Ел қорғаны – Қазақстан армиясы
Ел қорғаны – Қазақстан армиясы
270
оқылды

Ел егемендігінің тірегі – оның армиясы. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған тұста Қарулы Күштерін құрып, әскери доктринасын жариялауы осы егемендігімізді нығайта түскен қадам болды. Бүгінде Қазақстан армиясы халықаралық қауымдастық алдында бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы еліміздің халықаралық міндеттерін орындауға қатысатын бітімгерлік миссияға ие деңгейге жетіп отыр.

Мамырдағы мереке

Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихы 1992 жылғы 7 мамырдан басталады. Содан бергі 30 жылға жуық уақытта Қазақстан әскері заманауи тұрғыда жетілу үстінде жаңа талаптар мен сын-қатерлер үдесінен шығып келеді. Әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына белсене қатысуда. Бұл шаралардың барлығы Әскери доктриналар негізінде жүзеге асуда. 1993 жылы ақпанда еліміздің бірін­ші Әскери доктринасы қабыл­данды. Бұл құжатқа Қарулы Күш­тердің заманауи сипатын айқындау, оның норматив­тік-құқықтық негізін құру және Қазақстан әс­керін құру қағидаттары енгізілді. Одан соң 2000 жылы ақпан айында екінші Әскери доктрина бекітілді. Онда Қарулы Күштерді құру және реформалаудың басым бағыттары нақтыланды. Ал 2007 жылы наурыз­да қабылданған үшінші Әскери доктринада өңірлік қолбасшы­лықтар әскер­­лерінің белгіленген аймақтарда әскери қауіп­сіздік міндеттерін шешу мәсе­лелеріндегі дербестігін қамта-масыз ету жайы айқындалды. 2011 жылғы қазан айындағы төртінші доктринада сыртқы әскери қауіпке лайықты ден қою және Қазақстан­ның халықара­лық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге қатысу аясын кеңей­ту туралы айтылған. 2017 жылы еліміздің бесінші доктринасы қабылданды. Онда әлемдегі соңғы ахуалға сәйкес, мемлекеттің әскери қауіпсіздік пен қорғанысын қам­тамасыз ету сала­сындағы негізгі бағыттары анық­талды. Нақтылай айтқанда, ел әс­ке­рінің бүгінгі деңгейге жетуі Ел­басының қор­ғаныс саласын ны­ғайтуға байла­нысты белгілеп берген басымдық­тары мен міндеттерінің орындалуы арқасында жүзеге асты. Халықаралық Global Firepower рейтингінде Қазақстан әлемнің 140 елінің ішінде әскери қуат деңгейі бойынша 62-орында тұр. Global Fire Power бұл рейтингті 50 кри­терий бойынша жасаған. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника және жабдықтар арсеналы, әскер саны, танктер, кемелер, ұшақ­тар және басқа да әскери техникалар саны, мұнай өнімдеріне қолжетім­ділік және армияның жауынгерлік қабілетіне әсер ететін басқа да фактор бар. Рейтингте елдің ядролық қаруының болу факторы ескерілмеген. Бұл тізімде әскери қуат деңгейі бо­йынша АҚШ бірінші орында тұр. Көшбасшы­лардың бестігіне Ресей, Қытай, Үндістан және Жапония кіреді. 2020 жылы Қазақстан әскери қуаты бойынша рейтингте 63-орынды иеленген еді. Халықаралық Global Firepower рейтингтің дерегіне сәйкес, Қа­зақстанның қорғаныс бюджеті 4 млрд долларға дейін жетеді. Ал Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанның 3 жылдық қорғаныс бюджеті (2020-2022 жылдар) – 961 миллиард теңге (немесе 2,55 миллиард доллар). 2020 жылға 331,9 млрд теңге бө­лінген, оның ішінде 313,6 млрд теңгесі Қарулы Күштерді ұстауға, 18,3 млрд теңгесі – кадр әлеуетін дамытуға және медициналық қам­тамасыз етуге бөлінген.

