Ел егемендігінің тірегі – оның армиясы. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған тұста Қарулы Күштерін құрып, әскери доктринасын жариялауы осы егемендігімізді нығайта түскен қадам болды. Бүгінде Қазақстан армиясы халықаралық қауымдастық алдында бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы еліміздің халықаралық міндеттерін орындауға қатысатын бітімгерлік миссияға ие деңгейге жетіп отыр.
Мамырдағы мереке
Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихы 1992 жылғы 7 мамырдан басталады. Содан бергі 30 жылға жуық уақытта Қазақстан әскері заманауи тұрғыда жетілу үстінде жаңа талаптар мен сын-қатерлер үдесінен шығып келеді. Әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына белсене қатысуда. Бұл шаралардың барлығы Әскери доктриналар негізінде жүзеге асуда. 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Бұл құжатқа Қарулы Күштердің заманауи сипатын айқындау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және Қазақстан әскерін құру қағидаттары енгізілді. Одан соң 2000 жылы ақпан айында екінші Әскери доктрина бекітілді. Онда Қарулы Күштерді құру және реформалаудың басым бағыттары нақтыланды. Ал 2007 жылы наурызда қабылданған үшінші Әскери доктринада өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген аймақтарда әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі дербестігін қамта-масыз ету жайы айқындалды. 2011 жылғы қазан айындағы төртінші доктринада сыртқы әскери қауіпке лайықты ден қою және Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысу аясын кеңейту туралы айтылған. 2017 жылы еліміздің бесінші доктринасы қабылданды. Онда әлемдегі соңғы ахуалға сәйкес, мемлекеттің әскери қауіпсіздік пен қорғанысын қамтамасыз ету саласындағы негізгі бағыттары анықталды. Нақтылай айтқанда, ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі Елбасының қорғаныс саласын нығайтуға байланысты белгілеп берген басымдықтары мен міндеттерінің орындалуы арқасында жүзеге асты. Халықаралық Global Firepower рейтингінде Қазақстан әлемнің 140 елінің ішінде әскери қуат деңгейі бойынша 62-орында тұр. Global Fire Power бұл рейтингті 50 критерий бойынша жасаған. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника және жабдықтар арсеналы, әскер саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа да әскери техникалар саны, мұнай өнімдеріне қолжетімділік және армияның жауынгерлік қабілетіне әсер ететін басқа да фактор бар. Рейтингте елдің ядролық қаруының болу факторы ескерілмеген. Бұл тізімде әскери қуат деңгейі бойынша АҚШ бірінші орында тұр. Көшбасшылардың бестігіне Ресей, Қытай, Үндістан және Жапония кіреді. 2020 жылы Қазақстан әскери қуаты бойынша рейтингте 63-орынды иеленген еді. Халықаралық Global Firepower рейтингтің дерегіне сәйкес, Қазақстанның қорғаныс бюджеті 4 млрд долларға дейін жетеді. Ал Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанның 3 жылдық қорғаныс бюджеті (2020-2022 жылдар) – 961 миллиард теңге (немесе 2,55 миллиард доллар). 2020 жылға 331,9 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 313,6 млрд теңгесі Қарулы Күштерді ұстауға, 18,3 млрд теңгесі – кадр әлеуетін дамытуға және медициналық қамтамасыз етуге бөлінген.Құрлық. Әуе. Теңіз – әскердің үш тірегі
Қазақстан Қарулы Күштері үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлық әскері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Құрлық әскерінің қатарында төрт өңірлік қолбасшылық әскері, Аэроұтқыр әскері, Зымыран әскері мен артиллерия, Арнайы әскер, сондай-ақ тылдық және техникалық қамтамасыз ету құрамалары мен бөлімдері, медициналық мекемелер сынды бес құрам бар. Аэроұтқыр әскері Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналады. Әскери-саяси жағдайлардың күрт өзгеруі кезіндегі дағдарысты жедел шешуде, мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау мақсатында кенеттен туындаған жағдайларды орындауға және операция бағытына әскерлерді топтастыруды нығайтуда осы күштік құрылым жұмылдырылады. Сондай-ақ олар елде және сырт жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы Қазақстанның халықаралық міндеттерін орындауға қатысады. Бейбіт және соғыс жағдайында қауіп төнген бағыттар мен аудандарға шұғыл жетуге және кенеттен туындаған тапсырмаларды орындауға әрдайым дайын тұрады. Олардың құрамына десантты-шабуылдаушы бөлімшелер, бөлімдер мен құрамалар, сондай-ақ арнайы бөлімдер, тыл және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері