Азаттықтың айбынды алдаспаны
Азаттықтың айбынды алдаспаны
444
оқылды

Кеңес Одағы күйрегенде Қазақстанның төл армиясы болмағанын қазір екінің бірі біле бермейді. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған кезде республикада Кеңес әскері, базалары, әскери сипаттағы құпия ғылыми-зерттеу нысандары мен полигондары қалды. Оларды басқаратын кейбір сардарлар мен әскери шенділер қазақ елінің азаттығын мойындағысы келмеді. Жойғыш ұшақтармен Ресейге тайып тұрғаны да болыпты. Осы жағдайда Елбасы мен ел алдында Қазақстанның ұлттық армиясын құру міндеті тұрды.

Әскер әбден дағдарған шақ

Егер әскері ел билеушісін қолдамаса іс насырға шабатыны тарихтан белгілі. Сондықтан Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттілікті нығайту үшін әскердегі генералдар мен офицерлерді Тәуелсіздікке тәу еткізуге күш салды. Қазақстан азат болған тұста ел аумағында алып қос дивизиядан тұратын, қоластында планетаның кез келген жеріне ядролық бомбаны жеткізе алатын аса қаһарлы стратегиялық зымырандары бар кеңестік стратегиялық мақсаттағы әскерлер тобы, стратегиялық бомбалаушы ұшақтар дивизиясы, сондай-ақ бірнеше құрлық әскерлерінің дивизияларынан құралған атақты 40-шы жалпы әскери армия орналасқан болатын. Мұның сыртында танк дивизиялары, авиациялық және әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпус­тары болды. Олардың сардарлары «Кеңес Одағына ант бергені және сол антқа адал болатыны» туралы әңгімені ашық айта бастады. Қазақстан Үкіметі оларды жаңа, тәуелсіз мемлекетке күштеп ант бергізуге бармады. «Ұлттық армиямызды құруда Ел­басының зор еңбегін атап өтуіміз керек. Қарулы Күштерсіз мемлекет те болмайды. Алайда ХХ ғасырдың соңында қазақ азат болған тұста армияны қайта қалыптастыруға тура келді. Кеңес әскерін бейберекеттік жайлады, офицерлер мен жауынгерлердің рухы түсті. Тәуелсіздік қолға тиген тұста шабуылдаушы ұшақтарға мініп, Мәскеу жақты бетке алып, тайып тұрғандар болды. «Отанды кім қорғайды?» деген мәселе туды. Осы кезде Елбасының жетекшілігімен, төл армиямыздың құрылуына Сағадат Нұрмағамбетов, Ким Серікбаев, Мұхтар Алтынбаев секілді ағаларымыз сүбелі үлес қосты. Ұлттық әскери мамандарымыздың жаңа формациясын қалыптастыруға күш-жігер жұмылдырды», – деп еске түсірді Qazaqstan Ardagerleri Қауым­дастығының төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл. Ресми мәліметтер бойынша 1992-1995 жылдар аралығында елі­мізде офицерлер саны 89%-ға кеміп кеткен. Салада кадр тап­шы­лығы туындады. 1993-1997 жылдары Қор­ғаныс министрінің орынбасары болған генерал-майор Айтқали Есенқұлов елімізде әскер де, қару-жарақ та болғанымен, ұлттық Қарулы Күштерді бәрібір тақырдан тұрғызуға тура келгенін айтады. «Әскерилер жалақысыз қалып, өз күнін өзі көрудің, табыс табудың түрлі жолдарын қарастырып жатты. Казармалар жылусыз қалып, жауынгерлер жаурады, сырқат жайлады. Мен министрдің орынбасары қызметіне келген тұста 13,5 мың сарбаз әскерден қашып кеткен екен. Кейбірі қаруын ала қашты. Барлығын дерлік қайтара алдық. 27-сі қайта-қайта қаша берген соң олар дезертир ретінде сотталды», – дейді А.Есенқұлов. Бұл жерде қазақ армиясының тізгіні халыққа да, әскерилерге де бірдей беделді, сыйлы тұлғаға бе­рілгені маңызды болатын. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде атақты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті тағайындады. Жарты ғасырдан астам өмірін әскер ісіне арнаған білікті қолбасшы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тактиканы қолданып, шұғыл түрде Отардағы әскери мамандарды оқыту орталығында офицерлерді тәрбие­лейтін курстар жұмысын жолға қойды. Одақты емес, Қазақстанды қорғауды мұрат тұтатын және сарбаздарды соған үйрететін төл қолбасшыларымыз тәрбиелене бастады. 1994 жылдың маусымында Аягөз по­лигонында Қарулы Күштердің басшылық құрамының және құрамалар мен бөлімдер командирле­рінің қатысуымен алғашқы әскери жаттығулар өткізілді. 1994 жылдың тамызында Тұңғыш Президент Жамбыл облысындағы дивизия­лық-тактикалық жаттығуларға, 1995жылдың қыркүйегінде Әскери әуе күштері бөлімдерінің кешенді ұшу-тактикалық жаттығуларына қатысты.

