Бүгінде оңтүстік өңірлер – Алматы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында көктемгі егістік жұмыстары қызып тұр. Аталған аймақтарда ендігі ондаған мың гектар жерге дәнді дақылдар мен көкөніс және бақша өнімдерінің тұқымдары сіңірілді. Ал еліміздің негізгі астықты аймақтары – солтүстік өңірлерде жаппай егістік науқаны мамыр айының ортасынан аса бір-ақ басталады.
Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде ауыл шаруашылығы секторына айтарлықтай басымдық берілген: мемлекеттік бюджеттен көп көлемде субсидия мен дотация қарастырылған, салық жүктемесі жеңілдетілген, Үкімет бұл салаға шетелдік инвесторларды тартуға күш салып жатыр. Кейінгі үш жылда агроөнеркәсіп кешеніне (АӨК) түрлі бағдарламалар бойынша бөлінген қаржы көлемі 1,6 есеге ұлғайып, ол 2020 жылы 445,7 млрд теңгеге жетті. 2021 жылы осы мақсаттарға кемінде 416 млрд теңге бөлу жоспарланған.Диқанның техникасы сайлы ма?
Дегенмен бұл салада шешімін күткен күрделі проблемалар әлі шаш етектен. Айталық, ауылшаруашылық техникасының жетіспейтіні өз алдына, фермерлік құрылымдардың қолындағы 143 мың трактор мен 37 мың комбайнның 80%-ы ескірген. Олардың орта жасы – 13-18 жыл. Оның бірталайы тек жамап-жасқаудың арқасында ғана ілдебайлап әзер жүр, егер жағдай көтерсе, ескі техниканы баяғыда-ақ күресінге тастай салуға болатындай еді. Қазақстанның аграршылары ескі техникаларын ауыстырғысы келеді-ақ, бірақ оған қолдары қысқа. Бүгінде импорттық техниканы айтпағанда, Қазақстанның өзінде төрт зауытта трактор, үш зауытта комбайн құрастырылады. 2019 жылы фермерлер 3,4 мың трактор мен 1,2 мың комбайн, 2020 жылы 4,8 мың трактор мен 1,2 мың комбайн сатып алған. Ауыл шаруашылығы министрлігі Нарықты дамыту департаменті директорының орынбасары Шәймерден Ахметовтің айтуынша, машина-трактор паркін жаңарту үшін лизингтік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ оның қарқыны әзірше қанағаттанарлық емес. Talap қолданбалы зерттеу орталығының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда көрші елдермен салыстырғанда машина паркін жаңалау 4-9 есе баяу жүріп жатыр. «Біз машина-трактор паркін жаңартпай ауыл шаруашылығы саласын дамыту мүмкін емес екенін түснеміз. Бірақ бүл үдеріс баяу. Жыл сайын тек 4-5% ғана техника жаңартылады, ол ең құрығанда 7-8% -дан төмен болмауы тиіс еді», – деді Шәймерден Ахметов.Көрпеңе қарай көсілген жақсы
Әлбетте, комбайн таңдағанда қазақ диқандарының көзі ең бірінші John Deer-ге түседі, бірақ «көрпеңе қарап көсіл демекші», әркім қалтасына қарайды ғой. Қымбат импорттық техниканы (CLAAS, John Deer) сатып алуға шаруа қожалықтарының небәрі 15%-ның шамасы жетеді. Бұл машиналардың құны – 120-150 млн теңге аралығында. Сондықтан неғұрлым бюджеттік нұсқаларын таңдайды. Мәселен, Massey Ferguson. Оның құны 21 млн теңге болғанымен, мемлекет субсидиясының арқасында диқан өз қалтасынан 16 млн теңгесін ғана төлейді. Шаруалардың 85%-ы батыстық дүниеге қарағанда арзанырақ қазақстандық немесе ресейлік техниканы пайдаланады («Есіл», «Вектор»). Олардың құны 35-50 млн теңгенің үстінде. Сондай-ақ егістік даласын аңыздықтатып жүрген «Кировец» пен Buhler-ді де көруге болады. Бүгінде аграршылардың қолындағы тракторлардың – 95%-ы, комбайндардың 70%-ы – өз өнімдеріміз. Бір жылда отандық трактор сатылымы екі есе, комбайн сатылымы 1,7 есе артқан.Субсидия отандық өнімге берілуі тиіс