Құрлық. Әуе. Теңіз –  әскердің үш тірегі

Қазақстан Қарулы Күштері үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлық әскері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Құрлық әскерінің қатарында төрт өңірлік қолбасшылық әскері, Аэроұтқыр әскері, Зымыран әскері мен артиллерия, Арнайы әскер, сондай-ақ тылдық және техникалық қамтамасыз ету құрамалары мен бөлімдері, медициналық мекемелер сынды бес құрам бар. Аэроұтқыр әскері Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналады. Әскери-саяси жағдайлардың күрт өзгеруі кезіндегі дағдарысты жедел шешуде, мем­лекеттің ұлттық мүддесін қорғау мақ­сатында кенеттен туындаған жағдайларды орындауға және операция бағытына әскерлерді топтастыруды нығайтуда осы күштік құрылым жұмылдырылады. Сондай-ақ олар елде және сырт жерлерде бейбітшілік пен тұрақты­лықты қолдау мақсатындағы Қа­зақстанның халықаралық міндет­терін орындауға қатысады. Бейбіт және соғыс жағ­дайында қауіп төн­ген бағыттар мен аудандарға шұғыл жетуге және кенеттен туындаған тапсырмаларды орындауға әрдайым дайын тұрады. Олардың құрамына десантты-шабуылдаушы бөлім­шелер, бөлімдер мен құрамалар, сондай-ақ арнайы бөлімдер, тыл және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері кіреді. Зымыран әскері және артил­лерия ел Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен құрыл­ды. Олар заманауи зеңбіректі, келте зеңбіректі, реактивті, танкіге қарсы артиллериямен, минаатқыштармен, сондай-ақ артиллериялық барлау және басқару құралдарымен жаб­дық­талған. Сондай-ақ бұл әскердің қару-жарақ арсеналында жоғары дәлдікті ракеталық кешендер бар. Арнайы әскер Қазақстан Қарулы Күштерінде инженерлік қамтамасыз етуді, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғауды ұйымдастырады. Оның құрамына инженерлік әскерлер басқармасы, радиациялық, химиялық, биология­лық қорғау әскерлерінің басқарма­сы, радиоэлектрондық күрес бас­қармасы кіреді. Әскери-теңіз күштері 1992 жылы 2 сәуірде алғаш жасақталған болатын. Кейіннен 2003 жылғы 7 мамырда Президенттің «Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күште­рінің құрылымын әрі қарай жетіл­діру шаралары туралы» Жарлығына байланысты Қарулы Күштердің жеке түрі мәртебесін иеленді. Бұл әскер түрінің негізгі мақсаты: Кас­пий теңізінің қазақстандық сек­торында Қазақстанның мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүд­делерін қорғау; агрессордың шап­қыншылығына лайықты той­тарыс беру, қарулы қақтығыс­тарды оқ­шаулау және алдын алуға атсалысу; аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қоса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзету; құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз ету.

Әскер тірегі – білекті де білікті кадр

Енді бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің саны 80 мың адамды құрап отыр. Оған Ұлттық ұлан және өзге де әскери құрылымдарды қоса есептегенде, 120 000 адам шамасын­да болады. 2020 жылғы деректер бойынша, еліміздің жалпы белсенді әскери күшінің саны 135 мың адам­ды құрайды. Халықаралық Global Firepower рейтингінде Қазақстан­ның әскери қызметке жарамды күші 6,5 миллион адам шамасында деп көрсетілген. Жыл сайын әскерге шақыру жасына жеткен азаматтар саны 261 мыңнан асады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл Қарулы Күштерге, басқа да әскери құрылымдарға мерзімді әскери қыз­метке 33 мыңға жуық адам ша­қырыл­мақ. 2020 жылы мерзімді әскери қызметке 34 мыңға жуық адам шақырылған болатын. Қазақстан кәсіби әскери ма­мандарды даярлауға мемлекеттік деңгейде маңыз береді. 30 жыл ішінде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі қалыптасты. 1996-2005 жылдар аралығында әскери білім беру жүйесінің негізі қаланды. Республикада бірнеше әскери оқу орындары ашылды. Бүгінде елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери инс­титуты, Талғат Бигелдинов атын­дағы Әуе қорғаныс күштері инс­титуты, Радио-электроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Әскери-теңіз институ­ты, Шет тілдері әскери институты, Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы, Астана, Алматы, Қараған­ды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектеп­тері әскери сала мамандарын даяр­лауда. Еліміздің азаматтық білім жүйесі секілді әскери білім беру де бес деңгейде жүргізіледі. Олар: орта білім, орта-техникалық және кәсіби білім, бакалавриат, магистратура және докторантура. Сондай-ақ қосымша білім ретінде әскери кафедралар, қайта даярлау және біліктілікті көтеру орталықтары қарастырылған. Орта білімді «Жас ұлан» республикалық мектептері берсе техникалық және кәсіптік білімді Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусында алуға болады. Құрлық әскерлерінің әскери инс­титуты кадр даярлауда еліміздегі кіші офицерлер құрамының 70 пайыздан астамын қамтып отыр. Соңғы 30 жылда бұл институтты 8 мыңнан астам офицер тәмамдаған. Институттың 70-тен астам түлегі генерал атанды. Келесі оқу орны 2001 жылы құрылған Радиоэлектро­ника және байланыс әскери-ин­женерлік институты. Оқу ордасы әуе қорғанысы күштері, байланыс әскері, автоматтандырылған бас­қару жүйесі, ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласы кадрлары сынды 10 бағыт бойынша 1 мыңнан астам офицер дайындады. Сондай-ақ Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының да кадр даярлауда орны ерекше. Мұнда бүгінге дейін 2 мыңнан астам ұш­қыш пен инженер өз істеріне ма­ман­данды. Сонымен қатар Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті де мамандар даярлауда өзіндік зор үлесін қосып отыр. Ведомствоаралық оқу-әдістемелік орталық саналатын бұл универси­тетті жыл сайын 100 офицер тәмам­дайды. Қарулы Күштер саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз етуде әскери-оқыту резервін даярлауға да баса назар аударылып отыр. Бұл ба­ғытта азаматтық жоғары оқу орындары жанынан 29 әскери кафедра құрылған. Жыл сайын бұл әскери кафедралар 3 700-ден астам офицер даярлайды.

Нұрлан ҚОСАЙ