кіреді. Зымыран әскері және артиллерия ел Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен құрылды. Олар заманауи зеңбіректі, келте зеңбіректі, реактивті, танкіге қарсы артиллериямен, минаатқыштармен, сондай-ақ артиллериялық барлау және басқару құралдарымен жабдықталған. Сондай-ақ бұл әскердің қару-жарақ арсеналында жоғары дәлдікті ракеталық кешендер бар. Арнайы әскер Қазақстан Қарулы Күштерінде инженерлік қамтамасыз етуді, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғауды ұйымдастырады. Оның құрамына инженерлік әскерлер басқармасы, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау әскерлерінің басқармасы, радиоэлектрондық күрес басқармасы кіреді. Әскери-теңіз күштері 1992 жылы 2 сәуірде алғаш жасақталған болатын. Кейіннен 2003 жылғы 7 мамырда Президенттің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Жарлығына байланысты Қарулы Күштердің жеке түрі мәртебесін иеленді. Бұл әскер түрінің негізгі мақсаты: Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстанның мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау; агрессордың шапқыншылығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға атсалысу; аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қоса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзету; құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз ету.Әскер тірегі – білекті де білікті кадр
Енді бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің саны 80 мың адамды құрап отыр. Оған Ұлттық ұлан және өзге де әскери құрылымдарды қоса есептегенде, 120 000 адам шамасында болады. 2020 жылғы деректер бойынша, еліміздің жалпы белсенді әскери күшінің саны 135 мың адамды құрайды. Халықаралық Global Firepower рейтингінде Қазақстанның әскери қызметке жарамды күші 6,5 миллион адам шамасында деп көрсетілген. Жыл сайын әскерге шақыру жасына жеткен азаматтар саны 261 мыңнан асады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, биыл Қарулы Күштерге, басқа да әскери құрылымдарға мерзімді әскери қызметке 33 мыңға жуық адам шақырылмақ. 2020 жылы мерзімді әскери қызметке 34 мыңға жуық адам шақырылған болатын. Қазақстан кәсіби әскери мамандарды даярлауға мемлекеттік деңгейде маңыз береді. 30 жыл ішінде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі қалыптасты. 1996-2005 жылдар аралығында әскери білім беру жүйесінің негізі қаланды. Республикада бірнеше әскери оқу орындары ашылды. Бүгінде елімізде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институты, Радио-электроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Әскери-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты, Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы, Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептері әскери сала мамандарын даярлауда. Еліміздің азаматтық білім жүйесі секілді әскери білім беру де бес деңгейде жүргізіледі. Олар: орта білім, орта-техникалық және кәсіби білім, бакалавриат, магистратура және докторантура. Сондай-ақ қосымша білім ретінде әскери кафедралар, қайта даярлау және біліктілікті көтеру орталықтары қарастырылған. Орта білімді «Жас ұлан» республикалық мектептері берсе техникалық және кәсіптік білімді Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусында алуға болады. Құрлық әскерлерінің әскери институты кадр даярлауда еліміздегі кіші офицерлер құрамының 70 пайыздан астамын қамтып отыр. Соңғы 30 жылда бұл институтты 8 мыңнан астам офицер тәмамдаған. Институттың 70-тен астам түлегі генерал атанды. Келесі оқу орны 2001 жылы құрылған Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Оқу ордасы әуе қорғанысы күштері, байланыс әскері, автоматтандырылған басқару жүйесі, ақпараттық (кибер) қауіпсіздік саласы кадрлары сынды 10 бағыт бойынша 1 мыңнан астам офицер дайындады. Сондай-ақ Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының да кадр даярлауда орны ерекше. Мұнда бүгінге дейін 2 мыңнан астам ұшқыш пен инженер өз істеріне маманданды. Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті де мамандар даярлауда өзіндік зор үлесін қосып отыр. Ведомствоаралық оқу-әдістемелік орталық саналатын бұл университетті жыл сайын 100 офицер тәмамдайды. Қарулы Күштер саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз етуде әскери-оқыту резервін даярлауға да баса назар аударылып отыр. Бұл бағытта азаматтық жоғары оқу орындары жанынан 29 әскери кафедра құрылған. Жыл сайын бұл әскери кафедралар 3 700-ден астам офицер даярлайды.Нұрлан ҚОСАЙ