Мемлекет аграрлардың сатып алған әр техникасы үшін 25% субсидия төлейді. Дегенмен Үкімет субсидияны өндіруші елге және техниканың құнына қарамай, бәріне бірдей бөлінеді. Ал импорттық дүниенің құны әлденеше есе қымбат тұратындықтан, оларға жұмсалатын қаржы да қомақты. Сол себепті импорттық техника сатып алуға жыл сайын 180 млн доллар шығын кетеді екен. Дегенмен 2014 жылдан бастап Қазақстанға сырттан тасымалданатын ауыл шаруашылығы машиналарының көлемі де азая түсті. Тек өткен жылдың өзінде ол 23%-ға құлады. Бұл теңгенің құнсыздануымен, отандық техникаға сұраныстың артуымен байланысты. Сондай-ақ 2018 жылдан бастап ескі-құсқы машиналарды утилизациялық жинау шарасының енгізілуі де қазақстандық паркті жаңартып, отандық техникаға деген сұраныстың артуына ықпал етті. Тозығы жеткен ауылшаруашылық машиналарын утилизацияға өткізген адамға сертификат (1,5 млн теңге) беріледі, ол жаңа техниканы сатып алуға арналған алғашқы жарна болып саналады. Бұл шара 2016 жылы Ресейде енгізілген еді, соның арқасында олардың өндіріс деңгейі бірден 32%-ға артып кеткен.Аграршылар лизингке арқа сүйейді
Ескірген машина-трактор паркін жаңғыртудың бір ұтымды жолы – лизинг. Қазақстандық фермерлер жыл басынан бері лизинг арқылы 2 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен келісімшартқа қол қойды. Дегенмен бұл өте аз, ол сұраныстың небәрі 5% -ын қамтиды. «Атамекен» ҰКП есебінше АӨК лизингтік мұқтаждығы жылына 750 млрд теңге шамасында. Тіпті, «ҚазАгроҚаржы» лизингпен техника сатып алуға басқа жылдармен салыстырғанда ең көп ақша бөлді деген 2020 жылдың өзінде оның көлемі 110 млрд теңгеден аспаған, бұл қажет соманың 15 пайызына жетпейді. Бастапқы жылдары лизингтік техниканың басым бөлігі Ресейден алынса, кейін Еуропа Одағынан, АҚШ және Канада мемлекеттерінен тасымалданатын техника оларды алмастырып жатыр. Бүгінде республиканың жалпы машина паркінің 30%-ы батыстық бренд үлесінде. Олардың бірқатары өз өкілдіктері мен сервистік орталықтарын ашып алған. – Егер сервистік қызметі болмаса, ондай фирмадан техника сатып алынбайды. Бұл шартпен жабдықтаушылар да, дилерлер де келіскен. Қазіргі күні Қазақстанда түрлі компаниялардың 49 сервистік орталықтары жұмыс істейді. Ал «Агромашхолдингтің» тораптық желілері республиканың бүкіл аумағын қамтиды. Сондай-ақ «Ростсельмаш», Claas, John Deere және т.б. өз орталықтары бар, – дейді АШМ АӨК Техникалық саясат департаментінің басқарма бастығы Дуғали Әбенов.Ішкі нарықты қорғау
Отандық ауыл шаруашылығы машиналарын өндірушілер мен дилерлер көп жылдар бойы ішкі нарықты көрші мемлекеттердің (Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасы) «шапқыншылығынан» қорғауға дәрменсіз болды. Өйткені 2019 жылға дейін сырттан тасымалданатын егістік техникаларына утилизациялық салық салынбады. Соның салдарынан Қазақстанда ресейлік дилерлердің тракторлары мен комбайндарының құны қазақстандық дилерлерге қарағанда анағұрлым арзанға түсті. Ал көрші мемлекеттердің өздерінде утилизациялық алым алынатындықтан қазақстандық техниканың олардың нарығына шығару тағы да мүмкін болмады. Сондай-ақ Минск трактор зауытының да Қазақстанда бірнеше өткізу пункттері қалыптасқан әрі оның өнімдерін Беларусь мемлекеті субсидиялап отырды. Нәтижесінде Беларусь Республикасында жасалған МТЗ Қазақстанда жасалатын МТЗ-ге қарағанда анағұрлым арзанға сатылды. Бұл келеңсіздіктер отандық кәсіпорындардың өндіріс қуатына да орасан зор зиян келтірді. Мысалы, «СемАЗ»АҚ-ның өндірістік қуаты жылына 3 мың трактор болғанымен, ол кейінгі он жылда тек 1,5 мың дана шығарып келген. Ал кейінгі 5 жылда тіпті зауыт қақпасынан жылына 500-ден артық трактор шықпайды. Оның есесіне беларусьтер біздің нарықта жылына өздерінің 1 мың тракторын сатып жүр. «Гомсельмаш», «Ростсельмаш» және т.б. кәсіпорындарға қатысты да осыны айтуға болады. Сөйтіп, қаржының бәрі көрші мемлекеттерге кетіп жатты. Енді утилизациялық алымның арқасында жергілікті зауыттар өз нарығын «басқыншы өнімдерден» қорғай алатын болды. Бұл отандық өндірістің маржасын көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар импорттық техника 5%-дық баж салығының, 12% ҚҚС және 20% утилизациялық алымның әсерінен 37%-ға қымбаттап, бұл аталған салықтар түрлері алынбайтын отандық өнеркәсіпке үлкен басымдық береді.Дәулет АСАУ