Уақыт сынынан абыроймен шықты

Кейінгі естеліктерінде Елбасы «Тәуелсіздіктің басында әскери құрылысқа қатысты Қазақстанның тәжірибесі болмағанын» еске алады. Амалсыздан, «ТМД-ның ортақ армиясын құру» бастамасы ілге­рілетілді. – КСРО ыдыраған соң ТМД-ға мүше мемлекеттер «Достастық елдерінің біріккен қарулы күштері» туралы келісімге қол қойды. Дегенмен іс жүзінде барлық жас тәуелсіз мемлекет өз әскерін құруға бет алды. 1992 жылғы қаңтардың басында менің тапсырмаммен мемлекеттік Әскери доктрина жасау қолға алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы бұрынғы КСРО әскери бөлімдерін, қару-жарақ пен әскери дү­ние-мүлікті түгендеу жөнінде ше­шім қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Нәтижесінде, 1992 жылғы 7 мамырда «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Президент Жарлығы шықты. Осылайша, азат Қазақстан армиясын жасақтау дәуірі басталды. Тағы бір жайт: Қазақстанның тәуелсіз мәртебесі Президент резиденциясында шетелдік жоғарғы мәртебелі меймандардың қатысуымен хаттамалық шаралар жүргізуді талап ететін. Мұндай шаралар барлық елде құрмет қарауылы арқылы жасалатыны мәлім. Сондықтан Тұңғыш Президенттің 1992 жылдың 16 наурызындағы Жарлығымен Республикалық ұлан (қазіргі Ұлттық ұлан) ұйымдастырылды. Оған үкіметтік күзет батальоны, құрмет қарауылы ротасы мен үлгілі оркестр ротасы енді. Еліміздің төл Қарулы Күштері елімізде орын теуіп қалған кеңестік 40-шы жеке Қызыл тулы жалпы әскери армияның базасында, сондай-ақ Қазақстан аумағында дислокацияланған әскери әуе күштері мен әуе қорғаныс әскері базасында құрылды. Ізінше, 1992 жылдың 18 тамызында бұрынғы КСРО-ның Шығыс шекара округі негізінде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара әскері (қазіргі ҰҚК Шекара қызметі) жасақталды. – Замана қиындықтарына қарамастан, қысқа мерзімде әскерді тікелей басқару жүйесін құрып, оны қаржыландыру, материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді бір ізге түсіру қолымыздан келді. 1992 жылғы 8 желтоқсанда басшылық құрамның командирлік жиынында мен Қарулы Күштерді ұйымдастырудың басты принциптерін мәлімдедім: соған сәйкес қауіпсіздік мәселесі ішкі және сыртқы саясатты қалыптастырудың жалпы құрылымында ерекше мәнге ие болуға тиіс еді. Тиісінше, бізге саны онша көп емес, жинақы, бірақ заманауи ең озық қарулармен қаруланған, тәуелсіздігімізді қорғау мүд­десіне сәйкес кез келген жағдайда әрекет етуге әзір әскер керек болды, – дейді Елбасы.

