден қайран жоқ» деген ел енді өзен бойын торып, техника жүргізбейміз деп белсеніп отыр.