Ұлы дала қорғаны

1993 жылдың 11 ақпанында ел Парламенті – Жоғарғы кеңес алғашқы Әскери доктринаны мақұлдады және ол Мемлекет басшысы бекіткеннен кейін күшіне енді. Қазақ елі осы арқылы өзінің бейбіт саясатын жаһанға жария етті. Себебі біздің Әскери доктрина шабуыл жасауға емес, қорғануға негізделген. Одан арғы әскери құрылыстар сол доктринаға сәйкес жүзеге асырылды. Бұл саланың дамуының келесі кезеңі 1993 жылға тұспа-тұс келеді: 9 сәуірде «Қазақстанның Қорғанысы және Қарулы күштері туралы» заңы қабылданды. Құжат қорғанысты ұйымдастыру қағидаттарын, мемлекеттік билік пен басқарудың өкілеттігін нақтылады. Онда мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіндегі Қарулы Күш­тердің рөлі, орны мен міндеттері белгіленді. Осы кезде офицерлік кадрлар даярлау үшін арнайы курстар мен экстернаттар ашылды. Әскери кадрлар даярлауда Алматы жоғары әскери училищесі мен 1994 жылы Азаматтық авиацияның Ақтөбе жоғары ұш­қыштар училищесінің әскери кафедрасы базасында құрылған әскери әуе күштері факультеті маңызды рөл атқарды. – Мен Қарулы Күштердің Жо­ғарғы Бас қолбасшысы ретінде әскери кадрлар даярлаған кезде жауынгерлік әрекеттерге, стратегиялар мен заманауи шайқас тактикасының тәжірибесіне ерекше көңіл бөлу керек деп есептедім. Қаржының шектеулі екеніне қарамастан, осы мақсатта жүйелі түрде әскери жаттығулар өткізілді. 1993 жылы корпустар мен дивизия штабтарының қатысуымен ірі командалық-штабтық жаттығулар жүргізілді, – дейді Елбасы. 90-жылдардағы дағдарыстың қиыншылықтарына мойымай, мемлекетіміз аз уақыт ішінде ұлттық армияны басқарудың толыққанды жүйесін құрды. Әскерді қаржыландыру, оны техника және құрал-жабдықпен, медициналық қызметпен қамту басталды. «Тұңғыш Президентіміздің білікті көшбасшылығы арқасында Қазақстан сол кезде ел аумағында болған барлық әскер түрін сақтап қалды. Әскери кадрлардың басқа елдерге кетуі тоқтатылды. Сонымен бірге шет мемлекеттер аумағында қызмет атқарып жүрген, жатжұрттық әскерлерге және олардың тактикасы мен стратегиясына қатысты мол білім-тәжірибесі бар отандас офицерлерімізді елге қайтарды. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы заманауи әскердің оңтайлы құрылымын жасаумен қатар, қорғаныс пен қауіпсіздіктің бүкіл саласын қамтамасыз ету жайын назарда ұстады. Мысалы, Тұңғыш Президент теңіз шеп­терін шегендеулі ұстаудың стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін ескеріп, 1993 жылғы 2 сәуірдегі Жар­лығымен Әскери-теңіз күштерін құрды», – деді Б.Смағұл. Олар бүгінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында елдің аумақтық тұтастығы мен экономикалық мүдделерін қорғауда. 2002 жылы Қазақстан армияға ІЖӨ-нің кем дегенде 1%-ы көлемінде бюджеттік қаржыландыру қағидатын бекітті. Бұл Қарулы Күштерімізге материалдық-техникалық мәселелерін шешуге, жауынгерлік дайындық пен жаттығулардың қарқынын арттыруға, офицерлердің жалақысын көтеруге, баспанамен қамту түйткілдерін тарқатуға мүмкіндік берді. 2000 жылдардың басынан бері Қорғаныс министрлігі кеңестік-­ресейлік қару-жарақпен шектелмей, әлем елдерінің ең озық жаңа қаруын, әскери техникасын сатып алып жатыр. Бұған қоса, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені қалпына келтірілді. Қазақстандық кәсіпорындар шетелдік әскери техникаға күрделі жөндеу жүргізу ісін меңгерді, заманауи отандық техника, байланыс құ­ралдары, оптикалық аспаптар және әскери киім мен экипировка түрлерінің өндірісі жолға қойылды. Осылайша әскеріміз өтпелі кезең сындарынан абыроймен шықты деу­ге толық негіз бар. Бүгінде қазақтың ұлттық армиясы тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің, қауіпсіздік пен тұ­рақтылықтың сенімді қалқаны, ай­бынды алдаспаны саналады.

АйханАйхан ШӘРІП